Сапалы қызмет – халық сенімінің негізі
Қазіргі заманда мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігі мен беделі ең алдымен халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасымен өлшенеді. Әрбір азаматтың мемлекетпен қарым-қатынасы күнделікті өмірде мемлекеттік қызметтерді алу арқылы қалыптасады. Құжат рәсімдеу, әлеуметтік төлемдерге өтініш беру, түрлі анықтамалар алу барысында азамат мемлекеттік органдардың жұмысын бағалап, сол арқылы билікке деген сенімін қалыптастырады. Сондықтан да сапалы, ашық әрі қолжетімді қызмет көрсету – мемлекет пен қоғам арасындағы сенімді нығайтатын басты фактор.Қазақстан Республикасында соңғы жылдары мемлекеттік қызмет көрсету саласында ауқымды реформалар жүзеге асырылып келеді. Мемлекеттік басқарудың дәстүрлі әкімшілік моделінен сервистік мемлекет қағидаттарына көшу – уақыт талабынан туындаған маңызды қадам. Бүгінде мемлекеттік органдардың қызметі ынтымақтастық пен серіктестікке, ашықтық пен қолжетімділікке, клиентке бағдарлану мен жоғары кәсібилікке негізделіп отыр. Бұл бағыттағы нақты жұмыстар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арқылы жүйелі түрде іске асуда.
Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасы бойынша 1381 мемлекеттік қызмет түрі көрсетіледі. Соның 1295-і «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы арқылы ұсынылса, 1238 мемлекеттік қызмет «Электронды үкімет» веб-порталы арқылы қолжетімді. Бұл көрсеткіштер елімізде мемлекеттік қызмет көрсету саласының цифрлық даму деңгейінің жоғары екенін айғақтайды. Осы жүйенің бір бөлігі ретінде Қызылорда облысы бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы филиалының Шиелі аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі аудан тұрғындарына сапалы әрі уақтылы қызмет көрсетуді басты міндет етіп келеді.
2025 жылдың қорытындысы бойынша Шиелі аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімі арқылы 22 793 құжат қабылданып, 16 077 құжат мемлекеттік қызмет алушыларға табысталған. Бұл – орталық жұмысының нәтижелі әрі халық сұранысына сай жүргізіліп отырғанының нақты көрінісі. Сонымен қатар бейне-ЦОН форматы арқылы 376 азаматтан өтінім қабылдануы қашықтан қызмет көрсету тетіктерінің тиімділігін көрсетеді. Мұндай формат азаматтардың уақытын үнемдеуге және қызмет алу процесін барынша жеңілдетуге мүмкіндік беріп отыр.
Мемлекеттік қызмет көрсету саласында әлеуметтік әділеттілік пен тең қолжетімділікті қамтамасыз ету ерекше маңызға ие. Осы бағытта Шиелі аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінде мүмкіндігі шектеулі азаматтарға ерекше назар аударылуда. Атап айтқанда, 71 мүмкіндігі шектеулі азаматтан 1414 өтінім Біріңғай байланыс орталығы арқылы қабылданып, оларға «үйіне барып қызмет көрсету» форматы бойынша мемлекеттік қызметтер көрсетілген.
Қазір мемлекеттік қызмет көрсету жүйесін дамытудың негізгі бағыттарының бірі – цифрландыру. Осы мақсатта «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, «ЦОН» мобильдік қосымшасын іске қосты. Бұл қосымша арқылы аудан тұрғындары смартфондағы бейнеқоңырау функциясын пайдаланып, нақты уақыт режимінде мемлекеттік қызметтерді қашықтан ала алады. Азаматтар жұмыссыздық, жүктілік және босану бойынша жәрдемақыларға өтініш беріп, АХАТ органдарынан куәліктер мен анықтамалардың көшірмелерін, білім туралы құжаттардың телнұсқаларын, соттылықтың болмауы, жылжымайтын мүліктің бар-жоғы, зейнетақы аударымдары туралы анықтамаларды және электрондық цифрлық қолтаңбаны рәсімдеу мүмкіндігіне ие.
Мемлекеттік қызметтерді алудың тағы бір тиімді жолы – банк қосымшалары. Бүгінде Kaspi және Halyk банк мобильдік қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімі арқылы автокөлікті есептен шығару, есепке қою және қайта ресімдеу қызметтерін бірнеше минут ішінде рәсімдеуге болады. Сондай-ақ соттылық туралы анықтама алу, тұрғылықты мекенжайына тіркелу және тіркеуден шығу, шетелден әкелінген көлікті заңдастыру, баланың туу туралы куәлігін рәсімдеу, жеке кәсіпкерлікті тіркеу, наркологиялық, туберкулезге қарсы және психоневрологиялық диспансерлерден анықтамалар алу мүмкіндігі қарастырылған. Мұндай қызметтердің қолжетімді болуы халықтың мемлекеттік қызметтерге деген сенімін арттыра түсуде.
Осы орайда Шиелі аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінің басшысы Нұржан Асылханұлы атқарылып жатқан жұмыстардың басты мақсатын былайша атап өтті:
– Біздің негізгі мақсатымыз – әрбір азаматқа сапалы, қолжетімді және түсінікті мемлекеттік қызмет көрсету. Қызмет алушының уақыты мен қолайлылығы – біз үшін басты құндылық. Осы бағытта цифрлық сервистерді кеңінен енгізіп, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға және қашықта тұратын тұрғындарға ерекше жағдай жасаудамыз. Халықтың сенімі – біздің ең басты көрсеткішіміз, – дейді бөлім басшысы.
Шиелі аудандық халыққа қызмет көрсету бөлімінде тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыруға да ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда нотариустың көмегінсіз жеке менеджер арқылы жылжымайтын мүлікке қатысты келісімдерді рәсімдеу және мемлекеттік қызметтердің жеделдетілген түрлерін алу мүмкіндігі қарастырылған. Бұл жаңашылдықтардың барлығы қызмет көрсету сапасын арттыруға және халықтың қажеттілігін толық қанағаттандыруға бағытталған.
Қорытындылай келе, Шиелі ауданындағы халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын халық мүддесін басты орынға қоя отырып жүзеге асырып келеді. Мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру, цифрландыруды дамыту, әлеуметтік осал топтарға қолдау көрсету және азаматтарға қолайлы жағдай жасау – орталық қызметінің негізгі басымдықтары. Осындай жүйелі жұмыстар халықтың мемлекетке деген сенімін нығайтып, қоғам мен билік арасындағы байланысты одан әрі күшейтетіні сөзсіз. Өйткені сапалы қызмет – халық сенімінің берік негізі.
Айнұр ИБРАШЕВА





