Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек

Бұл ән бұрынғы әннен өзгерек


Ия, ұлы ойшыл Шәкәрім бір көңіл-күйін осылай жеткізген екен. 1-маусым – халықаралық балаларды қорғау күні жылда тойланып жатады. Ал кешегі өткен мереке басқа мерекелерден өзгеше, ерекше болғаны – аудан балалары мен жас бүлдіршіндер, бөбектер, балапандар, ата-аналар, еңбек ардагерлері мен тұрғындарының, аудан басшыларының да көңіл-күйлерінен аңғарылды.
Бұл күн білім бөлімінің, оның ұйымдастырушыларының айрықша сәтті күні болды десек те болар. М.Шоқай алаңы ығы-жығы, нөпір халықтан көрінбей қалды. Бақытты балалар алаңнан тыс кент көшелеріне сыймай кетті. «Қуанса, балам қуансын» деп балаларының қуанышын бөліскен ата-аналар да айқай-шуға қарамастан, есілдерттері алаң төріндегі киелі сахнада болғаны рас. Бүкіл әлем халқы назар салып отырған халықаралық мерекеде сөйлеген аудан әкімі Ә.Оразбекұлының қанатты сөздері бүлдіршіндердің құқығын, өмірі мен денсаулығын қауіпсіздігін қорғауға, олардың болашақ өз елінің пат­риот ұл-қыздары болып қалыптасуына арналды. Аудан тұрғындарын, білім саласының ардагерлері мен ұлағатты ұстаздарды құттықтау арқылы елдің бірлігі мен ынтымағын, тыныштығын, Елбасының амандығын тіледі. Тілек гүл жайнаған бүлдіршіндер салған әнге ұласты. Жер шарындағы ең құнды байлық баланың жарқын, әдемі күлкісі.
Балалар – біздің болашағымыз, ел тірегі. Сахнадағы балалар әні халықты баурап, төменде оқушылар шеруі басталып кетті. Біз керемет ойластырылған, ұтымды көріністер берген шеруден жалпыұлттық, достық идея­ны, рухани жаңғырудың адамгершілік, эстетикалық, этикалық, патриоттық тәрбиенің нышандарын аңғардық. Ұлттық киімдердің әртүрлі сәндік үлгісін, қазақтың ою-өрнектері жараса қалған түрлі-түсті көйлектер, бишілер тобын бір-бірінен ажыратып тұрған ұлттық киімдер, әр саланы өзіне тән аша білген оқушылардың жүріс-тұрысы, күлкісі, іс-қимылы балалар әлеміне саяхат жасағандай көрінді. Жаз айының алғашқы күні төбеден нұрын төгіп, шыжығанына қарамастан сіркелері су көтермей тұрған көрермендердің өзі сілтідей тынып, қозғалыссыз қалды. Балалар мен жастардың музыкалық ансамблдер шеруін «Жас ұлан» ұйымы бастады. Көк формадағы көгілдір галстук байлаған өрендер жұртты ә дегеннен елең еткізді. Аудан көлеміндегі 41 мектепте құрылған «Жас ұландар» саны 2011 жылдан бері қатары өсіп, оқушылар саны 9000 (мыңға) таяған. Ал, мына келе жатқан домбырашылар ансамблі облыстық, республикалық музыкалық байқаулардың жеңімпаздары атанып, ауданның мерейін үстем етіп жүрген өнерпаздар. Домбырашылар үйірмелерінде 311 оқушы білім алуда. Олар түрегеп тұрып, отырып, Ә.Желдібаевтың «Ерке сылқым» күйін өз мәнерінде әсем орындап шықты. Іштерінде өзге ұлт өкілдері де қылаң берді.
Өнердің падишасы – би десек, шеруді Бала би ауылындағы №50 Абай атындағы орта мектептің, қызғалдақтай құлпырған «Тұмар» бишілер тобы жалғастырды. Олар орындаған қазақ және испан халқының биі киім үлгісімен де, би қимылдарымен де үйлесіп, әдемі көрініс берді. Шеру тізбегін жалғастырған аудандық әуез мектебінің, Ш.Қодаманов бөлімшесінің және Көкшоқыдағы «Арман» мәдениет үйінің домбырашылары күмбірлетіп күй төкті. Саптан аудан мектептерінің әншілер тобы, біздің келешек талантты өнерпаздарымыз, ауданның намысын қорғар ұрпақтар өтті. Аудандық әуез мектебінің «Арайлым» би тобы республикалық байқаулардың бірнеше дүркін жеңімпаздары. Би – музыкалық ырғаққа сай дене қимылымен көрсетілетін өнер дейтін болсақ, сол элементтерді «Арайлым» жасай білді, киімдерінен көз ұялады. Олардың орындауындағы қазақ биі «Көңілді қыздар» мен орыс биі «Веселый пляс» отырғандардың өзін билетіп жіберді. Орыстың баян аспабында ойнайтын дарынды қазақ балаларын республикалық байқауларға даярлап, сүйрелеп жүрген талант иесі, әуез мектебінің мұғалімі Өскен Қалымбетовтың 15 шәкірті музыканың тылсым күшін, үнін баян арқылы жеткізді. Сондай-ақ, «Төңкерістегі» әуез мектебі бөлімшесінің хор ұжымы мен әуездік «Аяла» бишілер тобы да шерудің сәнін келтірді. Одан аудан мектептерінен жасақталған барабаншылар тобы, Бала би әуез мектебі бөлімшесінің хор ұжымы, «Өнер» жеке мектебінің «Жұлдыз» би тобы билеген гимнастикалық қимылдар өте тартымды көрініс тапты. Ең қызығы Бала би ауылының «Жас толқын» өнерлілер тобының қасықпен музыкалатқаны болды. Адамның қолынан бәрі де келетінін осы өнерпаздар айғақтады. Орыс халқының екі әнін қасықпен сабалай отырып, оған тұяқ, бубен, сылдырмақ аспаптарын қосып, көрермендерге көтеріңкі көңіл сыйлады, музыканың жылдамдығы, әсерлі дыбысы, сезімдерді селт еткізді. Мұнан артық өнер, мұнан өзге өнерпаздар болар ма?! Осынау балалар мерекесіне өнерлерімен гүлдей, қызғалдақтай сый ұсынған аудандық білім бөліміне, оған атсалысқан аудандық әуез мектебінің, №48, №50, №149, №252, №157, №207, №158 т.б. мектеп директорлары мен ұжымына, елдің, аудан тұрғындарының рухын көтерген өнерпаз бүлдіршіндер мен талантты балалар мен жастарымызға қанша алғыс айтсақ та көптік етпейді. Өнер, музыка, мәдениет – рухани азық, тек оны тыңдай, бағалай білуіміз керек. Бүгінгідей бақытты балаларымыздың шаттығы мен қуанышын көзбен көріп, оған жету жолына қамқорлық жасап отырған аудан басшыларының игілікті игі істерінің ыстық лебін де сезіндік.
Өркен ИСМАИЛ,
ҚР Мәдениет қайраткері.
Сурет Б.БӘЙІМБЕТТІКІ.
09 маусым 2018 ж. 1 265 0