Заң мен Ар таразысы: Ажырасу кезінде ортақ мүлік қалай бөлінуі тиіс?
Бір отбасының бүлінуі тек ерлі-зайыптылардың жеке мәселесі емес. Ажырасу – мемлекеттік деңгейде зерделеніп, назар аударылатын әлеуметтік маңызы зор түйткіл. Себебі әрбір ажырасудың артында ана мен баланың тағдыры тұр. Әсіресе ата-ананың екі жаққа кетуі балаларға психологиялық тұрғыдан да, материалдық әрі моральдық жағынан да ауыр соққы болып тиеді. Осыған байланысты сот тәжірибесінде ажырасудан кейінгі ортақ мүлікті бөлу кезінде кәмелетке толмаған балалардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға ерекше мән беріледі. Бұл – орынды әрі әділетті ұстаным. Қандай жағдай болмасын, ата-ананың келіспеушілігі немесе қателігі үшін балалар зардап шекпеуі тиіс. Әрбір бала ата-анасының тең қамқорлығын көріп, алаңсыз, қауіпсіз әрі тұрақты өмір сүруге лайық.
Алайда тәжірибе көрсеткендей, ажырасқан ерлі-зайыптылардың барлығы бірдей мәселені өзара келісіммен, парасаттылықпен шеше бермейді. Ортақ балалары бола тұра, мүлік пен алиментке қатысты дауласу жиі орын алып, тараптар сотқа жүгінуге мәжбүр болады.
2025 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстанда 21 531 ажырасу тіркелген. Ал 2024 жылдың осы кезеңінде 40 647, 2023 жылы 40 227 неке бұзылғанын ескерсек, ажырасу санының азайғаны байқалады. Дегенмен әрбір ажырасу дерегі толық емес отбасылар санын арттырып, әлеуметтік қолдауға мұқтаж балалар қатарын көбейтетінін жоққа шығаруға болмайды. Сондықтан неке бұзылған кезде ортақ мүлікті бөлудің тек заңдық тәртібін ғана емес, адами және әлеуметтік құндылықтарды да ескеру қажет. Себебі заңның өзі судьядан әр істі қарау барысында Заң мен Арды қатар басшылыққа алуды талап етеді.
Неке бұзылғаннан кейінгі ортақ мүлікті бөлу – отбасылық және азаматтық құқықтағы ең күрделі әрі даулы институттардың бірі. Бұл ретте кәмелетке толмаған балалардың, әсіресе мүмкіндігі шектеулі балалардың мүдделері ерекше орын алады. Егер бұрынғы жұбайлардың ерекше қажеттіліктері бар балалары болса, мүлікті бөлу баланың өмір сүру жағдайларына қалай әсер ететінін жан-жақты және мұқият анықтау қажет. Мұндай істерді қарау кезінде соттар баланы қорғау қағидаттарын басшылыққа алып, Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық конвенциялардың басымдығын ескеруге міндетті.
Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 223-бабына сәйкес, ерлі-зайыптылардың неке кезінде тапқан мүлкі олардың бірлескен меншігі болып табылады. Егер мүліктің белгілі бір бөлігі жұбайлардың біріне тиесілі екені неке шартында нақты көрсетілсе, бұл сот үшін шешім қабылдауды жеңілдетері анық. Алайда елімізде неке шартын рәсімдеу мәдениеті әлі де кеңінен қалыптаспағандықтан, ортақ мүлікті бөлу көбіне заң нормаларына сүйене отырып шешіледі.
«Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасы кодексінің 33-бабына сәйкес, неке кезінде алынған мүлік, ол кімнің атына рәсімделгеніне немесе қаражатты қай жұбай салғанына қарамастан, ерлі-зайыптылардың бірлескен меншігі болады.Кодекстің 38-бабының 1-тармағына сәйкес, ортақ мүлікті бөлу кезінде, егер тараптардың келісімінде өзгеше көзделмесе, жұбайлардың үлестері тең деп танылады. Бұл – отбасылық құқықтағы негізгі қағидат.
Алайда заң тең үлестер қағидатын міндетті ереже ретінде бекітпейді. Кейбір жағдайларда мүлікті автоматты түрде тең бөлу әділетсіздікке әкеліп, кәмелетке толмаған балалардың құқықтарын бұзуы немесе жұбайлардың бірін әлсіз әлеуметтік жағдайда қалдыруы мүмкін. Осындай мән-жайлар болған кезде заң сотқа тең үлестер қағидатынан ауытқуға мүмкіндік береді. Бұл ретте атап өтетін маңызды жайт – үлестердің теңдігінен ауытқу соттың міндеті емес, оның заңмен берілген құқығы болып табылады. Сот бұл құқықты әрбір істің нақты мән-жайын, ұсынылған дәлелдемелердің жеткіліктілігі мен қатыстылығын бағалай отырып жүзеге асырады.
Кодекстің 38-бабының 2-тармағына сәйкес, егер жұбайлардың бірі негізсіз себептермен табыс таппаса немесе ортақ мүлікті екінші жұбайының келісімінсіз отбасының мүдделеріне зиян келтіре отырып жұмсаса, сондай-ақ кәмелетке толмаған балалардың мүдделері талап етсе, сот ортақ мүліктегі үлестердің теңдігін өзгертуге құқылы. Бұл ретте сот тараптардың өмір салтына, ата-аналық міндеттерді орындауына, балаларды тәрбиелеу мен қамтамасыз етуге қосқан нақты үлесіне құқықтық баға беруге тиіс.
Сот тәжірибесіне сүйенсек, мүлікті бөлу істерінде соттар көбіне тең үлестер қағидатын сақтайды. Үлестердің өзгертілуі тек ерекше жағдайларда ғана орын алады. Бұл да соттардың әрбір нақты іс бойынша дәлелдемелерді жан-жақты зерттеп, тараптардың уәждерін құқықтық тұрғыдан бағалайтынын көрсетеді.
Кодекстің 38-бабында тең үлестер қағидатынан ауытқудың екі негізгі негізі көзделген: біріншісі – кәмелетке толмаған балалардың мүдделері, екіншісі – жұбайлардың бірінің адал емес мінез-құлқы. Осы негіздердің біреуі немесе екеуі қатар анықталған жағдайда сот үлестерді тең емес түрде белгілеуге құқылы.
Балалардың ата-анасының бірінде қалуы, әдетте, анасының қасында болуы – өз алдына ортақ мүлікті бөлуде тең үлестерден автоматты түрде ауытқуға негіз бола алмайды. Себебі балаларды асырау мәселесі алименттік міндеттемелер арқылы шешіледі. Сондықтан сот әрбір істі жеке қарастырып, тек баланың бірге тұру фактісіне ғана емес, ата-аналардың мінез-құлқына, табыс табу мүмкіндігіне, балалар алдындағы жауапкершілігін орындауына құқықтық баға беруі қажет.
Алайда, егер отбасы көп балалы болса, барлық кәмелетке толмаған балалар бір жұбайдың қолында қалса, ал ол жұбайдың еңбек ету мүмкіндігі шектеулі болса, екінші тарап алименттік міндеттемелерін орындамаса немесе балаларды тәрбиелеуге қатыспаса, онда соттың тең үлестер қағидатынан ауытқуына заңды негіздер туындайды.
Ерекше қажеттіліктері бар баланың болуы ортақ мүлікті бөлу кезінде арнайы құқықтық бағалауды талап етеді. Мұндай жағдайда соттар баланың денсаулығы, күтімі, оңалту шаралары, медициналық қызметке қолжетімділігі сияқты факторларды ескеруге тиіс. Қазақстан ратификациялаған Бала құқықтары туралы конвенция мен Мүгедектердің құқықтары туралы конвенция талаптары осы мәселелерде басшылыққа алынуы қажет.
Осылайша, ортақ мүлікті бөлу кезінде соттар тең үлестер қағидатын сақтай отырып, қажет болған жағдайда одан ауытқу құқығын іске асырады. Бұл ретте әрбір іс бойынша тараптардың уәждері, дәлелдемелердің дәлелділігі мен қатыстылығы, ата-аналардың өмір салты мен балалар алдындағы жауапкершілігі жан-жақты құқықтық бағалауға жатуы тиіс. Тек осындай тәсіл ғана балалардың, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін тиімді қорғауға мүмкіндік береді.
Нұрлыбек ОРМАХАНОВ,
Азаматтық істер жөніндегі кассациялық сот судьясы







