ЕРКЕКТІҢ АШУЫ ЖАМАН БОЛАДЫ
«Атаңа нәлетті бүгін зар еңіретіп сабап алайын» – деп ойлайды Әңкіш машинасының есігін тарс еткізіп жауып жатып. Мұнысына қарап шаш ал десе бас алатын қу екен деп қалмаңыздар. Жалпы Әңкіш сойқан содырлығы жоқ, сабаласу, жағаласу дегенге құлықсыз жігіт.«Даудың басы Дайрабайдың көк сиыры» демекші, жоғарыдағы «шырайлы» ой басына төтенше жерден келіп қонақтап қалды.
Бүгін мұның машинасын қойма меңгерушісі Шонай бастықтан сұрап алған болатын. Өзі бір көзі аса, бір көзі баса қарап алып, шаптан түртіп сөйлейтін қу тілді қағынған адам. Ауыл маңындағы шолақ жолдан ұзап, тегіске түскен машинаның жүрісі түзелген соң, темекісінің түтінін дөңгелетіп отырып Шонайдың да әңгімесі күзерлі болды.
– Шырақ, үйленіп, мойныңа қамыт ілгеніңе де бірер айдай уақыт болып қалды-ау ә! – деді.
– М-м, – деп бұл міңгір ете қалсын.
– Суға тұншыққан адам секілдісің, келін әлден қысып тастаған ба? – деп Шонай бір көзімен жолға, бір көзімен Әңкішке қарады.
– Келінді осы бастан тізгіндемесең, ертең адам сияқты жүруден күдерімді үздім дей бер. «Қыранның қиялдауын түлкі байқар». Сенің қабағың түйілгеннен шүйілетініңді білгені жөн. Сондықтан келінге анда-санда мұқылаш көрсетіп қою керек. Осы секілді әңгімелер қалаға барып келгенше сұрақ-жауап тәртібінде жалғасып отырады. Кешке келген соң екеуі Шонайдың үйінде бірер бөтелкенің басына су құйды. Ішке түскен 100 грамның 200 грамм сөз шығаратын қу әдеті емес пе?
– Гөзал деген бар. Әйелі сыпырғымен салғыласып, кебісімен керісетін бір көкбет. Сол көкбетің, Гөзал айтса, сығанша сықпыртып, шүршітше шүлдірлеп, оның алдында жорғалап қоя береді. Гөзал ашуы келгенде әйелін сабап тұратын списалні бөлме босатып қойған. Есігін ішінен төрт жерінен іліп алып, сорлы қатынын төмпештейді-ай келіп дейсің. Әрине құр қолмен емес, боксерски қолғабы бар. Сонымен әкесін танытады. Қанаған-жырылған жерлеріне иод-сиодіңді жақындатпайды. Киізді күйдіріп әкеліп, баса береді, баса береді. әне, нағыз еркек деп соны айт!
«Қатынға би болсаң, өзіңде күй болады». Машинаңды дөңгелеткенге мәз болмай, келінге жөн көрсеткенге де көңіл бөл, – деп Шонай өзінің көп сөзін жоғарыдағы «жекеменшік» мақалдарымен түйіндеді.
«Тоқпағы мықты болса киіз қызық жерге кіреді,» – деген, ішіне ащы суды стакандап, миына Шонайдың ақылдарын миллиграмдап құйып алған Әңкіш қазір алдынан жалғыз көзді дию шыға келсе де жағасынан ала кетуден тайынатын емес. «Тентек өзін дәу санайдының» кері келіп, келіншегін сабауға әбден бекініп, есек соятын қасаптай жалаңдап, үйіне келіп тұрған беті еді. «Көзінің сорасын ағызайын,» деді Әңкіш ішінен.
Сәл уақыт жіберсем айнып қалармын деп ойланып, есік ашқан әйелі Былпыңға дүрсе қоя берді.
– Сен не, байың барын ұмыттың ба? Келдім, шықпадың. Кабинаның есігін тарс еткізіп жаптым. Шықпадың. Қатты-қатты жөтелдім. Онда да ұқпадың. Терезені тықылдатқанда ғана цирктің әртістері секілді бұраңдап енді келіп тұрсың. Қобыраған шашыңды, ой-й сволыш, – деп Әңкіш әңкілдеп тұра ұмтылғанда Былпың ішкі бөлменің біріне қарай бұлтың ете қалды. Ана бөлмеге, мына бөлмеге сығалап қараған Әнекең қапталдағы ауызғы бөлменің біріндегі жатқан кісіні көріп:
– Ә, мына байталдың беліндей бедірейіп жатқан Былпыңсың ғой, – деген күйі оң аяғын ыңғайлап, Былпыңның шонданай тұсы осы деп сермеп қалды. «Бәле бассаң аяғыңның астында». Әңкішке бәле аяғын сермеген кезде жабысты. Шошып оянған Тәңкіш қарт жау келген жаққа қарай жанындағы таяғын жалма-жан сарт еткізді. Күтпеген соққыдан Әңкіштің көзінің оты жарқ ете қалды. Таяқтың тегеурінен миы солқылдаған Әңкіш далбасалап далаға атып шықты.
Қарға не деп қарқылдағанын өзі де түсінбейтіні секілді, Әңкіш:
– Әй, қатын, шық бері, еркектің ашуы жаман болады, – Деді ішке қарай жұдырығын түйіп, сес көрсетіп.
Нұрмахан ЕЛТАЙ,
Республикалық Б.Қыдырбекұлы
атындағы сыйлық лауреаты
Республикалық Б.Қыдырбекұлы
атындағы сыйлық лауреаты







