Елі үшін туған ерге тағзым
Тәуелсіз елдің тұғырын бекемдеуге жан-тәнімен еңбек еткен тұлғалар сапында Бердібек Сапарбаевтың есімі ерекше аталады. Егемендіктің алғашқы жылдарынан атқа қонып, өмірінің соңына дейін мемлекеттің дамуы жолында аянбай тер төгіп, адамдық пен адалдық асыл болмысынан айнымаған Бердібек Машбекұлы қандай қызмет атқармасын, халықтың қимас сезімі мен алғаусыз алғысына бөленгенін көресіз.Президент Әкімшілігі мен Үкіметте түрлі деңгейдегі жауапты қызметте шыңдалған ол 1995 жылы туған жері – Қызылорда облысының әкімі қызметіне тағайындалды. Бұл кезең – Тәуелсіздіктің іргетасы қаланып, ел мен ердің сыналатын шағы еді. Осы қиындықтардан мойымай, өңірдің аяққа тұруы үшін еңбек етті. Кәсіпкерлердің әлеуметтік жауапкершілігін күшейтуге байланысты аймақтағы алғашқы қадамдарды жасады. Инженерлік жүйеден өткен жерлерді мақсатты игеру, егістік айналымынан шығып қалмауының алдын алу бағытында да қыруар шара жүзеге асты.
2026 жылдың 9 ақпанында Шиелі ауданындағы «Руханият» орталығының мәжіліс залында мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевты еске алуға арналған «Елі үшін туған Ер» атты танымдық кеш өтті. Тағылымы терең, мазмұны бай бұл рухани басқосу елге адал қызмет етудің үлгісін көрсеткен біртуар тұлғаның жарқын бейнесін қайта жаңғыртқандай болды.
Кеш басталмас бұрын облыстан арнайы келген ардагерлер мен қонақтарға «Руханият» орталығы таныстырылды. Аудандық өлкетану музейі мен кітапхана қызметіне куә болған зиялы қауым оң бағасын берді.
Ал мәжіліс залында Бердібек Сапарбаевтың өмір жолынан сыр шертетін кітаптар мен фотосуреттерден құралған көрме ұйымдастырылып, қатысушылар назарына ұсынылды. Алғашқы сәтте көрсетілген бейнеролик көпшілікке ел үшін еңбек еткен азаматтың қайраткерлік болмысын, адами келбетін терең сезіндірді.
Салтанатты кеште аудан әкімі Айтбай Жандарбеков сөз сөйлеп, Бердібек Машбекұлының мемлекеттік басқару ісіндегі ерен еңбегіне тоқталды. Ол қай өңірде қызмет атқарса да, халықтың мұң-мұқтажын бірінші орынға қойғанын, жауапкершілік пен әділдікті өмірлік қағида еткенін атап өтті.
Кеш барысында Бердібек Сапарбаевтың азаматтық тұлғасы мен адамгершілік болмысын терең толғаған тағылымды естеліктер айтылды. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Серік Дүйсенбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері Қалқазбек Әжібеков, Бекмырза Еламанов, қоғам белсенділері мен ардагерлер оның елге сіңірген еңбегіне, қарапайымдылығы мен талапшылдығына ерекше тоқталды. Бұл естеліктер кештің мазмұнын байытып, жас ұрпаққа үлкен сабақ болды.
Кенжебай Жүсіптің арнау жыры рухани кештің сәнін кіргізді. Әрмен қарай Әсет Бейсеуовтің «Ағаларым», Елена Әбдіхалықованың «Сыр елім», Сейдолла Бәйтерековтің «Жан досым» сынды жүрекке жететін әндер елге қызмет еткен ер азаматтың рухына тағзым ретінде шырқалды.
Кештің әсерлі сәттерінің бірі – Бердібек Сапарбаевтың інісі, «Арал – Сырдария облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының» басшысы Пазылбек Нәлібаевтың сөзі болды. Ол ағалық қамқорлық пен отбасылық тәрбиенің азамат қалыптастырудағы маңызын тебіреніспен жеткізді.
Сондай-ақ Шиелі аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Өркен Исмайл, әйелдер кеңесінің төрайымы Нәйла Палымбетова, еңбек және мемлекеттік қызмет ардагерлері Бердібек Машбекұлының ел алдындағы адал еңбегін, адами биік қасиеттерін атап өтті.
Кеш соңында жүргізуші ұлы ойшыл Абайдың:
«Өлді деуге сыя ма, айтыңдаршы,
Өлмейтұғын артында сөз қалдырған?»
деген өлең жолдарын келтіре отырып, ел үшін соққан жүректің ешқашан ұмытылмайтынын айтты.
Шынында да, Бердібек Сапарбаевтың саналы ғұмыры – елге қызмет етудің, адалдық пен жауапкершіліктің жарқын үлгісі. Мұндай тағылымды кештер жас ұрпақтың санасында елдік пен ерлік ұғымдарын бекітіп, азаматтық рухты асқақтата берері сөзсіз.
Г.СӘБИТҚЫЗЫ








