ОЙ МЕН БОЙ
Салмақты реформалар жүргізілген елдерде азаматтардың бойы 10-15 сантиметрге ұзын болатыны анықталған. КСРО-да 70 жылдары білім беру саласында айтарлықтай реформалар жүргізілді. Соның арқасында біздің балаларымыз бен қыздарымыздың бойы тәп-тәуір өсіп шыға келді. Ол кезде бізде «акцелерация» деген сөз жиі естілетін. Қытайда қалай акцелерация пайда болды, солай олардың да бойы өсе бастады.
КСРО кезінде елдің бәрі саясатты, медицинаны, футболды, педагогиканы жақсы білетіндей көрінетін. Бұл үшін көп нәрсенің керегі де жоқ еді, расында. Ал инженер болуға екінің бірі тәуекел етпейтін. Білім беру мен медицина саласында білгішпін дегендердің өзі бұл салаға келгенде үні шықпай қалатын.
Бір қайран қаларлық нәрсе бар еді: сол тұстағы қазақ технократтары мен гуманитария саласының адамдары үнемі ой мен іс бірлігінде болды. Мәселен, Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұлан тәрізді қазақтың марқасқа азаматтары бір мақсатқа – ұлттық мұрат жолына жегілді. Кейінірек Өмірбек Жолдасбеков, Салық Зиманов, Зейнолла Қабдолов сияқты арда азаматтар алдыңғы буынның бас бірлігін әдемі жалғастырды. Осы қасиет қазір жоғала бастағандай. Әркім әр жаққа тартатын заманға кезіктік… Ой бірлігі жолында жүретіндер азайды.
Осының арты қайда апарады? Біз ақырындап «адам факторы» дегенді естен шығарып келе жатқандаймыз. Қазір екінің бірі ҰБТ уайымында отыр. Тест тапсыру бір жағынан жақсы. Емтихан тапсырасыз. Көп ұзамай нәтижесін білесіз. Бұрынғыдай «әке-көке» деп көрінгенге жалпақтамайсыз. Білімі бар – озады. Оқуға түседі. Дұрыс-ақ. Бірақ осы бір жақсы бастаманың аяғын аспаннан келтіргендей болып отырған жоқпыз ба? Басында бұл оқушылардың білім деңгейін тексеру үшін жасалған, әділетті сынақ жүйесін қалыптастыратын шара сияқты еді. Қазір бұл мектеп жұмысын, директордың қызметін бағалайтын бірдеңкеге айналып кетті. Бұрын 30-40 мың халқы бар аудан мектептерінде 1-2 «Алтын белгі» иесі ғана шығатын. Қазір ше? Бір мектептен 10-15, бір ауданнан 40-50 «Алтын белгі» иегері шығатын болды. Еліміз бойынша он бірінші сыныпта ешқандай да оқу жоқ екені белгілі, жұрттың бәрі тек қана Ұлттық бірыңғай тестілеудің қамымен зыр жүгіріп кетеді. Нақты білім сонда қайда қалады? Тек жақсы көрсеткіш қуу ешқашан опа бермейтіні бесенеден белгілі емес пе? Сонда да ойланбаймыз…
Ескі білім жүйесінен іргелі ғылым мамандарын даярлау әдістемесін сол күйі қалдыру керек пе еді?!. Балаларға екі тілді үйрету керек те шығар. Бірақ ана тілі басты орында тұруы тиіс. Мына заманда ең бастысы бұл емес. Ең бастысы – денсаулық! Қазақстандық жасөспірімдерге қарайықшы. Бәрі бәкене бойлы. Тыпың-тыпың еткен ұл мен қыз көбейді. Бұл неден? Тамақтану дұрыс емес пе? Қоғам дамып, мемлекет өркендеген сайын Қазақ елі жастарының бәрі де бойлары үлкен болуы шарт, ал ойлары одан да үлкен болуы шарт. Анау ағылшындарды қараңызшы, бәрі – сұңғақ, бәрі – бойшаң. Ал іргедегі көршімізге көз жүгіртейікші. Біз Қытайдан тамаша волейбол командасы шығады деп ойладық па? Қытайлық боксерлер ше? Қытайлық штангашылар ше? Қазіргі таңда бұл елден бәрі шығып жатыр. Өйткені
Қытай – алдына өте өршіл мақсат қойып отырған ел. Бұрын өздерінде жоқ саланың бәрін тез игеріп, тыңнан түрен салып, алға кеткендердің соңынан сапалық жағынан қуып жетуге ұмтылыс жасап отыр.
Ой бойға қарамайды. Рас. Бой да ойға қарай бермейді. Біз ой мен бой туралы сөз қозғағанда биік ой, биік мақсат, биік білік тұрғысында сөз етіп отырмыз. Биік шыңдарды бағындыру үшін де адамның қай жағынан болсын, мықты болуы керек қой. Ойы мен бойы үйлескен елдерге қарап, қызығатынымыз да сондықтан.
Нұртөре ЖҮСІП