Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Жүйелі жұмыс – жұрт сенімі

Жүйелі жұмыс – жұрт сенімі

Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы – ел тұрмысының айнасы. Жыл басынан бері өңірде халықтың әл-ауқатын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту, кәсіпкерлікті қолдау, ауылдарды дамыту бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Әрбір бастама мен жоба тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталды.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтің ресми сапары Еңбекші ауылдық округінде жалғасты. Ауылдық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесіп, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылымдық мәселелері мен алдағы жоспарлар жөнінде ашық пікір алмасты. Алдымен ауыл әкімі Елдос Жүсіп атқарылған жұмыстар бойынша есеп беріп, елді мекеннің тыныс-тіршілігіне қатысты негізгі көрсеткіштерге тоқталды.
Жиында тұрғындар тарапынан ұсыныстар мен пікірлер айтылып, аудан басшысы ауылдарды дамыту бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатынын жеткізді.

Еңбекшіде ел игілігіне бағытталған жұмыстар көп
Еңбекші ауылдық округінің әкімінің есебіне сүйенсек, округте бүгінде 296 отбасы тұрады. Жалпы халық саны – 1824 адам. Ауылда 23 «Алтын алқа», 57 «Күміс алқа» иегері бар. Сонымен қатар 165 зейнеткер мен 36 мүмкіндігі шектеулі азамат тіркелген.
Өткен жылы ауыл бюджетінің кіріс жоспары артығымен орындалып, салықтық түсім көлемі айтарлықтай артқан. Әсіресе көлік, мүлік және жер салығы бойынша жоспар межесінен жоғары көрсеткішке қол жеткізілген. Бұл ауылдағы кәсіпкерлік пен шаруашылықтың тұрақты дамып келе жатқанын аңғартады.
Еңбекшідегі ағайынның негізгі кәсібі – мал және егін шаруашылығы. Бүгінде округте 71 шаруа қожалығы мен 98 жеке кәсіпкер тіркелген. Мал басы да жыл сайын артып келеді. Атап айтқанда, ауылда 5 мыңнан астам ірі қара, 26 мыңнан астам уақ мал, 1300-ден аса жылқы мен 400-ден астам түйе бар.
Өткен жылы ауыл шаруашылығы бағытында 1207 гектар жерге егін егілген. Оның басым бөлігін күріш пен жоңышқа алқаптары құрайды. Сонымен қатар картоп, көкөніс және бақша өнімдері де егіліп, ауыл тұрғындарының табысын арттыруға мүмкіндік жасалуда.
Кәсіпкерлікті қолдау бағытында да нақты жұмыстар жүргізілуде. Өткен жылы 5 жобаға жалпы 132,8 миллион теңге көлемінде қаржы тартылып, шаруашылықтарды дамытуға серпін берілді. Ауыл тұрғындары жеңілдетілген несиеге жүгініп, мал және егін шаруашылығын кеңейту жұмыстарын қолға алған.

Инфрақұрылым мен абаттандыруға басымдық берілген
Кездесу барысында Еңбекші ауылындағы инфрақұрылымдық жұмыстар да кеңінен айтылды. Ауыл толықтай ауыз сумен қамтылған. Сонымен қатар көшелерге түнгі жарық шамдары орнатылып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.
Салық түсімдері есебінен көшелерге атау тақтайшалары қойылып, ауылдың көркіне мән берілген. Ескі мектеп аумағы тазартылып, ретке келтірілген. Ауылдық мәдениет үйі жаңа техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіліп, заманауи дыбыс құрылғылары мен кондиционер алынған.
Қоғамдық қауіпсіздік мақсатында бейнебақылау камераларын орнату қолға алынған. Сондай-ақ санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізуге қажетті арнайы құрал-жабдықтар да түгел.
Ауылдың әлеуметтік дамуына демеушілер де айтарлықтай үлес қосып келеді. Соңғы екі жылда көгалдандыру, қоршау орнату, жаңа жол ашу, қиыршық тас төсеу секілді жұмыстар жүргізілген. Әлеуметтік осал топтарға қайырымдылық көмектер көрсетіліп, мектеп оқушыларына сертификаттар табысталған.
Сонымен бірге ауыл жастарын жұмыспен қамту бағытында бірқатар жұмыстар атқарылып келеді. Кей тұрғындар өндіріс орындарына жұмысқа орналасса, уақытша жұмыс орындары да ашылған.

Жиделіарықта да жүйелі жұмыс бар
Келесі аялдама – Жиделіарық ауылдық округі. Әдеттегідей алдымен ауыл әкімі округте атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Қазіргі таңда ауылда 1028 адам тұрады. Экономикалық белсенді халық саны – 611 адам.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту мәселесі бойынша ондаған азамат өтініш білдіріп, олардың бір бөлігі тұрақты және қоғамдық жұмысқа орналастырылған. «Күміс жас» бағдарламасы аясында тұрғындарды жұмыспен қамту жұмыстары жүргізілуде.
Округте кәсіпкерлік саласы да дамып келеді. Қазір 49 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. Оның ішінде жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтары бар. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірнеше жаңа жоба жүзеге асырылмақ. Атап айтқанда, сүт бағытындағы кооператив, жылыжай, техникалық жөндеу орны секілді жобалар дайындалуда.
Ауыл шаруашылығы саласында да өсім байқалады. Биыл 1100 гектардан астам жерге егін егу жоспарланған. Сонымен қатар мал басы да көбейіп келеді.

Ауыл ажары артып келеді
Жиделіарық ауылында инфрақұрылым бағытында да нәтижелі жұмыстар бар. Ауыл көшелерінің басым бөлігіне асфальт төселген. Барлық көшелер жарық шамдарымен қамтылған. Балалар ойын алаңы, жаттығу алаңы және тағзым алаңы халық игілігіне пайдаланылуда.
«Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында санитарлық тазалық жұмыстары тұрақты жүргізіліп келеді. Биылдың өзінде ауыл аумағынан бірнеше тонна қоқыс шығарылып, жүздеген көшет отырғызылған.
Медициналық қызмет көрсету бағытында да жұмыстар жалғасуда. Фельдшерлік-акушерлік пункт тұрақты жұмыс істеп, жылжымалы медициналық кешен ауыл тұрғындарының денсаулығын тексерген. Тұрғындар қажетті дәрі-дәрмекпен қамтылып отыр.

Халықтың ұсынысы назардан тыс қалмайды
Кездесу соңында тұрғындар ауылішілік жол, электр желісі, ауыз су және әлеуметтік нысандарға қатысты ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Аудан әкімі Айтбай Жандарбеков көтерілген мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табатынын айтып, елді мекендерді дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасатынын атап өтті.
– Ауылдың дамуы – ортақ міндет. Халықтың ұсынысы мен талап-тілегі әрдайым назарда болады. Ең бастысы – елдің тұрмыс сапасын жақсартып, ауылдардың әлеуетін арттыру, – деді аудан басшысы.
Келесі күні аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың халыққа есеп беруі Тартоғай ауылдық округінен басталды.
Ауылдық округтің жалпы жер көлемі – 338 832 гектарды құрайды. Соңғы статистикалық есеп бойынша халық саны – 2196, оның ішінде отбасылар саны – 395, мектеп жасындағылар – 421, мектеп алды даярлықта – 25, мектепке дейінгі балалар саны – 92, студенттер – 110, зейнеткерлер – 227, мүгедектер – 59. Барлық экономикалық белсенді халық – 1100, елді мекендегі жұмыспен қамтылғандар – 1080, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны – 352 адам, жұмыссыздар саны – 20 адам, 16-29 жас аралығындағы жастар саны – 513 адам.
Ауылда «№153 Ш.Есенов атындағы мектеп-лицейі» КММ, «Тартоғай ауылдық мәдениет үйі» КМҚК, «Құлагер бөбекжай-бақша» КМҚК, «Тартоғай» дәрігерлік амбулатория және 1 фельдшерлік пункт, Тартоғай өрт сөндіру бекеті, Тартоғай пошта байланыс бөлімшесі, «Ветеринариялық пункт», сонымен қатар ­1 ­наубайхана, 5 дүкен халыққа қызмет көрсетуде. Ауылдық округ аумағында бүгінде 11 шаруа қожалығы және 51 кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, тұрақты түрде өз қызметін атқаруда. Бұл ауыл экономикасының дамуына, халықты жұмыспен қамтуға және жергілікті бюджеттің кіріс бөлігін толықтыруға өзіндік үлесін қосып келеді.
Биыл ауылға аудандық бюджеттен 91 млн 698 мың теңге қаралған. Атап айтқанда, аппарат шығынын қамтамасыз етуге 53 млн 637 мың теңге, елді мекеннің санитариясын қамтамасыз етуге 1 млн теңге, жергілікті деңгейде мәдени-демалыс жұмыстарын қолдауға 36 млн 261 мың теңге, елді мекендегі көшелерді жарықтандыруға 800 мың теңге бөлінген.
Ауыл әкімінің берген мәліметіне сүйенсек, 2026 жылдың 5 айы бойынша ауылдық округтегі мүйізді ірі қара – 3769 бас, уақ мал – 7038 бас, жылқы 808 бас, түйе – 2 басқа жеткен. Өткен жылы «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық округ бойынша 2 жоба өткізіліп жалпы көлемі 31 млн 600 мың теңгеге қаржыландырылған.
Айта кетейік, ауылдағы ауыз су мәселесі толық шешімін тапқан. барлық тұрғын үйлердің ауласына кіргізілген. Ауылдық округте 28 шақырымдық ауыз су жүйесі тартылып, барлық тұрғын үйлердің ауласына кіргізіліп, тәулік бойы тұрғындарды ауыз сумен қамтып отыр.
Аудан мәслихатының шешіміне сәйкес, 2025 жыл бойына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша М.Ғабдуллин көшесі бойындағы жарық шамдарын заманауи үлгідегі жарық бағаналарына ауыстыру жұмыстары үшін 13 млн 500 мың теңге бөлініп және Кірпіш зауыт елді мекеніндегі Б.Момышұлы көшесіне орташа жөндеу жұмыстары үшін 28 млн 755 мың теңге, Д.Ершохаев көшесіне жай жөндеу жұмысы үшін 4 млн 800 мың теңге қаржы бөлініп, аталған жұмыстар толығымен аяқталған.
Халықпен кездесуде аудан әкімі А.Насриддинұлы тұрғындарға І жартыжылдық бойынша аудан көлемінде атқарылған жұмыстарға тоқталып, алдағы мақсаттарымен бөлісті. Сонан соң жиынға арнайы қатысқан аудан прокуроры М.Маханбетжанов құқық бұзушылықтан сақ болу, жүргізуші куәлігі жоқ балаларға көлік бермеуге, сондай-ақ мал ұрлығын болдырмау бағытында тиісті шараларды қолға алу жөнінде ақпараттар берді.
Әрі қарай халық көкейінде жүрген сұрақтарға құлақ түрілді. Ауыл ардагері Басаман Пірімбетов: «Ауылға көгілдір отын келсе, арманымыз орындалар еді. Осы мәселе тез шешімін тапса, ауыл тұрғындары игілігін көрсе» дейді. Сонымен қатар ауыл тұрғындары тарапынан аяқсу тапшы болып отырғаны айтылды. Аудан басшысы көтерілген ұсыныстар жөнінде тиісті жұмыстар жүргізіп жатқанын жеткізді.
Келелі жиын соңында атқарылған жұмыстармен танысып, аудан әкімімен жүздескен тұрғындар алдағы атқарар жұмыстарға сәттілік тілеп, дәстүрге сай қариялар ақ батасын берді.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың келесі аялдамасы – Қоғалы ауылдық округі. Бұл ауылдың жалпы жер көлемі – 363 991 гектарды құрайды. Ауылдық округте соңғы статистикалық есеп бойынша халық саны – 1027, оның ішінде отбасылар саны – 172, мектеп жасындағылар – 195, мектеп алды даярлықта – 26, мектепке дейінгі балалар саны – 106, студенттер – 43, зейнеткерлер – 100, мүгедектер – 28. Барлық экономикалық белсенді халық – 517, елді мекендегі жұмыспен қамтылғандар – 508, өз бетінше жұмыспен қамтылғандар саны – 225 адам, жұмыссыздар саны – 9 адам, 16-29 жас аралығындағы жастар саны – 136 адам.
Ауылдық округте «№228 Ш.Бәкіров атындағы орта мектебі» КММ, «Тұрсынбай датқа ауылдық мәдениет үйі» КМҚК, «Айбек бөбекжай-бақша» КМҚК, ФАП«Ботабай», «Ветеринариялық пункт» сонымен бірге, 3 дүкен халыққа қызмет көрсетуде.
Биыл аудандық бюджетттен 67 млн 086 мың теңгеге қаралған. Атап айтсақ, аппарат шығынын қамтамасыз етуге 41 млн 389 мың теңге, елді мекеннің санитариясын қамтамасыз етуге 1 млн теңге, жергілікті деңгейде мәдени-демалыс жұмыстарын қолдауға 20 млн 773 мың теңге, елді мекендегі көшелерді жарықтандыруға 800 мың теңге жұмсалған.

МАЛ БАСЫ АРТУДА
2026 жылдың 5 айы бойынша ауылдық округтегі мүйізді ірі қара – 1905 бас, уақ мал – 4395 бас, жылқы – 1355 бас, түйе – 21 басқа жеткен. Биыл «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында ауылдық округ бойынша 2 жоба өткізіліп бизнес жоспарын сәтті қорғап шыққан.
Ауылдағы ауыз су барлық тұрғын үйлердің ауласына кіргізілген. Ауылдық округте 9289 шақырымдық ауыз су жүйесі тартылып, тәулік бойы тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз етіп отыр. Бұл жөнінде ешқандай мәселе жоқ дейді тұрғындар.

ҚАРҚЫНДЫ ІСКЕ ҚОЛДАУ БАР
Ауылдық округте инфрақұлымдық жұмыстарда да қарқын бар. Өткен жылы «Жастар саябағын» салуға аудандық бюджеттен бөлінген 31 млн теңгенің 18 млн теңгесін ұтып алып, толығымен игерген. Елді мекенде 1,5 млн теңгеге қатты қалдықтар төгетін 1,5 га жер қоршалып, тұрғындар пайдалануда. Сондай-ақ елді мекенді аяқ сумен қамтамасыз етіп тұрған Ботабай каналының ұзындығы 900 метр жері тазаланған.

800 ТҮП АҒАШ ЕГІЛДІ
Ауылды абаттандыру, көркейтіп-көгалдандыру жұмыстары да күн тәртібінен түспеген. Көктем айларында 800 түп саялы ағаштар және 20 түп алма ағаштары отырғызылған. «Қарабура ата» мешіті маңындағы саябақтар мен скверлердегі ағаштар түбі ақталып, тазалық жұмыстары жүргізілген. Көктемгі, күзгі тазалық айлығында сенбіліктер ұйымдастырып, ауылдық округтегі барлық мекемелер өз аулаларын көркейту жұмыстарын нақты жолға қойылған.

ЖАҢА ӘКІМ САЙЛАНДЫ
Бұл жиында Айтбай Жандарбеков аймақтың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштерін баяндап, тұрғындарға Қоғалы ауылдық округінің жаңа әкімі Р.Махамбетовты таныстырды. Сондай-ақ жаңа ауыл басшысына ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жолында жүйелі жұмыстар жүргізуді тапсырып, үлкен сенім білдірді.
Жиын барысында аудан проrуроры М.Маханбетжанов: «Қай қоғамда да алдау, сенімді бұзу, бөтен мүлікті ұрлау – қылмыс. Ал қазіргі уақытта ең қауіпті қылмыс түрі – интернет алаяқтық. Тұрғындар арасында бұл мәселе туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілсе де, адамдар оңай табыс табу, арзан зат сатып алу мақсатында алаяқтардың тұзағына түсіп жатыр. Сондықтан сіздерді осындай қылмыстың алу үшін бірлесе әрекет етіп, мүмкіндігінше сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырамын», – деді.
Аудан көлемінде атқарылған ауқымды жобалармен танысқан ауыл тұрғындары, өз кезегінде көкейде жүрген сауалдарын жолдады. Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, елдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға сәттілік тіледі.
Аудан әкімі Айтбай Жандарбековтың бұл күнгі халықпен кездесуі кестеге сәйкес Қарғалы ауылдық округі, Бұланбай бауы ­ауылында түйінделді. Жиында алдымен ауыл әкімі ­Даулетияр Әбуов ауылдың әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері туралы баяндама жасады.
Қарғалы ауылдық округі, Бұланбай бауы елді мекенінде тұрғын үй саны – 220, жалпы халық саны 1200 адам. Қазіргі уақытта Қарғалы ауылдық округіне қарасты №241 Қ.Әбдіқадыров атындағы орта мектеп, Сыр суы бөлімшесінің су құбыры, «Қарғалы» дәрігерлік емханасы, клуб үйі, Балжан-ай балабақшасы, ветеринариялық пункт, Қаз почта, «Алтай қожа» мешіті халыққа қызмет көрсетуде.
Биыл Қарғалы ауылдық округінде ауыл инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар маңызды жұмыстар атқарылып келеді. Атап айтқанда, ауылдың кіреберіс аркасынан бастап елді мекен ішіне дейін көше жарықтандыру жүйесі орнатылып, толық пайдалануға берілген. Аталған жоба ауылдың көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін, әсіресе қыс мезгілінде оқушылардың білім алу орындарына қауіпсіз әрі қолайлы қатынауына мүмкіндік жасап отыр.
Қарғалы ауылдық округі, Бұланбай бауы елді мекенінде ауыл шаруашылығы бағытында белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Бүгінде ауылда 12 шаруа қожалығы мен кәсіпкерлік субъектісі тіркеліп, тұрақты түрде жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары мен кәсіпкерлердің иелігінде жалпы – 3914 бас мүйізді ірі қара, 3283 уақ мал, 1628 жылқы, 42 түйе бар. Бұл көрсеткіштер – ауыл шаруашылығына деген сұраныс пен әлеуеттің жоғары екенін байқатады. Әсіресе бұл ауылда соңғы жылдары жылқы шаруашылығы мен уақ мал басының көбеюі байқалады.
Ауыл шаруашылығы саласын дамытамын деушілерге қолдау бар. Ауылдың екі азаматы мал басын көбейту мақсатында жер телімін алу бойынша өтінім беріп, конкурс нәтижесінде жеңімпаз атанған. Қазіргі таңда олар 50 гектар жер телімін жалға алып, өз кәсіптерін жүргізуде. Сонымен қатар биыл тағы 2 ауыл тұрғыны жер алуға ниет білдіріп, тиісті құжаттарын рәсімдеу жұмыстарын жүргізуде.
Сондай-ақ ауыл әкімінің баяндамасынан естігеніміздей «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында кәсіп ашуға ниетті 4 азаматтың құжаттары жинақталып, аудандық ауыл шаруашылығы бөліміне жолданған. Ендігі кезекте ауыл әкімі ел игілігі үшін статционарлық көпір салу, Б.Айтуғанов көшесіне ауыз су тарту, аяқ су мәселесін толығымен шешуді көздеп отыр.

МӘСЕЛЕ ШЕШІЛЕДІ
Жиында аудан әкімі А.Насриддинұлы тұрғындарға осы жылдың І жарты жылдығындағы ауданда атқарылған жұмыстар легі мен алға қойған мақсат-міндеттерін таныстырып, тұрғындардың талап-тілегін тыңдады.
Ауыл тұрғындары кейбір көшелердің түнгі жарық шамдарының толық жанбай тұрғаны жөнінде сауал қойса, ауыл ақсақалы Омар ­Достияр «Ауылдағы ескі электр бағаналары ­ауысса екен» деген талабын айтты. Бұл сауалдарға ­аудан әкімі А.Жандарбеков ауылдың түнгі жарық шамдарының толық жанбауы ауыл әкімінің іскерлігіне сын екенін жеткізіп, тез арада тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Сонымен қатар, ескі бағаналарды жаңарту жөнінде қазіргі таңда жоспарлар әзірленіп жатқанын тілге тиек етті.

ДЕПУТАТҚА РИЗАМЫЗ
Кездесуде тұрғындар аудандық мәслихат депутатына өз ризашылықтарын жеткізді.
«Ауыл атынан сайланған аудандық мәслихат депутаты Мұқанбетжан Салқынбаев ауылымыздың жанашыры. Айтулы мерекелерде, әсіресе Ораза және Құрбан айт мерекесінде тыл ардагерлерін дәріптеп, құрметтеп қолдау білдіріп әлеуметтік көмек көрсетіп жүр. Сонымен қатар тұрмысы төмен 12 отбасыға азық-түлік таратып, олардың күнделікті өміріне қажетті қолдау көрсетті. «Мектепке жол» акциясы аясында аз қамтылған отбасыларға мектепке қажетті құрал жабдықтарды алып беруі – жастардың білім алуы үшін жасалған маңызды қадам», – дейді тұрғындар.
Жиын соңында ауыл ақсақалдары бата беріп, елдің дамуына үлес қосқан азаматтарға зор табыс тілеп, бірлік пен ынтымақтастықтың нығаюына ықпал етті. Ауылдың рухани байлығы мен берекесі, халқымыздың өнегелі қасиеттері әрдайым маңызды рөл атқарады. Осылайша, тұрғындар мен әкімдік арасындағы ынтымақтастықтың нәтижесінде ауылдың әлеуметтік жағдайы мен инфрақұрылымы жақсарып, тұрғындардың тұрмысы жоғарылауы бізді де қуантуда.

Гүлхан ЯХИЯ,
Мейіржан ИБРАГИМОВ,
Сурет Бақытжан БӘЙІМБЕТТІКІ

25 мамыр 2026 ж. 26 0