КЕНЕ КӨБЕЙГЕН КЕЗЕҢДЕГІ КҮРЕС
Жаздың аптап күндері жақындаған сайын тіршілік атаулы жандана түседі. Даланың тынысы кеңейіп, мал өріске шығады, егінші жерге қарайды. Алайда табиғаттың осынау әсем көрінісінің тасасында көзге көрінбейтін қауіп те бірге оянады. Ол – жыл сайын мамыр мен тамыз аралығында белсенділігі күшейетін Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы. Қызылорда облысы еліміздегі Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының табиғи ошақтары орналасқан аймақтардың бірі саналады. Өңірдің климаттық ерекшелігі мен мал шаруашылығының кең дамуы кенелердің таралуына қолайлы жағдай қалыптастырады. Биыл облыс бойынша 74 елді мекен қолайсыз аймақ ретінде танылса, оның ішінде біздің аудандағы 15 елді мекен ерекше бақылауға алынған. Бұған дейін көктемгі кенеге қарсы залалсыздандыру жұмыстары екі кезең бойынша жүргізілді. Дегенмен мамандар жүргізген мониторинг кейбір елді мекендерде атқарылған жұмыстардың тиімділігі күткен деңгейге жетпегенін айтады. Бұланбай бауы, Бидайкөл және Жөлек ауылдық округтерінде қосымша өңдеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігі туындаған. Осыған қара қауіпті инфекциямен күрес бір реттік науқанмен шектелмейтінін, жүйелі бақылауды, тұрақты мониторингті және халықтың белсенді қатысуын талап ететінін аңғарамыз. Өткен жылдан бергі эпидемиологиялық ахуал да сақтықты күшейтуді қажет етеді. Мәселен былтыр аудан бойынша Конго-Қырым геморрагиялық қызбасына күдікті 8 жағдай тіркеліп, оның бесеуінде диагноз расталған. Ал есепті кезеңде өзінде алты күдікті жағдай анықталып, бір науқастың ауру жұқтырғаны нақтыланды. Сырт қарағанда бұл көрсеткіштер аз секілді көрінуі мүмкін. Бірақ мамандар үшін әрбір жағдай – эпидемиологиялық тізбектің маңызды буыны. Себебі бұл аурудың ерекшелігі – оның тез асқынып, ауыр зардаптарға алып келу қаупінде. Шиелі аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Гүлзада Айтекеева қазіргі таңда профилактикалық жұмыстардың күшейтілгенін айтады. – Конго-Қырым геморрагиялық қызбасының алдын алу – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі. Қолайсыз елді мекендерде кенеге қарсы өңдеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар тұрғындар арасында түсіндіру және санитариялықағарту шаралары күшейтілді. Әсіресе мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың қорғаныш құралдарын пайдаланып, қоражайларды таза ұстауы өте маңызды. Аурудың алдын алуда әр тұрғынның жауапкершілігі ерекше рөл атқарады, – дейді басқарма басшысы. Мамандардың айтуынша, инфекцияның негізгі тасымалдаушысы – кене. Алайда қауіп тек кене шағумен шектелмейді. Мал бағу, мал сою, ауру адамға күтім жасау кезінде де жұқтыру қаупі жоғары. Сондықтан бүгінде санитариялық қызмет тек залалсыздандыру жұмыстарымен ғана айналысып отырған жоқ. Елді мекендерде тұрғындармен кездесулер өткізіліп, медицина қызметкерлерінің дайындығы тексеріліп, көшпелі семинарлар ұйымдастырылуда. Наурыз айынан бері жүргізіліп жатқан зоопаразитологиялық зерттеулер барысында аудан аумағынан 3343 дана кене жиналған. Олардың құрамын анықтау жұмыстары жалғасуда. Бұл – өңірдегі эпидемиологиялық жағдайды бақылаудың маңызды бөлігі. Ал жыл басынан бері 122 адам кене шағуына байланысты медициналық көмекке жүгінген. Бұл көрсеткіш табиғат аясында демалушылардың да, ауыл шаруашылығымен айналысатын тұрғындардың да сақтық шараларын күшейтуі қажет екенін көрсетеді. Бүгінде дәрігерлердің ең басты кеңесі – қауіптің алдын алу. Арнайы жұмыс киімдерін пайдалану, денені толық жабатын ашық түсті киім кию, репелленттер қолдану, егін алқабынан, табиғат аясындағы демалыстан келген соң денені мұқият тексеру – қарапайым көрінгенімен, өмір сақтайтын шаралар. Адамзат тарихында талай індетпен күрес жүргізілді. Бірақ олардың бәрінде жеңістің басты кепілі сақтық пен жауапкершілік болған. Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы да сондай қауіптердің қатарында. Табиғаттың сыйын пайдалану – игілік. Ал оның қатерінен қорғана білу – парасат. Сондықтан әрбір тұрғын өзімен қатар отбасы мен айналасындағы адамдардың денсаулығы үшін де жауапты екенін ұмытпауы тиіс. Көзге көрінбейтін қауіппен күресте бейқамдыққа орын жоқ.
Гүлхан ЯХИЯ








