Қашан кірем мүшелге?
«Он үште отау иесі» деген нақыл қазақ халқының жас ерекшелігіне, өмір белестеріне айрықша мән бергенін аңғартады. Ұлттық дүниетанымда әрбір мүшел жастың өзіндік мәні бар. Соның ішінде 25 жас – адамның қайрат-жігері тасыған, өмірге нық қадам басатын, жауапкершілік пен сананың қалыптасу кезеңі ретінде бағаланған.Соңғы жылдары мүшел жасқа байланысты пікір қайшылығы байқалып отыр. Бірі «мүшелге 24 жаста кіріп, 25 жаста шығасың» десе, енді бірі «37 жаста мүшелге кіріп, 38 жаста шығасың» деген көзқарасты алға тартады. Бұл әртүрлі пайымдар мүшелдің мәнін терең түсінбеуден немесе халықтық дәстүрдің ауызша таралу ерекшелігінен туындап отыр. Сан ғасырдан бері қазақ өмірінің маңызды тарауына айналған ұғымға деген түрлі көзқарасты байқап, қолға қалам алдық.
Абат Кенжеғалиұлының «Ұлы Дала ұлағаты» кітабын ақтарып отырып, 36-бетінде мынадай дерекке кез келдік. «Мүшел – жай ғана жыл мен ай санау құралы ғана емес, қоғамның шаруашылық-экономикалық, саяси, рухани және мәдени өмірін реттеп отырған. Бірінші мүшел – 12, әрі қарай 24, 36, 48, 60, 72, 84 тағы сол сияқты болып жалғасады. Бірақ, қазақтар шарананың ана жатырындағы уақытын да бір жылға санап, бірінші мүшелді 13-те атайды да, әрі қарай 13, 25, 37, 49, 61 және сол сияқты жалғастырады. Сөйтіп, ер адам мысалы, 1990 жылдың 5 мамыры күні туған болса, ол 2002 жылдың 4 мамырында 12 жасқа толады. Ал ертеңіне 5 мамырдан бастап, оның өмірінің 13-ші жылы басталады. Демек, адамдар 12 жастан 13 жасқа дейін мүшел жасында болады. Әрі қарай да солай. Бірінші мүшел – 12-ден 13-ке дейін, екінші мүшел – 24-тен 25-ке дейін, үшінші мүшел 36-дан 37-ге дейін болып жалғаса береді» делінген.
Қазақ есебінде адам өмірінің әр 12 жылында бір мүшел айналып келіп отырады. Бірінші мүшел 13 жылда қайырылса, қалған мүшелдер 12 жылдан қайырылып отырады. Мәселен, жүзден асып жығылған адамның мүшел жасы 9 рет айналып келеді. Қазақ әдеби тілінде жүзден асып, яғни тоғызыншы мүшелді толық жасаған қарияны «арда ата», «ақ ата», «ару ата», «киелі ата» деп атайды. Осындай жасқа толған ананы «кейуана», «ақ апа», «әулие апа» деп атайды. Ал бір мүшелге толған ұлды «қозы жасқа толды», «қозыбағар болды» деп мойнына міндет артады. «Он үште отау иесі» деген осыдан шықса керек. Бір мүшелге толған қыз баланы «ошақ ұстар», «ожау қағар», «қазан қайнатар» жасқа толды деп есептейді.
Г.ЯХИЯ







