10 жылда 1000 газет
Бүгін «Өскен өңір» газетінің бас редакторы Нұрболат Пірімбет басшылық жасаған 10 жыл ішінде басылымның 1000-шы нөмірі (негізгі саны 9389) оқырманмен дидарласып отыр. 1000 нөмірде мыңдаған тағдыр, мыңдаған есім, дерек-дәйек, мәлімет, тарихи құнды құжаттар жарияланғандығы рас. 1000 нөмір әрқайсысы 4 беттен 4000 бет. Яғни 400 беттен есептесек 10 том тарих.10 жыл. Бір қарағанда қысқа ғана уақыт. Алайда уақытты кері шегеріп, артқа бір бұрылып қарайықшы. 10 жыл бұрынғы Шиелі мен қазіргі сәтті салыстыруға келмейді. Аудан экономикасының әлеуеті артып, жаңа нысандар бой көтере бастады. Мәселен, жаңа аурухана бой көтеріп, заманауи мектептер салынды. Жаңартылған амбулаториялар мен клуб үйлері де замана көшінен қалыс қалмады. Кескін келбеті ерек тұрғын үйлер мен кент тіпті ауылдық жерлердегі балалар ойын алаңдары, жарқыраған көше шамдарының орнатылуы, көгілдір отынның кіруі, үлкен канал-қашыртқылардың тазаланып, қазылуы қысқа ғана уақыт ішіндегі қыруар жұмыстың жемісі емес пе? Тар жолды кеңейтіп, ескіні жаңарту да жеңіл іс емес. Бұл аудан бюджетінің арта түскенінің белгісі. Ал осыншама жұмысты көзі көрген біз білгенмен, келер ұрпақ қайдан біледі?
«Өскен өңір» газетінің наурыз айындағы 14-сі күнгі санында «Ел жадында жаңғырар, жасалған әрбір игі іс» атты бас редактордың мақаласы жарық көрді. Тәуелсіздік жылдарында аудан басшылығында болып, өмірден озған 4 әкімнің еңбегін дәлме-дәл, сандарды сөйлете отырып жазып шыққанда «Әп-бәрекелді» демеске болмады. Ұрпағы, тіпті ет-бауыр жақындары айта алмайтын, Ж.Ердешбаевтың өзімен қызметтес болған менің өзім ұмыта бастаған ақпараттар қайдан шықты? Газет тігінділерін ақтара отырып, үнсіз тарих қойнауында жатқан деректерге жан бітіріп, қайта сөйлеткенде «міне, газет біздің тірі тарих екен ғой...» дестім. Басылымның бәсі біз ойлағаннан да биік екеніне тағы бір мәрте көзім жетті.
Нұрболат Сәдуақасұлы Шиелі ауданының шежіресін қаттап, әр санын шаң басқан архивтерде сақтап келе жатқанын бірі білсе бірі білмес. 2016 жылы ауданның басылымына басшы болып келген ол ең әуелі газеттің ескі тігінділерін жинақтап, тарихты түгендеуге кіріседі. Еңбегі еш кетпеді. Редакция ішіне 1957 жылдан бергі газеттің әрбір санын тігіп, үлкен бір тарихи архивті жасап шығарды. Бұл еңбектің астарында білім мен білік, маңдай тер жатыр. Оған қоса 2016 жылдың ІІ жартыжылдығынан бастап газет тарату ісі Казпоштадан бөлініп, бір сәтте келетін 20 000 газеттің 70 пайызын редакцияда сұрыптап, таратуды қолға алады. Сонымен қатар «Сыр медиа» ЖШС бас директорының қолдауымен «Өскен өңір» газетінің жанынан 2017 жылдан бастап ақпараттық агенттік іске қосылып, жаңа бастамаға жан бітірді. Бүгінгі таңда «Өскен өңір» ақпараттық агентігін тек қазақстандықтар емес, әлем елдері ашып қарап отыратынын білдік.
Білімге құштар, жаңашылдыққа бейім редакцияның шығармашылық ұжымы іскерлігін «Өскен өңір» газетінің 80 жылдығы, 85 жылдығы аясында іздеп жүріп, демеуші тауып кітап шығаруынан-ақ аңдаған болатынбыз. «Сырт көз сыншы». Біз сырттай газеттің әр санын қалт жібермей оқып, жаңашылдықты аңғарып жүрміз. Тек ол емес «Өскен өңір» газетінде тілшілік қызметтен бастап, бөлім басшылығына дейін көтерілген Тұрар Тоққұловтың қаламынан туған дүниелерді жинақтай жүріп, әріптесінің «Қалдырам жырды мұраға» атты кітабын шығарды. Ата басылымның қос мерейтойын кең көлемде атап өтіп, еңбегі сіңген ардагерлердің кеудесіне «Өскен өңір – 80, 85 жыл» атты медаль тақты.
Мемлекет басышысы Қ.Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында барлық салаға —цифрландыру жұмысын қолға алу керектігін айтқан болатын. Осы орайда Ел Президенті тапсырған тапсырма аясында аудандық «Өскен өңір» газеті бұрынғы тарихты түрлендіріп, басылымның тігінділерін халыққа қолжетімді ету үшін сандық жүйеге ауыстыруға жұмыс істеуде. Осы орайда Шиелі аудандық «Өскен өңір» газетінің 85 жылдық мерейтойы қарсаңында аудан басшыларының қолдауымен ескі газет тігінділерін жаңа заманға бейімдеп цифрландыру жұмысын қолға алған болатын. Бұл жұмыс аудандық «Өскен өңір» газетінің фототілшісі Бақытжан Бәйімбетке арнайы жүктеліп, газеттің 1957 жылғы санынан бастап 2024 жылға дейінгі тігінділері арнайы құрылғылармен сандық жүйеге ауысыпты. Аталған жұмыстар дер уақытында қолға алынып, бүгінгі таңда басылымның 7800 саны сандық жүйеге енгізіліп, көлемі – 100 гб электронды нұсқаға айналдырылды. Бұл тәуекелді жұмысқа белін бекем буып кіріскен Нұрболат Пірімбеттің тағы бір қырын көрсетті.
Тарихтың әр парағын аударған сайын тың дерекке кезігетінің де жасырын емес екен. Өзім ауданның әлеуметтік саласындағы басшылық қызметте жүргенімде сол кездегі аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев шақырып: «Аудандағы 4 ірі шаруашылық жерін зерттеп көріңізші?» деген емеурін білдірді. Сол жылы ол кісінің тегеурінді талап қоя білген ұтымды ізденісі, ересен еңбегінің нәтижесінде Жоғарғы соттың қаулысын шығартып, құйтырқы схемаларымен атышулы БТА банкінің меншігіне өтіп бұғатталған ауданның 4 бірдей ірі шаруашылықтарының мыңдаған гектар жерлерін қайтарып алғаны елдің ризық несібесін еселеген үлкен ерлік еді. Содан бері өңірдің ырысы еселеніп, ауданда ірі шаруа қожалықтар жұмысы жандана түсті. Шиелі өндірісі мен ауыл шаруашылығы қатар дамыған өңір. Соның арқасында соңғы 3 жылда «Үздік аудан» атанды. Бұл тарихтың бәрі «Өскен өңір» газетіне хатталып жатыр.
Мерзімді басылым тасқа таңбаланған соң, тарих айнасы екенін естен шығармағанымыз жөн. Толқын-толқын ұрпақ сарғайған басылым беттерін парақтағанда ауданның өткенін, бүгінін, келешегін, болашаққа жасған батыл қадамдарын саралай оқып, тағылым алады, жақсыдан сабақ үйренеді, әттегенайды қайталамау керегін ұғады, білімдарлар тәпсірлеген бабалар тарихына бойлайды, жақсы мен жайсаңды танып біледі. Мұның бәрі 87 жылдық тарихы бар «Өскен өңір» газетінен табылады. Мен өзім ауданның идеология саласында оның ішінде бұрынғыша ішкі саясат бөлімі, мәдениет бөлімдерінде басшылық қызметте жүріп, редакциямен, шығармашылық ұжыммен қоян-қолтық, әріптестік бағытта тығыз байланыста отырып жұмыс істеген адаммын. Баспа өндірісін, газет шығару ісін, шығармашылық қауымның еңбегін, оның қызығы мен шыжығын жан дүниеммен терең түсінген жанмын. Осы орайда тек біз редакция ұжымымен атқарылған ересен еңбектің құнын бағалай білсек болғаны!
Исабек Байкенжеев,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі






