Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Қайсар қыз – Әсел

Қайсар қыз – Әсел

Адам өмірінің мәні – жасаған жақсылығында. Біреуге жылу сыйлап, біреудің үмітін қайта жаққан сәттер – нағыз бақыттың өлшемі. Осындай мейірім мен жанашырлықты өмірлік ұстанымына айналдырған жанның бірі – Әсел Дарханқызы. Оның ғұмыры да, еңбегі де мейіріммен өрілген.
Әсел 1991 жылы Шиелі ауданы, Н.Бекежанов ­ауылында дүниеге келді. Қарапайым қазақы отбасында тәрбиеленіп, кішіпейілділік пен еңбекқорлықты ­бойына сіңіріп өсті. 1998 жылы №47 М.В.Ломоносов атындағы мектептің табалдырығын аттап, білім жолына қадам басты. Сабаққа жауапкершілікпен қарайтын, үлкеннің сөзін тыңдап, кішіге қамқор бола білетін шәкірт болды.
Болашақ мамандығын таңдауда әжесінің ықпалы ерекше еді. «Адамға ең керегі – мейірім» деген сөзді жиі айтатын әжесінің тілегімен Әсел медицина саласын таңдады. 2007 жылы Қызылорда облыстық мемлекеттік медицина колледжіне мейірбике мамандығына оқуға түсіп, 2011 жылы оқуын аяқтады. Сол жылы Шиелі аудандық емханасына әлеуметтік мейірбике болып жұмысқа орналасты. Бұл қызмет – тек дәрі-дәрмек берумен шектелмейді. Әлеуметтік мейірбике – тұрмысы төмен, жалғызбасты қарттарды анықтап, олардың денсаулығын бақылап, қажет кезде көмек ұйымдастыратын жанашыр маман. Әсел осы міндетті абыроймен атқарып келеді. Еңбек өтілі – 15 жыл.
2013 жылы Абызбаевтар әулетіне келін болып түсіп, жұбайы Жомартпен шаңырақ көтерді. Бүгінде төрт қыз, бір ұл тәрбиелеп отырған ардақты ана. Көпбалалы ана бола тұра, қызметіне салғырт қараған емес. Таңнан кешке дейінгі жұмыс, үйдегі тіршілік, бала тәрбиесі – барлығын сабырмен, төзіммен алып жүр.
Кезекті көше аралау барысында Әсел 80 ­жастан асқан Нұржамал Дәулетова апаның тұрмыс жағдайының төмен екенін байқайды. Үйінің қарапайым күйі, тұрмыстық қиындықтары оның жүрегіне әсер етті. Бұл жағдайды тіркеумен шектелмей, нақты көмек көрсетуге бел буды.
Әсел Шиелі аудандық «Біз біргеміз» қайырымдылық қорына хабарласып, апаға азық-түлік жағынан көмек көрсетуді сұрады. Қор атынан Жасұлан Рысбек, Дастан Нұралиев және Қуаныш Нұрғали атсалысты. Сол кезде Жасұлан Рысбек:
– Бізге апаға азық-түлік және жылу жетіспейтіндігі хабарланды. Алдымен үйді тексеріп көрейік деп, азық-түлігімізді алып, сол үйге барған едік. Сөйтсек, үй жарамсыз болып шықты, апа салқын, құлайын деп тұрған үйде өмір сүріп жатқан екен. Сол сәттен бастап, есіктің алдынан бастап, қасынан үш бөлмелі шағын үй тұрғыздық. Ішінде барлық жағдай жасалды: жылу жүйесі кіргізіліп, тұрмыстық қажеттіліктер толық қамтамасыз етілді. Апаның жаңа үйіне кірген сәтте, оның көзіне жай ғана ризашылық емес, шынайы көңіл жылуы ұялап тұрғанын көрдік. Сол көрініс – бар еңбектің мәнін жеткізетін сәт еді, – деді Жасұлан.
Сондай-ақ кейіпкеріміз тәжірибелі мейірбике Ұлдана Тілеулесовмен бірге апаның денсаулығын бақылауға алып, дәрілік емін уақытылы қабылдауын қадағалап келеді. Үнемі халін сұрап, жағдайын зерделеп, жалғыздық сезінбеуіне күш салады.
Нұржамал Дәулетова – саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған ардагер ұстаз. Ол Әселдің еңбегіне ризашылығын білдіріп:
– Әсел маған жай ғана мейірбике емес, өз қызымдай болып кетті. Жағдайымды сұрап, дәрілерімді уақытында қарастырып, көңіл бөліп тұрады. Сонымен қатар «Біз біргеміз» қайырымдылық қорына да алғысымды жеткізгім келеді. Олар мені тек азық-түлікпен қамтамасыз етіп қана қойған жоқ, сонымен бірге жаңа, жылы, жайлы үйді тұрғызуға көмектесті. Осындай қайырымды, мейірімді жандар барда адамдардың көңілі көтеріліп, өмірге деген сенім артатынына көзім жетті, – деді. Мұндай сөздер – адал еңбектің ең үлкен марапаты.
Мейірім – адамның шынайы байлығы. Ол атаққа да, лауазымға да тәуелді емес. Әселдің өмір жолы осы ақиқатты дәлелдейді. Ақ халатты мейірбике ретінде ол әрбір жанға жанашырлықпен қарап, талай адамның ризашылығына ие болды. Мейірімге негізделген өмір жолын таңдап, адал еңбек пен адамға құрметті басты құндылық етті. Қоғамға жанашырлық пен ­отбасы алдындағы жауапкершілік – оның болмысының айнасы. Міне, мұндай жандардың бары – қоғамдағы адамгершілік пен ізгіліктің берік тірегі.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
17 ақпан 2026 ж. 27 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728