Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызғалдаққа құрмет: неге біз өз гүл мерекемізді жасамаймыз?

Қызғалдаққа құрмет: неге біз өз гүл мерекемізді жасамаймыз?

Көктем десе, көз алдымызға алуан түсті гүл елестейді. Солардың ішінде нәзіктігімен, сұлулығымен жүрек тербейтін гүлдің бірі – қызғалдақ. Алайда әлем жұртшылығы көктемнің символы ретінде көбіне Жапониядағы сакураны таниды. Жыл сайын мыңдаған турист Жапония еліне арнайы барып, сакура гүлдеген сәтті тамашалауға асығады. Бұл құбылыс тіпті ұлттық мереке деңгейіне көтерілген. Қазір тіптен сакураны дәріптеудің сан түрі шыққан. Бір ғана мысал, көктем шыға әйел заты үшін түгелдей сакура жейдесін кию трендке айналды.

Ал бізде ше?
Қазақстан – қызғалдақтың отаны саналатын елдің бірі. Ғалымдардың айтуынша, әлемдегі қызғалдақтың көптеген түрі дәл біздің кең байтақ даламыздан тараған. Әсіресе Қаратау, Талас Алатауы өңірлері қызғалдақтың табиғи өсетін мекені ретінде белгілі. Соған қарамастан, біз бұл байлығымызды толыққанды брендке айналдыра алмай келеміз.

Сакура неге танымал?
Сакураның құпиясы – тек гүлінде емес, оны дәріптей білуде. Жапон халқы «ханами» дәстүрін қалыптастырған. Яғни гүлдеу кезеңінде адамдар арнайы жиналып, табиғаттың әсемдігін тамашалайды. Бұл – мәдениет, туризм, экономика және ұлттық бірегейліктің үйлесімі.

Ал қызғалдақ ше?
Қызғалдақ та – даланың рухы, көктемнің тынысы, қазақы болмыстың бір бөлігі. Бірақ біз оны көбіне жай ғана табиғи құбылыс ретінде қабылдаймыз. Өкінішке қарай, қазір қоғамда «қызғалдақ жұлсаң ауыр айыппұл төлейсің» деген ғана түсінік бар. Сол қорқынышпен қызғалдақтың маңына жолауға қорқады көбі. Ал ұлттық құндылыққа деген құрмет, оны шынайы қорғап, дәріптеуден әзірге ада келеміз. Себебі ұйымдастырылған фестивальдер аз, насихат әлсіз, инфрақұрылым жеткіліксіз.

Неге қызғалдақ фестивалін дамытпасқа?
Егер қызғалдақ гүлдеуін жүйелі түрде ұйымдастырып, ұлттық деңгейде дәріптесек, бұл бірнеше бағытта пайда әкелері анық. Алдымен, туризм дамиды. Шетелдік қонақтардың қызғалдақ гүлдеуіне қазірдің өзінде қызығушылығы басым. Ал ауқымды мәдени шаралар ұйымдастырылса Қазақстанға арнайы келер еді. Содан соң аймақ экономикасы жанданып, жергілікті кәсіпкерлік өркендейді. Түптеп келгенде өзіміздің көздеп отырған ұлттық бренд қалыптасады. Қазақстан қызғалдақ елі ретінде танылады.
Мысалы, көктемде қызғалдақ гүлдейтін өңірлерде ашық аспан астындағы концерттер, этноауылдар, ұлттық тағамдар жәрмеңкесін ұйымдастырға болады. Мұның бәрі туристер үшін ерекше тәжірибе болар еді.

Қоғамдық сана қажет
Бұл бастама тек биліктің емес, қоғамның да қолдауын қажет етеді. Әр азамат табиғатқа жанашырлықпен қарап, қызғалдақты тамашалау мәдениетін қалыптастыруы тиіс.
Бізде мүмкіндік те, табиғат та, тарих та бар. Ендеше неге қызғалдақ гүлдеуін әлемдік деңгейдегі мерекеге айналдырмасқа?
Сакура жапон халқының мақтанышы болса, қызғалдақ біздің ұлттық символымызға айналуы тиіс.

Гүлхан ЯХИЯ
20 сәуір 2026 ж. 31 0