Топ-баннер
Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Алтын құрсақты ақ әже

Алтын құрсақты ақ әже

1961 жылдың қыркүйек айының бірі. Алғашқы қоңырау. Мектепке балалар жиналуда. Мен де анама еріп мектептің бірінші сыныбына бардым. Ол кезде әкелердің жұмыстан қолы тимейтін. Мектепке балаларын түгелге жуық аналары ертіп алыпп баратын. Бізді бірінші сыныпқа Күзенбай Сариев ағай қабылдап жатты.
Бір кезде шашына ақ бантик таққан, үстінде мектеп формасы бар сары қызды анасы ертіп келді. Ағай анасын танып, «Жұмакүл, қызыңның аты кім?» деп сұрады. Қыз жұлып алғандай: «Менің атым – Сәлима» деп тақ ете қалды. Ағай аңтарыла қарап, анасына бұрылып, «Мына қызың болайын деп тұрған қыз екен» деді. Солай Сәлима бізбен бір сыныпта оқыды. Бастауыш сыныптағы сынып жетекшісі Күзенбай ағайымыз әр оқу жылының аяғында ауыл сыртына экскурсияға алып баратын. Жұмакүл апамыз аспазшы болғандықтан Сәлимаға неше түрлі тағам дайындап, сөмкесіне салып беріп жіберетін. Ауылдан 3-4 шақырым ұзағаннан кейін айнала отырып үйден алып барғанымызды жей бастағанда, Сәлима сөмкесін ашып: «Келіңдер бірге жейміз» дейтін. Сәлима жастайынан көпшіл болып өсті. Анасынан көпшілікке тамақ істеудің қыр-сырын үйреніп шықты. Ол кезде ұжымшар мың гектарға жуық күріш егеді. Жазда күріштің отағына, күзде жатып қалған күрішті оруға оқушыларды жұмылдыратын. Біз бесінші сыныптан бастап осы науқанды жұмысқа араластық. Аспазшы міндетті түрде оқушыдан болатын. Алғашқы жылдары Сәлима үлкен сыныптың қыздарына көмекші аспазшы болып жүрді де, жетінші сыныптан бастап өзі бас аспазшы болып жұмыс атқарды. Сонда таң қаласың, сойылған бір ірі қараның етін бір өзі қақтап, тұздап, жайып алатын. Қолы өте күшті. Амандасқанда қолыңды қысып жіберетін. Қол күрестен талай ер баланы зар жылататын. Сөйтіп жүріп орта мектепті де бітірдік. Сәлима да орта мектепті 4-5-ке бітіргенімен, анасымен бірге ұжымшарға жұмысқа шығып кетті.
Егістің басындағы қоста жұмысшылар мен механизаторларға анасы екеуі аспазшы болып жұмыс істеді. Тыным жоқ. Біреулері ерте кетеді. Түнгі ауысымға шығатындары кеш кетіп жатады. Оларға түнгі он екіге тамақ дайындап, арнайы ыдыстарға салып беріп жіберу де Сәлиманың мойнында. Таңғы сағат төрттен тұрып, түнгі сағат бірде жатып жүрді.
Ауылда күріштің көп егілетіні сондай көрші ұжымшарлардан күріш егуге, оруға техникалар тартылатын. Күріш бітік шыққан кездері күріш тасуға әскери машиналар шақырылатын. 1971 жылдың күзінде көрші Жөлек ­ауылынан ұзын бойлы, сымбатты Серік деген жігіт күріш оруға комбайнымен көмекке келді. Комбайнерлерге түсте, кешке тамақтарын жұмыс басына алып барып бергенімен, қонаға қосқа келіп қонатын. Қос басында Серік Сәлимаға бір көргеннен ғашық болады. Солай жүріп жап-жас сұлу Сәлимамен екеуі тіл табысады. Келесі жылы Сәлима он тоғыз жасында, яғни 1972 жылдың 18-ші шілдесінде Серіктің отанына келін болып түседі. 1973 жылы 20 жасында тұңғышын босанса, 1993 жылы 40 жасында кенжесін босанады. Сәлима 20 жылда 11 құрсақ көтереді. Бір рет егіз босанады. Біреуі жастай шетінеп кетіп, он баланы екеулеп өсіріп жеткізеді. Серік жарына адал, еңбекқор, қолынан іс келетін ісмер жігіт болады. Бір жылдары кеңшардың жүгерісі керемет өсіп собығын жинайтын комбайн табылмай қалады. Серік бірден ойластырып, күріш жинайтын комбайннан жүгерінің собығын жинайтын комбайн жасап шығарады. Бұл тәжірибесін аудан жоғары бағалайды.
1997 жылы Серік ауылға тиесілі жерден өзінің отбасының үлесін алып, әйеліне мұраға қалдырады. Серік 67 жасында 2014-ші жылдың желтоқсанында қайтыс болады. Жарын ақ жуып, арулап шығарып салғаннан кейін, Сәлима белді бекем буып, балаларына «мына жерді бос жатқызбай күріш егейік, малдың басын көбейтейік» деп, ұсыныс тастайды. Бес ұлы Берік, Баубек, Айбек, Нұрбек, Жандос және бес қызы Гүлмира, ­Жанар, Гүлбану, Элмира, Айкерім, келіндері Сандуғаш, Назерке, Қымбат, Рауза, күйеу балалары Нұрлан, Қанат, Болат, ­Слава, Айдос бұл ұсынысты бірден қолдайды. Үлкен үш ұлы мұнай саласында әжептеуір қызметте жұмыс істейді. Балалар дереу техникалар ала бастайды. Үлеспен алынған жердің басына үлкен үй, малға жайлы қора салады. Онда төртінші ұлы Нұрбек отбасымен бірге көшіп барады. Сәлима осы Нұрбектің қолында. Қолын жылы суға малып, немерелерінің қасында, таза ауада отыр. Ауыл мен шаруа қожалығы орналасқан жер жақын болғандықтан кенже ұлы Жандос жер учаскесінің басына күнделікті барып, малдың жағдайын жасап тұрады.
Шүкір, қазіргі таңда ­шаруалары дөңгеленіп тұр. Жылына күріштен мол өнім алып, жүз қаралы ірі қараның сүтін, айранын, майын, құртын күнделікті сатып, биелерінен саумал, қымыз ішіп, қой, ешкілерін қажетті азық-түліктерін және киім-кешектерін алуға жаратып отыр. Бұл жұмыстарға келіндердің еңбегі зор-ақ. Өмір болғаннан кейін қиындық та кездесіп жатады. Үлкен қызы Гүлмира ауыр дерттен қайтыс болады. Артында жары мен төрт баласы қалады. Күйеу бала Нұрлан вахталық жұмысқа он бес күнге кеткенде, балалардың қасында болуға Сәлима ауылдан келіп, балаларға аналарын жоқтатпауға барын салады. Балалар да әжелеріне әбден бауыр басты. Гүлмираның үлкен ұлы үйленіп Сәлима әженің қуанышы қойнына сыймай мәз болады. Нұрлан баласының қызметіне орай Астанадан үй алып берді. Өткен жылы немере келін босанып Сәлима Астанаға барып шөбересін қырқынан шығарып келді. Айтпақшы, 2024 жылдың қыркүйегінде дәл туған күнінде, яғни екінші қыркүйекте Қостанайдағы қызы Элмира Умра қажылыққа баруға курьер арқылы сертификат жіберіп анасын таң қалдырады. Анасы ризашылығын білдіріп, қажылық сапарға аттанады. Меккеден Умра қажылықтың барлық рәсімін өтеп, қажы болып оралады. Батыр анамыз Сәлима қажы ұлдарынан 17, қыздарынан 23 немере және 2 шөбере сүйіп отырған алтын құрсақты бақытты, ақ әже.

Шерәлі Шертайұлы,
облыстық білім саласы ардагерлер кеңесінің мүшесі
02 наурыз 2026 ж. 26 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№16 (9383)

28 ақпан 2026 ж.

№15 (9382)

24 ақпан 2026 ж.

№14 (9381)

21 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Наурыз 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031