Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Таза аула өзімізден басталады

Таза аула өзімізден басталады

Аудандық ардагерлер кеңесінің үндеуі

Қымбатты да қадірлі ағайын!
«Өскен өңір» газетінің ­1 қарашадағы 2025 жылғы санында Шиелі ауданының құрметті азаматы, су саласының ардагері Әлияр Сейітов ақсақалдың «Шиелім – алтын бесігім» атты мақаласы жарық көрген болатын. Онда аудан әкімінің дұрыс бағыт ұстауының арқасында Шиелі ауданында көп өзгеріс орын алып, яғни жаңадан түрлі ғимарат, тұрғын үйлер салынып, ескі үйлер жөнделіп, сырты әрленіп, жаңа көшелер ашылып, балалар алаңы бой көтергені, сонымен қатар көшелерде жарық шамдары жарқырап, аудан көлемінде тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатқандығы жөнінде қуана, мақтана жазған еді. «Таза Қазақстан – жалпыұлттық экологиялық» акциясы аясында апта сайын сенбіліктер ұйымдастырылуда. Көше мен ауыл тазалығы, ағаш егу, көгалдандыру жұмыстарына мекеме қызметкерлері белсене атсалысып атқарып жатқанын айта келе, осы жұмыстарға жеке үйдің тұрғындары араласпай тыс қалатынына реніш білдіргені бар. Мақала авторы жеке үй тұрғындары өз үйлерінің алдын, ауласын мекеме қызметкерлеріне тазалатып қоюы өте ұят іс екенін де қынжыла жазды. ­Аудан ардагерлері Ә.Сейітовтің дәл айтқан ұсынысын қолдай отырып, осындай үндеу жасауға себепші болған патриот азаматқа алғысын білдіреді.

Құрметті аудан тұрғындары!
Үйлеріңіздің алдындағы аула мен көшені таза ұстау – өздеріңіздің азаматтық міндеттеріңіз екенін ескеріңіздер, ұмытпаңыздар. Бұл жұмысты мекеме қызметкерлеріне жүктеу ерсі қылық, ұят нәрсе. Себебі сіздер сол үйде тұрып, өсіп-өніп, Алланың берген нығыметін көріп отырсыздар. Атам қазақ «ерте тұрған әйелдің бір ісі артық, ерте тұрған еркектің ырысы артық» деген. Аталы сөзді ұстанып, ерте тұрып аулаңызды, көшеңізді сыпырып тазалыққа кірісейік, ағаш егуді бастайық, ауданды жайнатып тастайық. Бұл – өмір талабы, тіршілік ғажабы. Дала тазалығы – сана тазалығы.

Өркен Исмаил,
аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы
30 наурыз 2026 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№22 (9389)

28 наурыз 2026 ж.

№21 (9388)

23 наурыз 2026 ж.

№20 (9387)

17 наурыз 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031