Сәулелі ғұмыр
Газет қарап жатып мызғып кеткен екенмін, қалта телефонның қоңырауынан оянып сүлесоқтау құлағыма тостым. Әләу, әләу... Алыстан, құмығып, үздік-создық шаршаңқы дауысты бірден ажыраттым. Сәулебай ағай ғой! Әу дегендегі шалқамнан жатқан кібіртік-кіржіңімді көріп тұрғандай ұялған інілік ілтипатыммен әдеттегі «ассалауға» екпін сала елпілдеп-ақ жатырмын. «Саушылығыңыз жақсы ма?.. Ол жақтағы бала-шаға...» дегенді я естіді, я естімеді, қарама-қарсы қабаттасқан сөз арасынан «Ауылдамын. Маған келіп жолығып кет!» дегенді әрең ажыраттым. Ауылдамын дегеніне қуанып қалсам да, «дұрыстау телефон ұстаса қайтеді екен осы?» деп қылаң еткен қынжылған ойымның ағат екенін ертесіне үйіне барып өзімен жүздескенімде бірақ білдім. Ұстап отырған телефонда кінәрат жоқ, соңғы үлгідегі алақандай жалпақ «Айфоныңның» дәл өзі. Кінәрат денсаулықта сияқты. Жүдеп, шаршаңқырап, отыр. Қоңырқай реңі сәл солғын тартқан. Үңіліп телефон қарайды, (оған да шүкіршілік қой) қоңырау шалған адамды даусынан танып отырған санасы сергек. «Туған жиенім ғой» дейді өзімен сөйлескен кісіні маған таныстырып. «Күніне бір рет хабарласып, жағдай сұрап тұрады. Ол да болса демеу, жақындық, жанашырлығы шығар» деп салалы саусақтарымен иегін сипап ойға шомған аз-кем отырыстан соң жасаураған көзін сүртіп: – Көп болған жоқ, көзге ота жасаттым. Шырадай жанбаса да, газет қарарлық қалыпқа келмей оқудан да, жазудан да қалдым, – деп қамыққандай болды. Қайтсін енді деймін іштей мен де күйзеліп, көз ашып хат танығалы бері кітап оқып, газет қарап, түртінектеп жазумен шұғылданған адамға көзден қалу ең ауыр жаза болатынға ұқсайды ғой. Оны дүниеден озған өзімнің туған ағаларымның (Оразбек, Әбілқасым) бастан өткізген жағдайларынан жақсы білем ғой. Өзіміздің Мамай інімізден (Ахетов) есіттім. «Көңілдің қосы жоқ, жазуды біржола қойдым білем!» деген сөзінен шошыныпты соңғы жүздескенінде. Әбілқасым да дәл солай, көздің нашарлауынан бояудың алуан түрлі (палитра) түсін өз ойындағы дәрежеде шығара алмауы депрессивті жағдайға әкелген науқасының басы болып еді. Жылт еткен осы ойларымды сездірмеуге тырыстым. Бір кездері жігіттің төресі болған «Уа, кімсің, Сәулебайды» шынымен-ақ қарттық дендей бастағаны ма?.. Құшақтап, қолынан ұстап отырып хал-жай сұрасып, біраз мауқымызды басқандай болдық. Тәуір көретін інілерден кәрі жолдастар озып тұр дегенінен шақырумен келген өзім ұялып та қалдым. «Дұрыс қой, дұрыс қойдан» басқа не айтайын?
– Қалдыбай жиі хабарласып тұрады, досым ғой... Әлі тың. Рахым хабарласпайды, жиналыс-құрапаттарға қатысып жүр дегенді сыртекі естимін.
– Иә, олардың ортада болғанын қалаймыз. Айтары бар ағаларымызды айбын көріп Сұлтекең екеуін алдымызға салып жүрміз, – дегенді қостым. Еһ-е-ее дегенді созып, таңырқағандай әлде тамсанғандай:
– Рахым жасынан шыныққан, бойы да теректей, мықты спортшы еді, ал Сұлтанбегің әлі жас, – дейді. Қайдағы жас, ол да биыл 80-ге келіп той жасады деген ойымды тіл ұшынан іркіп қалдым. Өзінен кейінгілерді баласынып 80-ге шекесінен қарайтын мына 90 дегенің өзі тобықтан қағып алар оңай-оспақ жас болмайды екен-ау деймін күле қарап. Күлсең – кәріге күл, Сұлтекеңді (Оразымбетов) әлі жас көргені бұл кісіге жарасып та тұр.
– Сейілбек досыңыз да әлі ширақ, таяғына сүйеніп поселкені күніне екі рет айналып шығады деймін жорта. Қатарластары жайлы айта түскенін қалап, сүйемелдеп сөзге тартқандағым ғой. Миығын тартып кеңк-кеңк күліп алды әуелі, сосын жөткірініп отырып құнжыңдап қуақыланған раймен:
– Шойнаңдап жүріп, пәлесін қара өзінің! Қайда-а-ан екі айналған? Мықтымсып бөседі дағы... Сөйлесіп тұрмыз, күштен қайтпағаны күрілдеген даусынан білінеді, – деп сылқ-сылқ күледі.
– Оны сақтап отырған үйіндегі кемпірі. Мен де Сағиланың алдында кетсем деуші едім, көрмейсің бе енді... – дегенді қосып мұңайып қалды. Дереу әңгіме желісін басқа арнаға аудардым. Өткен-кеткенді қозғап ұзағынан сөйлеу ниетін танып отырмын.
– Исабек-ау, соғыстың алдында туған бізді Құдай әу бастан-ақ елдің ауыртпалығын көтеріп шыдас беретіндей шымыр етіп жаратқан болса керек. Менің қатарлас тұстастарымның көрмеген қиыншылығы жоқ қой. Бәрі сол сұм соғыстың зардабы. Өкімет айтқанына көндірді, айдағанына жүргізді. Бір елі ауызға екі елі қақпақ қоятын заманда туған секемшіл ұрпақпыз ғой, абайлап жүріп, ақырын бастық. Көбіміздің томаға-тұйықтау болғанымыз, бұйығылау бұғып өскендігімізден де шығар бәлкім. Бірақ жігерсіз емес едік, дәтке қуат тәуекелмен алға ұмтылдық. Бәрін де көрген, бәріне де көнген төзіммен әдімұлыққа жетіп, ат жалын тартып мінген беріде ғана ес жиып, етек жаптық. Қайсымыз болсақ та, қай салада болмасын көштен қалмауға тырысып жан аямай жұмыс жасадық. Арымыз да, қолымыз да таза, қоғамға адал қызмет етіп өмірлік миссиямызды толық орындадық білем» деген мазмұнда ой өрбітіп сыр шерткен сөз сабақтады. Күмәнсіз иландырған имандай шындыққа қалай ұйымассың?
Расымен де, жаһан соғысының алдында ғана дүние есігін ашқан осы ұрпақ өкілдерінің алды 90-ға иек артыпты. Мұқағали ақынның «Біздер жетімдерміз, жетімдерміз. Жетім болып жүріп-ақ жетілгенбіз!..» дейтіндер ғой бұлар. Ес кіргенше бірі жесірдің жетегінде, бірі әженің етегіне оралып жүріп ерте есейгендер. Естігенін ұмытпайтын құймақұлақ, көргендерін көз жазбай танитын жады мықты, көзіқарақты кітап құмар болып өскен осы буыннан өткен ғасырдың 60 жылдары қазақ руханиятына дауылдатып-жауындатып келіп қосылған пассионар тұлғалар көп шыққан. Әдебиетте: Оразбек Сәрсенбай, мемлекет және қоғам қайраткері Сейілбек Шаухаманов, т.б, танымал тұлғалардың шыққан ортасы осы. Сауқаңмен бір мектеп, бір сыныпта оқығандар. Алты жасынан астық артқан есекке мініп, он жасынан арба айдаған да осылар. Қалжырап ұйықтап кетіп, маужырап оянғандағы қуырылған бір уыс бидайдың шайнап нәрін алған тәтті дәмі әлі ауыздан кетпеген ұрпақ. Ысырапқа жоқ үнемшіл, азға місе тұтар қанағатшыл болатындары да қаршадайдан қанға сіңісті ғадет. Ашқұрсақ жүріп әліппе жаттаған олар өткенін ұмытпайды, бүгінгі бәсеке байлыққа қызықпайды. Ең бастысы, асқан құштарлық-ыждағатпен оқып алған ілім-білім, қажыр-қайратпен ортақ Отанымыз болған Кеңес өкіметінің ең бір кемелденген (1965-1985 ж.ж) тұсындағы молшылық пен рухани өрлеуге қол жеткізген де осы буын өкілдері. Осы биіктен құлдырайтын тәубә-тәуелсіздігіміздің алғашқы он жылында орын алған өтпелі кездің қиын тұстарында да, селт еткізер сұсы мен ес жиғызар мысы басқан тегеурінмен елді уысында ұстаған олардың, бүгіндері де жігері жасымаған биік парасатын танимыз. Ұлағат етерлік ұстанымын көріп жүрміз. «Дән иісі сіңген қанында, даламның бір-бір бөлшегі!» дейтін Сағи ақынның жыр жолдары, ауданның киесі де, иесі де болып жүрген дәл осы біздің қадірменді қарияларымызға арналғандай. Осылардың қатарынан Сәулебай ағамыздың да ойып тұрып алатын орны бар. Сауқаңның сәулелі ғұмыры да мазмұнға бай, кейінге үлгі. Киелі Шиелі өңірінің білім саласына саналы ғұмырының 50 жылын арнаған ұстаздардың ұстазы. Әркімдерге бұйыра бермейтін, қоғам алдында, ұрпақ алдындағы да парыз-қарызының үдесінен шығып, көптің қошемет-құрметіне лайықты әдемі қартаю нәсіп болған үлкен абыройға ие.
***
Шәкәрім қажы айтады: «Адамда екі түрлі мақсұт бар, оның бірін тән мақсұты, бірін жан мақсұты дейміз. Қара басының қамын ойлап, өзімшілдік, мақтан көксейтін – тән мақсұты. Адамшылық ар мен адал еңбек іздейтін – жан мақсұты» деп. Сауқаң, осы ар мен адалдық іздейтін екінші жолды таңдаған кісі ғой. Оқып, түлеп ұшқан алтын ұясы №45 (бұрынғы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы) қазақ орта мектебі бар өмірінің алтын қазығы іспеттес. Институт бітіріп келгеннен кейін де тағылым-тәрбие алған, ұстаздық жолына салған да, өмірлік серігін тауып үлкен өмірге қадам бастырған да қасиетті қара шаңырағындай болған осы білім ордасы. Ол кісінің «жасымнан мұғалім болуды көкседім, ұстаз болуды арман қылдым» дегенін естімеппін. Бірақ жоғары сыныптарда химия, физика пәндерін қызығып оқитынмын дегенді айтады. Ол кездегі Шиелідегі қона-жатып оқитын интернаты бар жалғыз оқу орны болатын осы мектептің көпшілік біле бермейтін тағдырлы тарихы ұмытыла бастағандай. Айта кету артық та болмас. Мектеп әу баста, зұлым саясаттан болған зұлмат жылдары ауа көтеріліп Сырға құлап Тәшкен асатын жолында ата-анадан өлі-тірідей айырылып не ажырап қалған қыр қазақтарының, қаңғып аңырап қалған тұл жетімдерді оқыту үшін 1934 жылы 7 жылдық мектеп болып ашылған. Бірте-бірте поселке орталығындағы орыс мектептерінен ауысқан қазақ балаларымен толығыпты. Әуелгіде жетімдер үйіне орналасқан сол балалардың көбі үш мезгіл ыстық ауқат берілетін мектеп жанынан ашылған интернатта жатып оқып, кейіннен алдыңғы лекпен майданға аттанған олардың кейінгі тағдырлары белгісіз. Осы әңгімені өзі де осы мектептің түлегі, өзімнің де институттағы ұстазым болатын академик Досмұхамед Кішібековтің өз аузынан естігенім бар. Тағдырлы тарих дейтінім осы. Асқар тау әкеден 3 жасында айрылған талай-тағдырында да ұқсастық болатын біздің Сәулебай ағамыз да осы ізбен келіп, 3 мезгіл тегін тамағы мен жатын орны болатын осы мектепке оқуға ықыласы ауған талпынысы әбден қисынға келіп тұрса да, қиюын келтіру қиынға соққан қызық оқиғасы бар. Анау тау етегіндегі Жиделіарықтағы бастауыш мектепте, одан Еңбекшіге қатынап оқып 7-ні бітірген бозбала 8 сыныпқа оқуға қабылдауын өтініп мектеп директорына кіреді. Өзінің әкеден жалғыз, шешеден жалқы (анасының басқаға тұрмыстанғанын меңзеп) екенін айтып, мұнда үйіне жатқыза қояр ағайын-туыстың да реті келмей тұр деген сыңайда жағдайын айтпайды ма? Тоңтерістеу кісі болды ма, әлде расымен де бос орын жоқ, түксиіп суықтау қабылдаған ол кісінің сөз ыңғайы: Қайсыбіріңді қолтығыма қыса берермін?.. Анау – жесір, мынау – жетім!.. Бәрің бірдей ғалым болсаңдар қанеки? Жататын жерің жоқ, тұрмысың төмен болса, дап-дардай жігітсің, колхоздың жұмысына неге бармайсың? дегенге ойысып үгіт айтыпты алдымен. Күмілжіп, көнгісі келмеген түріне қарап ашуы келді ма, «бар әйда, қайқай!» деп шорт кесіпті соңында. Не істеу керек? Жауып тұрған жаңбырлы күн, онсыз да көңіл күйі жоқ баланың еңсесін басқандай салы суға кетіп, иіні түсіп ілбіген аяңмен ең үлкен бастық отыратын райкомға соңғы үмітпен келеді. Жан алқымға келгенде жол тапқан түйсігі алдамапты оны. Сол кездегі аудандық партия комитетінің хатшысы (Әлжанов) баласынбай қабылдап, дереу мектеп директорын шақыртады. Қолтығына қысқан зонты бар, әлгінде ғана меселін қайтарған директор ағайы ентігіп кіріп келгенде зәресі қалмай қорыққанынан орнынан ұшып тұрғанын айтады. Хатшы созбақтамай қысқа қайырыпты: «Адамбаев жолдас, баланың көзінің оты бар, (жыламсырап тұрған көзден ұшқын атқан қандай от көргенін өзі біледі) 7-ні де кіл 5-пен аяқтапты. Балтай-шалтайыңды қой, коммунизмнің болашақ құрылысшылары жастарға қамқорлық жасау менің партиялық борышым, сенің жанқиярлық міндетің!» деп нығарлапты, қасын қиғаштап қабағын түйіп. «Партия» дегенде жан қалмайтын кез. Қорқып тұрған жалғыз өзі ғана емес екен, әлгінде ғана зорекі көрінген ағайдың көре-көзге кішірейіп «Әй бала мұның не? Атың кім еді өзіңнің?.. Былай ғой... Өзім-ақ реттейтін жұмыс, ұят қылдың ғой...» деп аяқастынан жік-жапар аянышты түрін көріп, өзіме бәле тілеп алмасам не қылсын деп уайым да қылдым дейді Сауқаң күліп отырып. Жоқ, бұл ойлағандай емес, кең қолтық қазақы адам болып шығыпты. Сыртқа шыққан соң «Жөніңді айтпадың ба, міңгір-міңгір еткенше?» деп тыржиғаны болмаса, басқалай қысастық көрмегенім былай тұрсын, тәртібім мен сабақ үлгеріміме қанағаттанған қолдауы мен қамқорлығын да көрдім деп ризашылықпен еске алады осы күндері. Ағамыздың жасөспірім бозбала шағындағы жасына қарай көңіл көкжиегінің кеңейіп, ілім-білімге ынта-ықыласын оятқан да, дүнитанымының толығып, қоғамдық өмірге көзқарасының қалыптасуы да осы мектеп қабырғасынан бастау алғаны анық. Ол кездегі мұғалімдердің Кеңестік білім берудің классикалық методикасына сүйенген ұстаздық тағылымы да, үйрету тәсілдері де өзгеше еді дейді ағамыз. Өздері оқушы болатын ол кездегі мұғалімдер, шәкірттерінің өз бетінше ізденіп жұмыс істеуге көбірек бағыттаған, ойлау қабілеттерін ұштайтын шығармашылық бастамаларына барынша ден қоятынын айтады. Оқулық шеңберінен тыс өзінше ізденетін ынталы оқушымен арнайы жұмыс жасап, көп уақыт, күш-жігерін жұмсауға барынша ықыласты болатын. Мысалы, қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ беретін ұстазы, кеңес өкіметінің ең жоғарғы Ленин орденімен марапатталған Шәкен Ысқақова апайы мектептің қабырға газетінің шығуына жетекшілік жасап, кейіннен танымал ақын-жазушылар болған Оразбек Сәрсенбаев, Сәрсенбек Жұмабеков, шешен жігіті Абдулхамит Исаевтардың әрбір жазған өлеңдерін талдап, қандай тақырыпқа не жазу керектігі жайлы ойларымен бөлісіп, тапсырма беріп отыратынын сүйсіне еске алады. Оқушылармен осындай тығыз байланыстағы жанды жұмыс өз жемісін бермей тұрмайтын, өз пәндеріне асқан ыждағат жауапкершілікпен қарайтын басқа да ұстаздарының болғанын мақтан тұтады. Өзі оқып, түлеп ұшқан мектебі Сауқаңа тура мағынасында алтын ұя, құтты шаңырақ болғанын жоғарыда атап өттік. Институт бітіргеннен соң, сол кездегі тәртіп бойынша Шымкент облысы Шаян ауданына қарасты түкпірдегі Орловка ауылында бір жылдай мұғалім болып, өзінің Шиелісіне келіп аудандық білім бөлімінің бастығына (Тайманов) кіріп жұмыс сұрайды. Ол кісі «орын жоқ» деп қайтарады. Қай кезде де жебеушің болғаны қандай жақсы, №45 мектеп директоры қызметіндегі Айбибі апасы (атақты қайраткер тұлға Ғафур Мұхамеджановтың жұбайы) Дүйсекеңе өзі кіріп көндіріп, әуелі қатардағы мұғалім, 8 ай өткенде өзіне оқу-ісі жөніндегі орынбасары етіп тағайындайды. Көп жыл бұрын осы мектепте оқуға келгенінде дәл осы «орын жоқ» жерден орын тауып орналастырған райкомның 1-хатшысы еді, осы жолы да жұмысқа орналасуына көмек қолын созып қол ұшын берген 1-хатшының әйелі болатын сәйкестікке қараңыз. Жолы болған емей немене? Айы оңынан туып, дәл осы мектептен өмірлік серігі болған Сағила жеңгемізді кезіктіріпті. «Айбибі апам Сағиланы ал десе, бұрынғы ұстазы Төлтай апай өзінің туған қайынсіңлісі болатын аудандық комсомолдың 1-хатшысы Майгүлді ал» дейтін көрінеді. Қыз таңдап сырғақтап көп жүрмепті, Сағилаға көңілі ауыпты. Әбден риза болған Айбибі апасы комсомол тойын ұйымдастырып, 1-хатшыны бас қылып барлық колхоз-совхоз, ірі мекеме басшыларын шақырып мектептің спорт залында дүркіретіп тойын өткізіп беріпті. Сол тойда қолына жаңадан салынған екі қабатты үйдің 1-қабатынан екі бөлмелі пәтердің кілтін ұстатып, қажетті жиһаз, ыдыс-аяқтарына дейін қамтып үйлі-жайлы қылады. «Газ-51 жүк машинасына мініп Оразбек, Сәрсенбек, Мырзахандар бастаған уылдап-шуылдаған жастар сырнайлатып Шиелі көшесімен шеру тартқанбыз» дейді өзінің үлкен өмірге басқан алғашқы қадамының сәтті болғанын сағына еске алып.
– «Өзіңізге алғашында қызмет бермеген Тайманов Дүйсекеңнің тікелей басшылығымен бір ғимаратта оншақты жыл жұмыс істепсіз, өзіңізге қиын соқпады ма? Жалпы ол кісіні қалай бағалайсыз?» деймін сыр тартып.
– Сөз жоқ іскер адам. Қатаң тәртіп талап ететін, бірақ ызғар шашқан қатал емес, адамгершілік қасиеті мол. Қан көрген майдангер кісі ғой, басшыға тән ықтырып-бұқтырып сөйлейтіні бар. Адуын көрінетін алды тар болғанымен арқасы кең, әділ басшы болды. Райкомның 1-хатшысымен сыйластықта болған дос-жарлығына сүйеніп Дүйсекеңнен (Смайлов) басқа ешкімге мойын бұра қоймағаны да рас. Осынысы «қорқады, аяғын тартады...» дейтін сыңайдағы көп әңгіме сөзге де тамызық болатын. Неге қорықсын? Сыйлайды-дағы! Өз ойымша, әр нәрсенің парқы мен нарқын білетін ақылдан кенде болмайтын ол кісінің Дүйсенбінің ақындық таланты мен биік парасатын іштей мойындаған құрметі болса керек, – дейді Сауқаң. Сауқаңды да бас инспекторлықтан үздіксіз 25 жыл қызмет істеген М.Ломоносов атындағы №47 мектепке директорлыққа жылжытқан сол кісі. Алғаш осы қызметке барасың дегенде қатты қобалжыған. Тұтығып, біразға дейін сөйлей алмай қалыпты. Оның да себебі бар еді дейді. Аздан соң, бір иықтап шалқайып, таңырқай қарап отырған бастығына үрейленген үмітпен зорға тіл қатыпты.
– Дүйсеке-ау, түгел сөздің өзін өңін айналдырып «өңдеуге» машық аудандағы өңкей «данышпандарды» шоғырландырып бір мектепке жиып қойдыңыз да, мені орталарына тастап отқа итергеніңіз қып-қызыл қиянат қой! Ақылгөйсіген аналар түрткілеп түте-түтемді шығарады, – деп азарда-безер болғаны бар.
– Нешауа! Қорықпай-ақ қой, ол да сенің қамың – дейтін көрінеді бастығы.
– Жүрегіңді бас, не болды сонша үркіп? Олардың бәрін бір жерге жинағаным «ақылмандар» да бірінен бірі сескенеді, яғни домалатып қағазды былғап сүйкей салу сирексиді. Мұны бір деп қой! Екіншіден, ондайлар болып жатқанның өзінде, «Бәле кімнен? Қай жерден шықты? деп әуре-сарсаңға түспейміз, бәрін бір жерден оп-оңай тауып аламыз. Бұл – екі! – деп қулана жымиып екі саусағын шошайтыпты. – Сөзді қой, ертең 1-нің қабылдауына кіресің, осымен әңгіме тәмам, – деп шығар есікті нұсқапты. Ертеңіне өзін қабылдаған аудандық партия комитетінің 1-хатшысы Орынбасар Бәйімбетовке де жұқалап осы жайлардың шетін шығарады ғой. «Қорықпа, Біз не үшін отырмыз осында?» деп, ертең обкомның 9 бюро мүшесінің алдынан өтетінін, дайындалып баруын тапсырып, мәселенің алдын ала келісілгенін айтып ол да шығарып салыпты. Сәулебай ағамыз осы қызметті зейнетке шыққанша табжылмастан табаны күректей 25 жыл атқарып абырой арттырып, елге танылыпты.
М.Ломоносов атындағы №47 қазақ орта мектебінің да тарихы тым әріден, Сталин заманынан басталатын аудандағы ең іргелі білім ошақтарының бірі. Алғаш рет 1951 жылы 7 жылдық (орталау) орыс-қазақ аралас мектеп болып құрылып, кейіннен қосымша сыныптардың ашылуымен алдымен 8 жылдық, 1958 жылдан ауданға іргелес колхоз балалары қатынап оқитын орта мектепке айналған. Әр жылдары мектеп басқарған Нұрбай Дүйсенбаев, соңғы 10 жылда директорлық қызметте болған Мәлік Оспановтардан кейін оқу процесіне жаңа бағыт беріп, білім сапасын жаңа деңгейге көтерудің тым оңай болмасын әбден түсінеді. Ең қиыны, соңғы жылдары ұжымның беделіне едәуір нұқсан келтірген қаңқу сөз, арзымас әңгіме көбейген «жаттым-аттым»-ға тосқауыл қойып, түбірінен жоюға бағытталған «сауықтыру» шараларын жүзеге асыру. Мектепішілік психологиялық ахуалды түзейді деген жоғары басшылықтың үмітін ақтап, үдесінен шығу басты мақсат, басы ашық әңгіме болатын қиын түйін екенін біледі. «Тәуекел түбі жел қайық, өтерсің де кетерсің» деген расқа айналды. Бел шешіп, белсене кіріскен алғашқы қадамын ұстаздық ұстанымы берік, білім-білігі жоғары мұғалімдермен жеке-жеке сөйлесіп, бір мақсатқа жұмылдыра алған, сендіре білген, бір бағытқа топтастыруға ұмтылған ұйымдастыру, үйлестіру жұмыстарынан бастапты. Кейіннен өзіне мықты тірек болған (Б.Мизамбаев, З.Тасыбаев, Р.Иманбердиева) кадрлық іріктеудің нәтижесінде көп ұзамай-ақ оқу процессінде біршама оң нәтижелер көрсеткен ілгерілеу байқалып, ең бастысы – ұжымдағы психологиялық ахуал оңалыпты. Бүгінгі таңда Сауқаң ширек ғасыр басшы болған №47 мектеп облыс көлемінде алдыңғы қатардан көрініп, жоғары дәрежеде марапатталып, қомақты қаржылай гранттар иеленіп, білім саласында ең үздік нәтиже көрсетіп жүрген аудандағы маңдайалды білім ордасы. Әрине, осы биіктерді бағындыруға көп жылғы еңбегімен негіз қалаған «Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі» арнайы атағы бар Шиелі ауданының құрметті азаматы Сәулебай Аймахановтың қосқан өлшеусіз үлесінің болатыны ақиқат. Сөз басында данышпан Шәкәрім қажы айтты деген «адамшылық ар мен адал еңбек іздеген...» адамның бар мақсұты орындалған қанағат етерлік осыдан өзге қандай бақыты болмақ?
***
Бір қызығы, Сауқаң бастауыш сыныптан бастап өзін оқытқан барлық мұғалімнің де, қай ауылдың өрені болатын оқушылардың есім-сойларын ұмытпаған. Өзіне салсаңыз, олардың бәрін тізіп атын атап, түсін түстегенімді қалайды. Қатарлас, әріптестері туралы айтудан жалықпайды. Сөз арасында №207 Жаңатұрмыс мектебінің директоры болған Есенов Бәйділданың қолынан оқығанымды айтып, ол кісі жайлы пікірін білгім келгеніне: – Оу, білмегенде ше? Оның әйелі Рәбиғаны да танимын. Қызылтудың қызы, өзі де сұңғақ бой, қараторының әдемісі еді, – деп қояды тамсанып... – Бәйділда марқұм дүниеден ертерек озды, осы қазір ортамызда жүрген Аманжол Әбуов, оның әйелі Кәмшәт Маханова да аудандағы ең мықты физик-математиктер болатын. Оны сұраған себебім деп өзіме сабақ берген сол кісінің, Алматы политехникалық институтқа түсуіме сеп болған шапағаты тигенін айтып бердім. Ол былай болған. Әскерден күзде оралған келесі жылы «бәрібір құлайсың, оданда ауылға әке-шешенің қасына барып қатын ал» дейтін ағам Оразбекке де айтпастан, сол кезгі өлшеммен еліміздегі бірден-бір беделді оқу орнына құжат тапсырдым. Ілініп-салынып 4 емтиханға кірдім-ау, әупірімдеп. Экзаменатор 60 алқымдаған бурыл шаш, қалақтай қағілез кісі менің жауаптарыма қабағын тыржитып еш қанағаттанбай отырды да: «мектеп партасынан келмеген естияр екеніңді көріп отырмын, толық «3-ке» тартпай тұрсың, 6-8 сыныптардан 3 есеп беремін, шығара алсаң өттің, ал шығара алмасаң... өзің білесің» дегенде жүрегім зырқ етіп, шып-шып суық тер шыққан маңдайдан. 3 парақ қағазға есеп жазып беріп көз алмай әр қимылымды бағып отыр. Екеуін ә дегеннен қағып тастап, үшіншісіне кідірдім. Жан қысылғанда еркімнен тыс Есенов ағайым еске түсті. Қиналыңқырап отырып оны да жобаладым білем. Сәл жеңілдеп, құтылдым-ау дегендей жазған парақты жайлап алдына ысырмаймын ба? Ағайым асығар емес, жүзі жылыған сыңайлы. Ажыратып болмас әлде тілеулестік, әлде мазақ, ернін жымқырып ым-ымма деп ыңырсып отырды да: «Мектепте тәуір оқығаның көрініп тұр, енді бір есеп берем, соны шығара алсаң «3» емес «4» қояйын дегенде, ағай, сол үшіңізді-ақ қоя беріңізші?» деп безілдеп қоя бердім. – Бала, өйтпесем тізімге ілінбей қалатын түрің бар, алдыңғы бағаларың да мәз емес дегеніне намыс қылып, я бел, я белбеу кетер тәуекелмен бар зейінімді салып шимайлап-ақ жатырмын берген есеп парағын. «Болды, болды» дегенде басымды бір-ақ көтердім. Қол жетпес биіктегі «4»-імді қондырып қойған парақшама проф. Қаражанов деп қол қойып жатыр екен. Әңгімемді қандырып айттым-ау, Сәулебай ағам маған ба, әлде әріптесі Бәйділдаға ма әйтеуір риза, жүзі жадырап жайнаңдап қалды. «Жай мұғалім – хабарлайды, жақсы мұғалім – ұғындырып қана қоймайды, миға құяды...» дейді. Ағылшын ағартушысының белгілі сөзін сәл өзгертіп миыңа құйған-ақ екен дегенді меңзеп қазақы қалыпқа салғаны әдемі шықты бірақ.
Осы Бәйділда Есенов директоры болатын №207 Жаңатұрмыс мектебінде 6-сынып оқып жүргенімде Сауқаңды алғашқы рет көргенім есіме түседі. Мұғалімдеріміз комиссия келді деп дүрлігіп жүрген. Үшінші сабақ химия. Сынып жетекшіміз марқұм Ұлғанша Рахметуллаева апайымызға еріп кірген ол кісі, үріккен қаздай дүрк көтеріліп мойнымыз қылқиытып созалаңдай қараған бізге бас изеп, ақырын жүріп барып қалам-қағазын жайып ең соңғы партаға жайғасты. Ерекше сұлу кескінді бейтаныс ағай, қасын көтеріп сынай қарайтын сыңайлы. Шалқасынан қайырған толқынды бұйра шашы, ашаң бойлы, өзіне құйып қонғандай жарасып тұрған қара-сұр жейде, жағасына байлаған жіп-жіңішке галстугіне дейін таңсық көрінген сұлу сымбаты әлі көз алдымда. Осыны айтып көңілін көтергім келген сөзімді ықылас қойған ынтасымен тыңдады ағам. Бір сәт, жастық шағына қайта оралғандай, ойша сағыныш-сағым кезгені миығын тартқан жылы жымиысынан байқалады: «Е-ее қарағым-ай, бүгіндері 90-ға жақындап, арық тоқтыдай сүлдерін сүйреткен шалда не сұлулық қалды дейсің?» деп жеңіл күрсінеді басын шайқап. Жаһанның соғысынан ғасырдың тоғысына дейінгі аралықта 40 жыл, зейнетке шыққаннан кейін де тағы 15 жыл қызмет істеген қадірменді қарияның бойында отыздағы жасына орайлас сұлулықтың сұлбасы бәрібір сақталыпты. Көпті көрген кемел жасқа келгенде өзінен де бұрын елдің амандығын тілейтін періште пейілі мен ұлпадай жұмсақ мейірімінен ішкі жан дүниесінің сұлулығын танытатын жылы шуақ еседі өн бойынан.
– Біраз жыл елде болмадым. Алматыға, балдардың қолына барып жан сақтаймыз ба десек, ол да бір Құдайдың қолындағы нәрсе екен. Кетті ғой ана Сағила жеңгең де... Мұндағы ағайын- жұрт, дос-жараннан жырақтап қуанышын бөлісіп, қайғысына ортақтаса алмаған олқылықтың орны толар-толмас... Бірталайдан бері жазып жүрсің ғой, көз барда оқитынмын, көңілден шықтың. Ұмыта бастаған көпшіліктің есіне түсіріп мен жөнінде де жазар ма екен деп шақырған жайым осы – деген тілегін қалай қабыл алмасқа? Бірақ ұстаздар турасында, білім саласына бойлаған келелі ой өрбітіп кеңінен сөз қозғауға менің өрем жетпейтіндей іркіле берем. Неден бастау керек, қалай аяқтау керек? Сәулебай ағамыздың аяқастынан тапсырған аманатын арқалаған әрі-сәрі ойдың ұшығын ұстай алар емеспін. Тәуекел, екі-үш сұрақ қояйын, қалғанын көре жатармын деп бастаған жазбаның ұзын-ырғасы осылай шықты. Мүмкіндігімше, кейіпкерімнің өмір өткелдеріндегі болмысын ашуға тырысқан мақаладан Сәулебай ағаны тани алсаңыз – мақсаттың орындалғаны.
«Сауқа, осымен аяқтаймыз. Сауалдарыма «бар, жоқ» деген бір-екі ауыз сөзбен 3 адамның ғана атын атаған қысқа жауап қайтарыңыз» дегенімді құп алған сыңайда басын изеді.
– Олай болса, ауданның өзіңіз білетін ең мықты үш басшысын атаңыз?
– Сейілбек Шаухаманов, Нұрлыбек Нәлібаев деп сәл кідіріп барып, соңғы жылдары өзімізден шыққан әріптес ағамыз Ахаттың немересі Нұржан мен осы қызметтегі Айтбай баламызды да жұрт жақсы атап жүр, – дегенді қосты.
– Білім саласында басшылық жасағандардан айрықша кімдерді бөле-жара атаған болар едіңіз?
– Дүйсет Тайманов, Жағыпар Зермұхамедов. Ізденіп, жүгіріп жүріп жұмыс жасауға ұмтылған Нәйланы да қосуға болады. Алдыңғы екеуінің деңгейі бөлек, тірілердің арасынан көре алмай жүрген ірілердің қатарынан...
– Аудандағы ең мықты мектеп директорлары болған кімдер?
– Қазіргі Балаби аулынан Асанбек Бакиров, Ортақшылдан Қожекең Пірназаров, Шиеліден Күлжан Жәукебаева, бұларға №181, №45 мектеп директорлары болған Ханзада Құнанқараевты, Баян Сейтенованы да осы қатарға жатқызуға әбден болады. Үшеуін ғана атаймыз дегенді есіне салдым.
– Ең мықты мұғалімдер деп танылып мойындалғандар ше?
– Кан Сергей №46 мектептен, Безгина Нина Петровна №127 орыс мектебінен, Кенже Парманқұлова Ортақшыл мектебінен ең үздік мұғалімдер болып танылды.
– Өзіңізге ең жақын өмірлік достарыңыздан үшеуін атаңыз?
– Қарағым-ау, оларды бөліп-жаратындай нешеуі қалды дейсің? Өлгенінің бәрі алыс, тірісінің бәрі жақын. Жағыпар Зермұхамедов, Қалдыбай Сүгірбаев, Сейілбек Аманжоловтар өмірі іргеміз ажырамаған ең жақын жолдастарым ғой.
Соңғы жылдары қатары селдіреген қарияларымыздан көз жазып қалмасақ екен! Қазыналы қарияларымызды салмақтап бағалай да білейік, ардақтап, аялай да білейік!
Исабек Сәрсенбайұлы,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі








