ЖРВИ мен тұмаудан қалай сақтану керек?
Адамның тыныс алу жүйесін зақымдайтын жедел вирустық ауру тұмау – жедел респираторлы аурулардың, дәлірек айтсақ, жедел респираторлық вирустық инфекциялардың санатына кіреді.Адамдар тұмауды иммунитеттің әлсіреуі мен салқын тиюден пайда болады деп ойлайды. Негізінде оған ерекше вирус – тұмау вирусы себепкер болып табылады. Оның ерекшелігі өзгергіштігімен сипатталады. Медицинада сипатталған тұмаудың үш түрі (А, В және С) кезектесуімен қатар олар өз құрылымын өзгерте алады. Сондықтан жыл сайын індет кезінде біздің иммундық жүйе жаңа микроорганизмдермен кездеседі және бұл олармен күресуді қиындатады.
Тұмаудың белгілері адамдардың көпшілігіне аян дегенмен, осындай маңызды ақпаратты қайталау артық болмайды деп ойлаймыз.
Жасырын, инкубациялық кезең – 5-6 сағаттан 3 тәулікке дейін созылады. Осы уақыттың аралығында вирус ауыз бен мұрынның шырышты қабықтары арқылы ағзаға еніп үлгереді, ал иммундық жүйе сол уақытта оған кедергі жасауға әрекет жасайды. Инкубациялық кезеңнің ұзақтығы вирустың түріне, адамның иммундық жүйесінің жағдайына байланысты. Инкубациялық кезеңнен кейін аурудың белгілері пайда болады. Мәселен, мұрын бітелуі, түшкіру, тамақтың жыбырлауы, әлсіздік, дененің сырқырап ауруы. Алғашқы сағаттарында температура көтеріледі. Тұмауға 40°С дейін және тіпті одан да жоғары температуралы қатты қызба тән. Кейінірек өнімсіз, құрғақ жөтел пайда болады, ол бірте-бірте ылғалды, қақырық бөлінетін жөтелге айналады.
Тұмаудан иммундық жүйесі әлсіз қарт адамдар мен балалар емделмегенде немесе сәйкессіз ем қолданғанда, режим бұзылған кезде дамитын асқынулары өте қауіпті. Оның ішінде – бронх қабынуы. Ауру басталғаннан кейінгі бір аптаның ішінде жөтел басыла қоймайды, көп мөлшерде іріңді (сары, жасыл, сұр) қақырық бөлінеді. Пневмония – вируспен зақымдалған шырышты қабық арқылы кірген бактериялардың салдарынан туындаған өкпе тінінің қабынуы. Сырқат азапты жөтелмен, науқастың жалпы жағдайының нашарлауымен, температурасының көтерілуімен сипатталады. Кейде пневмонияның өліммен аяқталатын аса ауыр түрі дамуы мүмкін.
Тұмаудың алдын алу ауруды емдеуге қарағанда әлдеқайда тиімдірек. Ол үшін аурудың алдын алуға бағытталған шараларын жыл бойы сақтаған жөн. Дұрыс тамақтану, шынығу – иммунитетті арттырып, тұмауға қарсы тұрудың оңтайлы амалдары. Науқас адаммен байланыста болмауға тырысу немесе байланыста болғанда бетперде тағу. Инфекция таралмауы үшін қолды сабынмен немесе бактерияға қарсы құралдармен жуу. Жөтелгенде және түшкіргенде мұрын мен ауызды бір реттік орамалмен жабу. Көп адам жиналған жерде болмауға тырысу. Бөлменің ауасын жиі тазарту.
Тұмау мерзімі басталғанға дейінгі ең тиімді әдіс – вакцина салдыру. Ол тұмауды жұқтыруды төмендетіп, оның адамдар арасында таралмауына көмектеседі әрі қауіпсіз. Тұмау – ауыр және қауіпті дерт. Алайда салауатты өмір салтын ұстану тұмаудың алдын алуға көмектеседі.
Гулзада Айтекеева
Шиелі аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы







