Құрылтай
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Биылғы оқу жылында қай сыныптардың оқулықтары жаңарады?

Биылғы оқу жылында қай сыныптардың оқулықтары жаңарады?

Биылғы оқу жылында қай сыныптардың оқулықтары жаңарады?Оқу-ағарту министрлігі 2026-2027 оқу жылына арналған оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің тізбесін бекіту және білім беру ұйымдарын оқулықтармен қамтамасыз ету жұмыстарын жалғастырып жатыр. Министрлік алдағы оқу жылында жаңаратын оқулықтар тізімін жариялады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Бұған дейін Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қосымша тексеру барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам ескерту мен қателік анықталғанын мәлімдеген болатын. Осыған байланысты оқулықтарды бекітуге дейін оларды қосымша жетілдіру туралы шешім қабылданды.
Қазіргі уақытта министрлік баспалар мен сарапшылар анықталған кемшіліктерді жою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ведомство мәліметінше, 30 тамызға дейін 3-сыныпқа арналған «Қазақ тілі», «Орыс тілі», «Математика», «Дүниетану», «Әдебиеттік оқу», «Музыка», сондай-ақ 7-сыныпқа арналған «Дүниежүзі тарихы» пәндерінің оқулықтары сатып алынады.
«Оқулықтарды таңдау Etandau.gov.kz электрондық платформасы арқылы жүзеге асырылды. Оның нәтижесі бойынша жергілікті атқарушы органдар өтінімдерді қалыптастырып, баспаларға жолдады. Сонымен қатар өңірлерде оқушылар санының өсуі мен кітапхана қорын жаңарту қажеттілігі ескеріліп, қалған сыныптарға арналған оқулықтарды қосымша сатып алу жүргізіліп жатыр», делінген хабарламада.
Еске сала кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова елімізде мектеп оқулықтарын жаңарту жұмысы жүйелі түрде жалғасатынын айтқан болатын. Үкімет отырысында министр 2026 жылы 3, 4, 7, 8 және 9 сыныптарға арналған оқулықтар жаңартылатынын мәлімдеді. Сондай-ақ ол 2027 жылы 1 және 5 сыныптарға арналған жаңа оқулықтар жарық көретіндігін айтты. Сонымен қатар осы жылы 10-11 сыныптардың оқулықтары, карталар мен тарихи әкімшілік материалдар толық жаңартылып, қайта қаралмақ.




16 шілде 2026 ж. 26 0