Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » СҰЛУЛЫҚ СӨЙЛЕСЕ, БҰРЫМ БОЛЫП ӨРІЛЕР

СҰЛУЛЫҚ СӨЙЛЕСЕ, БҰРЫМ БОЛЫП ӨРІЛЕР

Кейде уақыттың екпінімен кейбір ұлттық белгілер көмескі тартып бара жатқандай көрінеді. Бірақ солардың арасынан ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан бір нәзік өрнек бар. Ол – қазақ қызының бұрымы. Бұрым – жай ғана шаш емес, ол тәрбие, талғам, тазалық пен тектіліктің белгісі. Даланың желіндей еркін, ананың әлдиіндей жұмсақ, ұлттық болмыстың үніндей қоңыр.

Қазақ «Қыздың көркі – шаш» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің астарында сыртқы сұлулықтан гөрі ішкі мәдениетке, ұқыптылыққа, инабатқа деген баға жатыр. Өйткені бұрым өсіру – тек сән емес, ол – сабыр мен күтімді талап ететін тәрбие мектебі. Сол себепті бұрын қазақ қыздары шашын айрықша күтіп, қос бұрым етіп өріп, белінен төмен түсіріп жүрген. Қолаң шаш, сүмбіл шаш деп қыздың шашына теңеу беруінің өзі халқымыздың сұлулыққа деген нәзік талғамын аңғартады.
Ұлттық болмыстың осы бір әсем көрінісін жаңғыртып, қыз тәрбиесінің мәнін еске салған тағылымды шараның бірі – облыстық телевизиялық «Бұрымды ару – 2026» байқауы өткен-ді. Оған барлық аудан мен Қызылорда қаласынан 10 талапкер қатысып, төрт кезең бойынша бақ сынады. Алғашқы кезең – таныстыру болса, екінші «Өнерім – менің өрісім» бөлімінде қатысушылардың шығармашылық қабілеті бағаланды. Үшінші кезең «Қыздың сәні – қос бұрым» деп аталып, ұлттық нақыштағы келбет пен дәстүрлі сән көрініс тапты. Ал соңғы «Зерделі екен бұрымды…» кезеңінде арулардың танымы мен зердесі таразыланды. Осылайша байқау барысында қатысушылардың болмысы, өнері мен зияткерлік деңгейі жан-жақты сараланды.
Бұл додада Шиелі ауданының атынан қатысқан еңбекшілік ару Айсана Өскенбай жүлделі ІІ орынды иеленіп, туған жердің мерейін асырды. Оның сахнадағы болмысы тек көрікті келбет емес, ұлттық тәрбиенің бүгінгі көрінісі іспетті әсер қалдырды.
Айсана – 10-сынып оқушысы. Жас болса да, бойында қазақ қызына тән ұяңдық пен ұқыптылық, өнер мен ізденіс қатар өрілген. Бала күнінен бұрымды қыздарға қызығып өскен ол шашын 12 жасынан бастап өсірген. Табиғатынан қалың, қою шашын анасымен бірге күтіп-баптап, бүгінде көптің назарын аударатын бұрымды аруға айналған.
– Қазақ қызы бұрымымен ерекше. Бала күнімнен бұрымды қыздарға қызығатынмын. Анам шашымды жуып, тарап, өріп қоятын. Күтіміне күріштің суын қолданатынбыз. Кейін өзім де өруді үйрендім. Үлкендердің шашқа қатысты ырым-тыйымдарын тыңдап өстім. Өрілген шаш тез өседі. Шаш өскен сайын адамның сабыры артып, төзімі қалыптасады деп ойлаймын. Қазір күтімге арналған түрлі сусабын бар. Бірақ көбіне анам үйреткен табиғи тәсілдерді қолданамын, – дейді Айсана.
Расымен, бұрым – қыздың мінезін де тәрбиелейді. Ұзын шаш күтімді қажет етеді. Ал күтім – ұқыптылықты, төзімділікті, жауапкершілікті қалыптастырады. Сондықтан қазақ халқы қыз баланың шашына тек әсемдік ретінде қарамаған. Оны тәрбие мен мәдениеттің бір бөлігі деп таныған.
Ол бұрымын жай ғана өсіріп жүрген жоқ. Бұрымының ұшына күміс теңгелер мен моншақтардан жасалған шашбау, шолпы тағып, ұлттық нақышты күнделікті өмірімен ұштастырып жүр. Шолпының сыңғыры – қазақ қызының сәні ғана емес, жүріс-тұрысын түзей түскен тәрбие құралы болғанын үлкендер жиі айтады. Сол дәстүрдің бүгінгі жалғасын Айсананың бойынан анық көруге болады.
Айсана тек бұрымымен ғана емес, өнерімен де ерекшеленеді. Ол – зерек, қолөнерге бейім оқушы. Бұл қасиеті анасы Жанат Нұрылладан дарыған. Ұлттық аспаптарда еркін ойнайды, ойыншық тоқиды, моншақтан сәнді сөмке жасайды. Тіпті өзіне қажетті кейбір бұйымдар мен киімдерді де қолдан тоқып алады. Қазақ қызы қашанда өнерімен өрге озған. Кесте тіккен, өрмек тоқыған, ою ойған, домбыра шерткен. Осындай қасиеттер қыздың көркін арттырып қана қоймай, оның ішкі мәдениетін де байытқан. Айсананың бойынан сол ұлттық тәрбиенің ізі айқын байқалады. «Бұрымды ару – 2026» байқауының тағылымы да осында.
Бұрым – өткеннің жұрнағы емес, тиісінше қазақ қызының болмысын айқындайтын бүгінгі де, ертеңгі де құндылық. Айсана Мәмбайқызы сынды бұрымды, өнерлі, ибалы қыздар барда, халқымыздың қызға деген қадірі де, дәстүрге деген құрметі де жоғалмайды. Қазақ «Ақ үйден бір қыз шықты көзі күлген, шаштарын он күн тарап, бес күн өрген» деп бекер жырламаған. Сол көркем көрініс, сол әсемдік, сол ұлттық сұлулық бүгін де өмір сүріп келеді. Оның жарқын бір дәлелі – Айсанадай арулар. Демек, дәстүр үзілген жоқ. Ол – бұрым болып өріліп, шолпы болып сыңғырлап, қазақ қыздарының жүрісімен бірге өмір сүріп келеді.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ
31 наурыз 2026 ж. 33 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№23 (9390)

31 наурыз 2026 ж.

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031