Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Дәмі тәтті, сапасы күмәнді

Дәмі тәтті, сапасы күмәнді

Жаздың аптап ыстығы басталғанда базар сөрелерінде тау болып үйілген қауын-қарбыздың тартымды бейнесі көздің жауын алады. Сатушылардың дауысы жаңғырып, өнімдерін жарыса мақтаған базар іші сырт көзге берекелі көрінгенімен, оның астында үлкен сұрақ белгісі мен көрер көзге көрінбейтін қауіп жатыр.
Біздің бала күнімізде шілденің аяғы мен тамызда ғана пісетін бақша өнімдері бүгінде маусым айы туа салысымен қалайша толық пісіп-жетіліп үлгереді? Бұл журналистік зерттеуде біз ерте пісетін өнімдердің астыртын сырларын, базардағы баға мен бақылаудың шынайы жағдайын анықтауға тырыстық. Сауда алаңына жасаған шолуымыз көрсеткендей, бүгінгі таңда базар нарқында баға айтарлықтай тұрақты. Қарбыздың келісі 120-150 теңге аралығында. Ал қауынның бір данасы 1000-1500 теңге шамасында.
Баға қарапайым халықтың қалтасына қонымды болғандықтан, көптеген тұтынушы өнім құрамындағы химиялық заттар туралы бас қатыра бермейді. «Сұраныс бар жерде ұсыныс та бар» деген нарық заңын арқау еткен саудагерлер үшін бұл – нағыз табыс көзі. Алайда, бұл тәттіліктің артында агрохимиялық айла-тәсілдер жатқан жоқ па?
Тілші ретінде өнімнің қалай өсірілетінін зерттедік. Маусым мен шілде айының басында сатылатын өнімдер негізінен үш түрлі жолмен келеді. Әуелі Оңтүстіктің қос қабықты үлдір астында (пленкада) өсірілетін өнімдер. Бұл әдіс жердің жылуын сақтап, өнімді табиғи мерзімінен 3-4 апта ерте алуға мүмкіндік береді. Келесі шетелдік импорт көршілес Өзбекстан, Тәжікстан мен Иранның жылы аймақтарынан әкелінетін ерте піскен сорттар. Ал соңғысы химиялық стимуляторлар. Өкінішке қарай, өнімнің массасын тез арттырып, ішін жасанды түрде қызарту үшін азотты тыңайтқыштар (нитраттар) мен өсу гормондары жиі қолданылады.

САТУШЫНЫҢ ШЫНАЙЫ КЕҢЕСІ
Көп жылдан бері осы салада жұмыс істейтін тәжірибелі сатушы Аңсар Сәрсеновпен әңгімелескен едік. Ол бізге қарбызды тіліктеп бере отырып, табиғи піскен өнімді таңдаудың бірнеше басты белгісін көрсетті:
– Көп адамдар қарбызды соғып көреді. Егер ұрған кезде дыбысы тым саңырау, сылқылдап тұрса, ол тым пісіп кеткен, іші босаған өнім. Сапалы қарбыздан сыңғырлаған анық дыбыс шығады. Ең бастысы, пәлегіне қараңыз. Егер пәлегі жап-жасыл әрі балғын болса, бұл оның жаңа ғана үзілгендігін көрсетеді. Ал қурап кеткендері көп тұрып қалған өнімдер немесе ерте үзіліп, жолда піскендер. Сондай-ақ бүйіріндегі сары дақ – оның күн көзінде жатып, өздігінен табиғи піскендігінің дәлелі.

ХАЛЫҚ ДЕНСАУЛЫҒЫ КІМНІҢ МОЙНЫНДА?
Аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына хабарласқанымызда, осы уақытқа дейін базардағы бақша өнімдеріне қатысты ешқандай мониторинг және зертханалық тексеру жұмыстары жүргізілмегендігі белгілі болды. Бұл дегеніміз – базар сөрелеріндегі өнімдердің құрамында қанша мөлшерде улы нитраттар мен пестицидтердің бар екені ешкімге беймәлім. Базардың жеке зертханасы бар дегенмен, жабайы базардағы, үлкен жол бойы мен вокзалдағы бұл өнімдерді кім бақылап, қауіпсіздігіне жауап береді?

ТҰТЫНУШЫ НЕ ІСТЕУІ КЕРЕК?
Мемлекеттік бақылау өз деңгейінде болмағандықтан, «сақтансаң – сақтайды» деген қағиданы ұстанып, әрбір азамат өз денсаулығына өзі қамқорлық жасауы тиіс. Ендеше, келесі ұсынатын қарапайым сақтық шараларын есте ұстаңыз. Қауын мен қарбызды кеспес бұрын оны ағын судың астында арнайы щеткамен мұқият жуу керек. Себебі қабығындағы шаң мен бактериялар пышақпен кескен кезде ішіне оңай енеді. Сатушылардың қарбызды ортасынан жарып көрсетуіне немесе жартылай тілінген өнімдерді сатуына жол бермеңіз. Ыстық күнде кесілген жерде бактериялар секундына мыңдаған есе жылдамдықпен көбейеді. Үйге әкеліп кескен соң, қарбыздың талшықтарына қараңыз. Егер талшықтары ақ емес, сары немесе қызғылт түсті болса, сондай-ақ кесілген беті тым тегіс және жылтыр (айнадай) болса, бұл өнімде нитраттардың көп екенін білдіреді. Мұндай өнімді жеуден бас тартқан жөн.

ТҮЙІН
Қарбыз қазақ үшін – жай ғана жеміс емес. Ол бала кезде жайлауда тілімдеп жеген жаздың естелігі, ата-анамен бірге базарға барып таңдап алған тәтті дәм, суық сумен жуылып, үлкен дастарқанға қойылатын молшылықтың нышаны. Қазір сол дәм де, сол сезім де өзгеріп бара жатқандай.
Бір қарбызды сатып алудың өзі қазір жоспарлы, үнемделетін әрекетке айналды. Бұл қоғамдағы тұтыну мәдениетінің өзгеруін, үнемшілдіктің өмір салтына айналғанын көрсетеді. Қарбызды енді еркін емес, есеппен жейтін болдық. Қанағат етуге үйрендік пе, әлде амалсыздан солай ма, бұл өз алдына бөлек сұрақ...

Сұлушаш МАДИЯРОВА
20 шілде 2026 ж. 54 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№53 (9420).

18 шілде 2026 ж.

№52 (9419)

14 шілде 2026 ж.

№51 (9418)

09 шілде 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031