Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАДАМЫ – ЕРЛІК, ТАҢДАУЫ – АБЫРОЙ

ҚАДАМЫ – ЕРЛІК, ТАҢДАУЫ – АБЫРОЙ

Елдің тыныштығын күзету, жер тұтастығын қорғау – қарапайым борыш емес, рух пен намыстың айқын көрінісі. Әрбір жас үшін осы жол – тек мамандық емес, өз өмірін Отанға арнаудың тағдырлы шешімі.
Осы ұлы идеяны жас ұрпаққа жеткізу мақсатында №159 «Еңбекші» орта мектебінде АӘТД пәні мұғалімі Айдана Мұқанованың ұйымдастыруымен әскери оқу орындарына түсуге ниет білдірген түлектермен тағылымды кездесу өтті. Бір сөзбен айтқанда, патриоттық сезімді оятатын алаң болды.
Кездесуге аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің мамандары, аудан мектептерінің АӘТД пәні оқытушы-ұйымдастырушылары, сондай-ақ Нұрмағанбетов атындағы Құрлық әскерлерінің әскери институты және ҚР ІІМ Мақан Есболатов атындағы Алматы академиясы курсанттары қатысты. Олар әскери мамандықтың маңызы, оқу орындарына қабылданудың тәртібі, болашақ офицерге қойылатын талаптар жайында жан-жақты әңгімелеп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Әскери қызмет – тек форма киіп, сапта жүру емес. Бұл – ерлік пен тәртіптің, төзімділік пен жауапкершіліктің, ар мен намысқа адал болудың мектебі. Курсанттардың әңгімесі арқылы көрінгендей, әскери өмір тек физикалық күшті қажет етпейді, ол – ­рухани дайындықты, адалдықты, елге деген шынайы сүйіспеншілікті талап етеді.
Кездесу барысында курсанттар мен мамандар оқу талаптары, психологиялық және физикалық дайындықтың, мінез-құлық қасиеттерінің маңызын ерекше атап өтті. Әскери адам – бұйрық орындаушы ғана емес, ел сенімін арқалаған тұлға. Әр шешім мен қадам – елдің тағдырымен сабақтас.
Осындай шаралар жас ұрпақтың бойында патриоттық сезімді оятып, оларды саналы мамандық таңдауға жетелейді. Елге қызмет етуге дайын, Отан алдындағы парызын түсінген жас – ертеңгі Қазақстанның тірегі, қауіпсіздігі мен берекесінің кепілі. Отанға адал қызмет ету – әрбір азаматтың арманындай биік ұмтылыс. Әскери мамандықты таңдау – батылдық пен парасаттың, намыс пен жауапкершіліктің таңдауына айналады. Міне, осыдан ғана елдің көк туы биік, тәуелсіздіктің тұғыры мықты болады.

С.МАДИЯРОВА
17 ақпан 2026 ж. 29 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№13 (9380)

17 ақпан 2026 ж.

№12 (9379)

14 ақпан 2026 ж.

№11 (9378)

10 ақпан 2026 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Ақпан 2026    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
232425262728