Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қан майдан мен қарапайым тірліктің қаһарманы

Қан майдан мен қарапайым тірліктің қаһарманы

Кеңес одағы деген алып мемлекеттің билік тұтқасын ұстаған тұста дүниеге келгендердің өмір деректерінің бір-бірінен соншалықты айырмашылығы болмаған.
Әкем Оразалы Сармантаев та, ақ пен қызыл арпалысып атой салып жат­қан 1918 жылдың аласапыранында, кейінірек аудан атанған Қазалының «Табанкөл» колхозына қарасты «Жаңа-арық» ауылында өз замандастары сияқты шаруа отбасында өмірге келген. Шағын ғана шаруашылығы, ұсақ малы бар әкесі Сармантай мен анасы Қуатқан сол кезеңнің саясатымен бес баласын жетелеп колхозға мүше болды.
1936 жылы орта мектепті тәмамдап, екі жылдан соң әскери борышын өтеуге Қызыл әскер қатарына шақырылды. Екінші дүниежүзілік соғыс фашистік Германияның 1939 жылдың 1 қыркүйегінде Польшаға басып кіруінен бастау алса, кеңес одағы да одан қалыспай, сол жылдың 17 қыркүйегінде Батыс Белоруссия мен Батыс Украинаны, Литва республикасының Вилен аймағын азат етуді желеу етіп, Польшаға соғыс жариялады. Германия Польшаны санаулы күнде ың-шыңсыз басып алса, кеңес одағы аталған аймақтағы бар болғаны жиырма күнге созылған соғыста, едәуір әскери техникасынан, бір жарым мың адамынан айырылды. Әкем Оразалы Сармантаев 1-атқыштар полкінің құрамында Польшамен болған соғысқа қатысып, алғаш рет жау әскерімен бетпе-бет келді. Көрсетілген ерлігі үшін гвардия төс белгісімен мараппатталды. Оң қолының шынтағынан жоғары, бұлшық етінен алған терең жарақатын емдеу екі айға созылып, өзіне-өзі келгеннен кейін, әскери борышын өтеуді бастаған 1-ші атқыштар полкінің құрамына қайта оралды.
1939 жылдың 26 қарашасында кеңес одағы мен Финляндия арасындағы шекаралық аймақ үшін басталған соғысқа жіберілді. 1940 жылдың 13 наурызына дейін созылған бұл соғыста, «маскировка», немесе дұшпан көзін алдау үшін аппақ қар мен сұрғылт түсті орман ағаштарының түсіне сәйкес әскери киім үлгісімен қамтамасыз етілген, шаңғымен аса жылдам қозғалуды жетік меңгерген, «көкектер» деген атау алған фин снайпер-мергендері кеңес әскерлерін үлкен қырғынға ұшыратып, майдан тағдырын шешті десе де болады.
Тарихи деректер бойынша жау әскерінен сегіз есеге көп шығынға ұшыраған кеңес үкіметі, қазіргі Мурманск облысына кіретін шағын ауданды басып алғанымен, екі жақ та бұл соғыстың абырой әпермейтінін ескеріп, бітімге келуге мәжбүр болды. Шайқас барысында ауыл қазағы әкеміз Оразалы Сармантаев шеберлігін шыңдады, атыс қаруын бір адамдай меңгеріп шықты. Қанша сақтық жасағанымен, осы соғыста көздегенін мүлт жібермейтін мергендердің оғынан ауыр жарақат алды. Госпитальда жатып емделіп, жарақатынан айыққанымен, екінші топ соғыс мүгедегі атанып, аға сержант шенімен елге оралды. Елге келген соң әкеміз Оразалы Қазалы ауыл шаруашылығы техникумын бітіріп шықты. Сол тұста кеңес одағы мен Германияның текетіресінен басталған екінші дүниежүзілік соғыстың күшіне міне бастаған кезі болғандықтан, алған білімін бейбіт өмірмен байланыстырудың мүмкіндігі бұйырмады.
1942 жылдың наурыз айының соңында әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінің құрамында Сталинград шайқасына қатысты. Әкем біздерге «1942 жылдың тамыз айында Сталиннің «бір адым кейін шегінбе» деген бұйрығы оқылды. Біз өлім туралы ойламайтынбыз. Аман-есен елге ораламыз деген үміттен басқа ой болған жоқ. 1943 жылы 9-армияның 70-ші полкінен 234-атқыштар полкіне ауысып, бөлімше командирі болып, соғыс қарулары автомат ППД, ППШ-41, ППС-43 және пистолет ППС-72, 62 ММ сақтау, тазалау, пайдалану, ату тәсілдерін ерекше меңгеріп, Севастополь майданындағы қанды шайқастарға қатыстым. Сонда жүріп партия қатарына қабылдандым» деп естелігін айтып отыратын. Севастополь майданында оң аяғынан жарақат алып, Грузиядағы госпитальда емделіп шығады.
1944 жылдың қыркүйек айынан бастап, НКВД-ның соғыс жағдайында әрекет ететін конвой әскерінің құрамында қызметке кірісті. Соғыс тұтқындарын, аса қауіпті қылмыскерлерді, әскерден қашқандарды тиісті жерлерге жеткізу, орман аралап, із кесу сияқты сәт сайын қауіп-қатерге толы жаңа міндеті майдан машақатымен бетпе-бет келетін ашық соғыстан әлдеқайда қиын болып шықты. Жеңіс күнін осында жүріп қарсы алды. 1946 жылы КСРО жоғарғы Кеңесінің Президенумының жарлығымен желтоқсан айында әскери қызметтен запасқа шығып, елге оралды. Қазалы ауданының ішкі істер саласының басшылығы әскерден келген әкемізге аға сержант шенін, соғыс кезіндегі ішкі істер әскері қатарындағы құнды тәжірибесін ескеріп, Қазалы қаласындағы түрмеге қызмет етуге жіберді. Ол қызметті 2 жыл атқарып, денсаулығына байланысты басқа жұмысқа ауыстыруды сұрады. Басшылық түсіністікпен қарап, 1949 жылы аудандағы мемлекеттік банкке инкассатор қызметіне тағайындады. Соғыс енді ғана аяқталған, елсіз жерлерді ұры-қары, қашқындар мекен еткен қауіп-қатерлі уақытта белінде табельдік қаруы, иығында ақша салатын қоржын, қаражаттың алыс-беріс құжаттарын асып алып поселкені, қаланы, ауылдық жерлерді ат-арбамен аралап, мезгілсіз, мекенсіз қазынаның қаржысын тасымалдаудың қаншалықты жауапкершілікті керек ететінін егжей-тегжейлі түсіндіріп жатудың қажеті де шамалы шығар. Осы инкассатор қызметінде табан аудармастан отыз төрт жыл жұмыс істеген соң, 1983 жылы құрметті еңбек демалысына шықты. Соғыстан кейін тағдырын қосып, шаңырақ көтерген жары, Бекарыстан би ауылының тумасы Шайхан Имашева екеуі он перзентті болды. Бүгінде ұрпақтары өмір жолдарын жалғастырып, бәрі жоғарғы білімді. Ұстаз, теміржолшы, заңгер болып, алды зейнеттік демалысқа шығып, әр салада елге қызмет етумен қатар, ұл-қыз, немере тәрбиелеп отыр.
Әкем 2000-жылы қазан айында өмірден өтті. Әкеміз бізге бала-шағаң, ағайын-туысқа, айналаңа, халқыңа пайда келтіру, ол үшін өзің жан жақты жетілген, сауатты бол, ақ жолдан айныма алға мақсат қой, батыл бол, табандылық танытып, обал мен сауапты, жақсы мен жаманды, пайданың парқын біл деп ылғи айтатын. «Соғыс мүгедегісің ғой әке, өзіңіз сияқты майдангерлер үй, көлік алып жатыр. Сіздің де еңбегіңіз бар шығар, ең болмаса бейнетіңіздің зейнетіне пайдалануға көлік сұрап, үкіметке өтініш жасасаңызшы» дегенімізде: «Соғысқа қатысқан, қан төккен жалғыз мен бе? Талай боздақтар майдан даласында көмусіз де қалған жоқ па?! Өзімнен үлкен ағам соғыста хабарсыз кетті, інім соғыстан алған жарақатынан қайтыс болды. Солардан жаным артық емес. Аллаға шүкір, бар байлығым сендерсіңдер, ешкімге міндетім жоқ. Мұндай әңгімені доғарыңдар» деп, тыйып тастаған. Әкеміз напақасын адал жолмен, маңдай термен табатын, қол қусыруды ар көрді, намысын биік ұстады. Тапқанын көппен бөлісе алатын мәрт мінезді жомарт жан еді. Соғыстың қан қасабында сынақтан өткен І, ІІ дәрежелі Ұлы Отан соғысының ордені, «Германияны жеңгені үшін», Сталинград, Севостополь қорғағаны үшін, «Ұлы Жеңістің 20,25,30» жылдығы мерекесі медальдармен және адал еңбегі үшін берілген «Социалистік жарыс жеңімпазы» төсбелгісі мен бірнеше алғыс хаттардың иегері, еңбек ардагері. Еңбек даңқы ешқашан өшпейді. Оразалы Сармантаев әкеміздің есімі Қазалы ауданында орналасқан Жеңіс саябағында даңқ тақтасына жазылған.

Алмасбек Сармантаев
05 мамыр 2026 ж. 55 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№33 (9400).

05 мамыр 2026 ж.

№32 (9399).

01 мамыр 2026 ж.

№31 (9398).

28 сәуір 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031