Қамданған қапы қалмайды
Аудан көлемінде кенеден таралатын қауіпті аурулардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Соның айқын көрінісі – Сұлутөбе елді мекенінде ұйымдастырылған түсіндіру және алдын алу шаралары.Шиелі аудандық көпбейінді орталық ауруханасына қарасты «Сұлутөбе» дәрігерлік амбулаториясының медицина қызметкерлері тұрғындар арасында кенеден сақтану шараларын күшейту мақсатында аула аралау жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде елді мекендегі 353 тұрғын үйдің 190-ы қамтылып, әрбір отбасымен жеке түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылды.
Шара барысында медицина мамандары кененің адам денсаулығына тигізер зиянын жан-жақты түсіндіріп, әсіресе Конго-Қырым геморрагиялық қызбасы секілді аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу жолдарына ерекше назар аударды.
Тұрғындарға табиғат аясына шыққанда жабық киім кию, денені жиі тексеру, сондай-ақ мал шаруашылығымен айналысқанда сақтық шараларын қатаң сақтау қажеттігі нақты мысалдармен түсіндірілді.
Әрбір үйге арнайы дайындалған үнпарақшалар таратылып, онда кенеден қорғанудың тиімді тәсілдері мен аурудың алғашқы белгілері жөнінде толық мәлімет берілді. Сонымен қатар тұрғындардың сұрақтарына нақты жауаптар ұсынылып, қауіптің алдын алу жолдары кеңінен талқыланды.
Мұндай алдын алу шаралары алдағы уақытта да ауданның барлық елді мекенінде жалғасын тауып, халық денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыс жүйелі түрде жүргізіле бермек. Медицина мамандары тұрғындарды сақтық шараларын қатаң сақтауға шақырады.
М.Кеңесұлы







