Ауылдан неге алыстап барамыз?
Соңғы жылдары Қазақстанда ауылдан қалаға көшу қалыпты құбылысқа айналды. Бір кездері жастарға толы ауыл көшелері бүгінде тынышталып, еңбекке қабілетті тұрғындардың орнына үлкендер ғана қалып бара жатқандай әсер қалдырады. Ауылда туған көптеген жастар болашағын туған жерінде емес, қалада елестетеді. Бұл – жеке шешім емес, тұтас қоғамға әсер ететін әлеуметтік үрдіс.Ресми статистика деректері бұл құбылыстың ауқымын анық көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, 2024 жылы республика бойынша ауылдық жерлердің көші-қон сальдосы − 111 мың адамды құрады. Яғни бір жыл ішінде ауылдан қалаға кеткендер саны келгендерден 110 мыңнан аса адамға көп болған. Қазіргі таңда Қазақстан халқының шамамен 63 пайызы қалада, ал 37 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Бұл – урбанизацияның ел бойынша күшейгенінің айқын дәлелі.
Осы үрдіс Қызылорда облысында да байқалады. 2023 жылғы дерек бойынша облыс халқы 833,5 мың адамды құраса, оның 53,1 пайызы ауылдық, ал 46,9 пайызы қалалық тұрғындар болды. Ал 2025 жылдың басында облыс халқы 845,9 мың адамға жеткенімен, ішкі көші-қон балансы теріс күйінде қалып отыр. Яғни табиғи өсім болғанымен, ауылдан қалаға кету тоқтаған жоқ.
Қызылорда облысындағы бұл жағдай Шиелі ауданында да анық көрінеді. 1999 жылғы халық санағында Шиелі ауданында 73 896 адам тіркелсе, 2009 жылы бұл көрсеткіш 75 306 адамға, ал 2021 жылғы ұлттық санақта 83 808 адамға жеткен. 2023 жылғы есептік деректер бойынша аудан халқы шамамен 85 мың адамнан асты. Сырт көзге халық саны өсіп жатқандай көрінгенімен, бұл өсімнің басым бөлігі табиғи өсім есебінен. Ал ауылдан қалаға, әсіресе Қызылорда қаласы мен басқа өңірлерге жастардың кетуі әлі де жалғасуда.
Ауыл жастарының қалаға көшуінің басты себебі – жұмыс пен табыс. Ауылдық жерлерде тұрақты, жоғары жалақысы бар жұмыс орындары шектеулі. Көп жағдайда жастар маусымдық еңбекпен немесе табысы төмен қызметпен шектеледі. Ал қалада еңбек нарығы кең, мүмкіндік көп. Бұл жас мамандарды ауылдан алыстатады.
Екінші маңызды фактор – білім. Жоғары оқу орындарының басым бөлігі ірі қалаларда орналасқан. Шиелі ауданынан шыққан көптеген түлектер білім алу үшін Қызылорда, Алматы, Астана қалаларына аттанып, сол жерде қалып қояды. Оқу аяқталған соң ауылға қайтып келуге жағдай да, ынта да бола бермейді.
Өмір сапасы мәселесі де шешуші рөл атқарады. Қалада медицина, интернет, қоғамдық көлік, әлеуметтік қызметтер қолжетімді. Жас отбасылар үшін балабақша, мектеп, аурухана сияқты инфрақұрылымның болуы маңызды. Ал ауылдық елді мекендерде бұл мүмкіндіктер толық деңгейде қамтылмаған.
Әлеуметтанушы мамандардың айтуынша, ауыл жастарының қалаға көшуі – тек экономикалық емес, әлеуметтік-психологиялық мәселе.
– Қазіргі жас буын өз болашағын жоспарлағанда алдымен даму мүмкіндігіне қарайды. Егер ауылда кәсіби өсуге, тұрақты табысқа және сапалы өмірге жағдай жасалмаса, жастардың қалаға кетуі заңды құбылыс, – дейді сарапшылар.
Ал Шиелі ауданынан қалаға қоныс аударған жастардың бірі Зере Сүйіндікова бұл жағдайды былай түсіндіреді:
– Ауыл – туған жер, сағыныш бар. Бірақ қалада жұмыс көп, табыс тұрақты. Жастар алдымен өз болашағын ойлайды. Егер ауылда лайықты жұмыс болса, көпшілігіміз қайтып келер едік, – дейді ол.
Мамандардың пікірінше, ауылды сақтап қалудың басты жолы – жастарға нақты мүмкіндік беру. Бұл тек бір реттік қолдау немесе қысқа мерзімді жоба емес, ұзақ мерзімге бағытталған жүйелі саясатты талап етеді. Ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнесті дамыту, жас мамандарға арналған тұрғын үй мен әлеуметтік қолдау тетіктерін күшейту – уақыт күттірмейтін мәселелер.
Сондай-ақ ауылдағы білім беру мен медицина сапасын арттыру да аса маңызды. Заманауи мектептер, цифрлық мүмкіндіктер, қолжетімді интернет пен мәдени орта қалыптаспайынша, жастарды туған жерінде ұстап қалу қиын. Ауыл тек өмір сүру орны ғана емес, даму мен өзін жүзеге асыру кеңістігіне айналуы тиіс.
Түйіндей келе, ауылдан қалаға көшу – бір адамның немесе бір отбасының ғана таңдауы емес, бұл – тұтас ұрпақтың болашағына әсер ететін әлеуметтік мәселе. Шиелі ауданы мен Қызылорда облысының деректері ауылда табиғи өсім бар болғанымен, жастардың қалаға кету үрдісі тоқтамағанын көрсетіп отыр. Ауылдың ертеңі – бүгінгі жастардың тағдырымен тығыз байланысты. Егер ауылда мүмкіндік пен сенім болса, жастар да туған жерінен алыстамас еді...
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ








