Ұлыстың ұлы күні: дәстүр мен тағам сыры
Наурыз – әлемнің көптеген елдерінде мемлекеттік әрі ұлттық мереке ретінде тойланады. Әдетте дәстүрлі тағамдар дайындалып, оларды дәл осы күндері ғана дәмін татып көруге болады. Бізде бұл – наурыз көже, Өзбекстанда – сумаляк, Татарстанда – карғы ботка…«Наурыз» сөзінің түбірі парсы тілінен шыққан екі сөзден тұрады: «жаңа» және «күн». Бұл мереке исламға дейінгі көне дәуірлерден бастау алады. Ежелден ол табиғаттың жаңаруын білдіріп, береке мен молшылыққа табынумен, жаңа, жақсы өмірге деген сеніммен байланысты болған. Бүгінде бұл мереке Орта және Кіші Азиядағы, Қазақстандағы, Ирандағы, Ауғанстандағы, Әзербайжандағы, Түркиядағы және басқа да елдердегі иран және түркі тілдес халықтар арасында кеңінен тойланады.
Наурыз немесе көктемнің келуі жаңа өмірдің басталуымен астасады. Бұл күні адамдар өткеннің барлық қиындықтары мен өкпелерін артта қалдырып, «жаңа күнді» таза парақтан бастауы керек деп есептеледі. Дәстүр бойынша, қазақтар Наурыз мейрамында мол дастарқан жайып, үйге достарын, туыстарын және көршілерін шақырады. Мерекенің басты шарты – дәстүрлі тағам наурыз көжені дайындау. Әр үйде оны дайындаудың өзіндік ерекше рецепті бар. Бұл құнарлы әрі ерекше тағам – молшылықтың символы. Тостағандағы көжені тауысып ішсе, келесі жыл да дәл осы тағамдай берекелі болады деп сенеді.
Альбина Набиева – балабақшада аспаз болып жұмыс істейді. Оған наурыз көже дайындауды анасы Жамиға Ибатуллақызы үйреткен. Ол жыл сайын туыстарына арнап осы дәстүрлі тағамды әзірлейді. Көптеген жерлестері бұл дәмді әрі нәрлі тағамды дайындаудың қыр-сырын сұрап жатады.
– Мұнда ерекше құпия жоқ, – дейді Альбина. – Ең бастысы, бәрін ықыласпен жасау керек. Наурыз көжені алғаш рет ішкенде, міндетті түрде тілек тілеп үлгеру керек, сонда ол орындалады. Қызығы, бұл тағамның негізінде жеті саны жатыр. Ырым бойынша жеті түрлі дәмнен тұратын көжені жеті үйден ішсең, жыл бойы бақ пен береке болады деп сенеді.
Әрбір ингредиенттің мәні қандай?
Біріншісі – су. Ол адам өмірінің символы, ағып жатқан өзенмен салыстырылады. Тұз – тағамға дәм береді, мұны қазақтың «Тұз – астың дәмін келтіреді, жақсы сөз – ойдың мәнін келтіреді» деген нақылы дәлелдейді. Ұн немесе кеспе тоқшылық пен байлықты білдіреді. Сүт – тазалықтың, бейбіт өмір мен татулықтың нышаны. Құрт – күш пен денсаулық сыйлайды. Алтыншы ингредиент – дәнді дақылдар, яғни бидай немесе арпа. Арпаның ерекше емдік қасиеті бар, ол қанды тазартады деп есептеледі. Соңғысы – ет қазақтар үшін ең сүйікті тағамдардың бірі болып саналады.

Материалды дайындау барысында бұл мерекенің басқа халықтарда да ұқсастары бар екенін қызығушылықпен білдім.
Жапондарда ол Риссен, қытайларда – Чуньцзе, чуваштарда – Шиварни, марийлерде – Уярни деп аталады. Барлық халықтарда бұл мереке жаңа жылдың келуін, табиғаттың жаңаруын білдіреді. Бұл күндері адамдар би билеп, ән айтып, әзілдесіп, көңіл көтереді. Барлығы қуанып, бір-біріне ұлттық тағамдар ұсынып, жаңа жыл баршаға бақыт пен сәттілік әкеледі деп сенеді.
М. Кеңесұлы