Бәйгеқұм келбеті: Ханқожа жағасындағы қарқынды даму
Бәйгекұм ауылы бүгінде Ханқожа көлі жағасындағы көрікті демалыс аймағымен кеңінен танылып отыр. Әсіресе жаз мезгілінде мұнда келушілер қарасы күрт көбейіп, жыл сайын демалушылар легі арта түсуде. Қазір тек облыс тұрғындары ғана емес, еліміздің әр түкпірінен туристер келетінін айта кеткен жөн.Ауыл маңындағы Оқшы ата әулиелер пантеоны – өңірдің рухани әрі тарихи маңызын айқындайтын киелі орын. Жыл сайын бұл жерге мыңдаған зияратшылар келіп, тағзым етеді. Осындай тұрақты ағым туризмнің дамуына серпін беріп, қызмет көрсету саласының кеңеюіне жол ашуда. Бүгінде ауылда туризм және сервистік қызмет бағытында 60-тан астам кәсіпкер еңбек етуде.
Бәйгекұмның тарихы да тағылымға толы. ХХ ғасырдың басында, нақтырақ айтқанда 1905 жылы Ресей империясы кезеңінде бұл аймақ арқылы теміржол желісі жүргізілді. Ханкожа көлі жағасында салынған станция паровоздарды сумен қамтамасыз ету мақсатында пайдаланылған. Алғашқы қоныстанушылар Перовск бекінісінен келген теміржолшылар еді.
Ауыл атауы ел жадында сақталған тарихи оқиғамен байланысты. Досбол би әкесі Қорлыбайдың құрметіне үлкен ас ұйымдастырып, оған үш жүздің игі жақсылары жиналған. Осы жиында өткен ат жарыстары – бәйге ел есінде қалып, жер атауына айналған. 1939 жылы Бәйгекұм ауылдық кеңесі құрылып, Талаптан, Ащықұдық және Бәйгекұм елді мекендері бір орталыққа біріктірілді. Ал 1983 жылы Өзбекстаннан 100 қазақ отбасының көшіп келуі ауыл демографиясына тың серпін берді.
Бүгінде Бәйгекұм – қарқынды дамып келе жатқан ауылдық округтің бірі. Ол Қызылорда қаласынан 100 шақырым, аудан орталығынан 25 шақырым қашықтықта, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізінің бойында орналасқан. Мұндай тиімді географиялық жағдай экономикалық мүмкіндіктерді кеңейте түсуде.
Ауылға кіреберістен-ақ көз тартатын жасыл желек қарсы алады. Жол бойына тізілген ағаштар – Бәйгекұмның айрықша келбеті. Бұл игі дәстүрді жыл сайын мектеп түлектері жалғастырып, көктем сайын жаңа көшеттер отырғызуда.
Ауылдық округ әкімі Дәулет Әбжаппаров – осы өңірдің тумасы, елдің мұң-мұқтажын жетік білетін тәжірибелі басшы. Ол тұрғындардың сеніміне ие болып, қайта сайланған. Қазіргі таңда ауылда 2368 тұрғын, 425 аула бар. Еңбекке қабілетті 1200-ден астам адамның 560-ы жалдамалы жұмыста, 283-і өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 26. Жастардың бір бөлігі мемлекеттік бағдарламалар аясында тәжірибе жинақтауда. Сонымен қатар ауылда 195 зейнеткер мен 72 мүмкіндігі шектеулі азамат тұрады. Мектепте 403 оқушы білім алса, мектепке дейінгі балалар саны 356-ға жеткен.
Округте 82 шағын және орта бизнес нысаны жұмыс істейді. Олардың қатарында «Айдана» және «Әсем» балабақшалары, 10 шаруа қожалығы, 72 жеке кәсіпкер бар. Сонымен бірге Мұхтар Әуезов атындағы №251 мектеп, ауылдық клуб, аурухана, ветеринарлық пункт және учаскелік полиция бөлімшесі халыққа қызмет көрсетуде.
«Ауыл – ел бесігі» мемлекеттік бағдарламасы аясында ауылішілік жолдарды жөндеу жұмыстары қолға алынған. Жақын уақытта бірнеше көшеге асфальт төселмек. Сонымен қатар көшелерді жарықтандыру, көрнекі ақпарат құралдарын орнату және суару жүйесін жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Ауыл шаруашылығы – Бәйгекұм экономикасының тірегі. Тұрғындар мал шаруашылығымен белсенді айналысып, төрт түлік санын арттыруда. Малға уақытылы вакцина салынып, ветеринарлық қызмет үздіксіз жұмыс істеуде. Өнімдер Қызылорда қаласындағы жәрмеңкелерде және халықаралық автобан трасса бойындағы сауда орындарында сатылуда.
Қоғамдық қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмаған. Алдын алу шаралары мен құқық қорғау органдарымен өзара іс-қимыл құқық бұзушылықтың азаюына ықпал етуде. Мәдени өмір де қарқынды дамып келеді. Ауылдық мәдениет үйі тұрғындардың рухани орталығына айналып, түрлі үйірмелер мен шығармашылық ұжымдар жұмыс істеуде. Олар аудандық және облыстық байқауларда ауыл намысын абыроймен қорғап жүр.
Алдағы кезеңде жол бойындағы инфрақұрылымды дамыту – басым бағыттардың бірі. Қазіргі уақытта автожанармай құю станциясының құрылысы жүргізілуде. Бұл нысан жергілікті тұрғындармен қатар транзиттік жүргізушілер үшін де қолайлы болмақ. Сонымен қатар Ханкожа көлі жағасында заманауи демалыс орындары көбейіп, туристер қызығушылығын арттыруда.
Жалпы алғанда, кешенді даму, кәсіпкерлікті қолдау және тұрғындардың белсенділігі Бәйгекұмның болашағына нық сенім ұялатады. Бұл – берекелі тірлік пен бірліктің арқасында өркендеп келе жатқан ауылдың жарқын келбеті.
М.Кеңесұлы







