Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «AdiletGoMobile» қосымшасы іске қосылды

«AdiletGoMobile» қосымшасы іске қосылды

Азаматтар мен заңды тұлғалардың құқықтары мен бостандықтарының қорғалуы, сот шешімдерінің дер кезінде орындалуының маңызы зор. Елімізде осы бағытта жеке сот орындаушылар институтының іске қосылғаны белгілі. Уақыт талабына сай жеке сот орындаушылар институтының қызметі жылдан-жылға дамып келеді. Осы орайда 32 жылға жуық еңбек өтілі бар білікті маман, Қызылорда облысы бойынша жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот ­орындаушысы Талғат Баймағанбетпен сұхбаттасудың сәті түсті.

– Талғат Тұрматұлы, жеке сот орындаушы – қашан да өз жауапкершілігімен қызмет атқаратын дербес лауазым иесі. Оларға сот шешімін орындау сапасын түсіруге болмайды. Бұл ретте сала мамандарының құқықтары мен міндеттері қандай болмақ?
– Жеке сот орындаушысы – атқарушылық құжаттарды орындау жөніндегі қызметпен айналысу құқығына уәкілетті орган берген лицензия негізінде, заңды тұлға құрмай атқарушылық құжаттарды орындау бойынша жеке тәжірибемен айналысатын елдің азаматы болуы тиіс.
Жеке сот орындаушысы атқарушылық құжаттардың орындалуын қамтамасыз ету жөніндегі шараларды еліміздің азаматтық іс жүргізу заңнамасында белгіленген тәртіппен алынатын сот санкциясымен қолданады. Атқарушылық құжатты өзіне сот, басқа орган жіберген жағдайда сот орындаушысы іс жүргізуді өндіріп алушының өтінішінсіз қозғайды. Атқарушылық құжатты орындау мерзімі өндіріп алушы мен жеке сот орындау­шысы арасында жазбаша нысанда көрсетілуі мүмкін.
Өзінің кәсіби міндеттерін адал орындауға, жеке адамдардың өмірінің мән-жайларына қатысты құпияны сақтауға, қызметінің нәтижесінде өзіне белгілі болған коммерциялық немесе өзге де заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді жария етуге жол бермеуге міндетті болып саналады.
– Дұрыс айтасыз, қазір елімізде ашық және әділетті қоғам құру басты назарда тұр. Сіздерде бұл бағытта қандай жұмыстар жүргізілуде?
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында сандық дәуірге қадам басып келе жатқанымызды айтқан болатын. Осы орайда Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі атқарушылық іс жүргізу саласын цифрландыру және азаматтардың құқықтық ақпаратқа қолжетімділігін арттыру мақсатында бірқатар маңызды жаңашылдықтарды іске қосты.
Атап айтқанда, атқарушылық іс жүргізу бойынша ақпарат алуға арналған AdiletGoMobile мобильді қосымшасы қолданысқа енгізілді. Аталған қосымша арқылы азаматтар өздеріне қатысты атқарушылық істер туралы мәліметтерді онлайн режимде алып, істің орындалу мәртебесін бақылауға, қабылданған шаралармен танысуға, сондай-ақ өтініштер мен шағымдар жолдауға мүмкіндік алады.
Сонымен қатар жеке сот орындаушылар жүйесінде де өзгерістер енгізілді. Енді жеке сот орындаушысын өндіріп алушылар өздері таңдамайды. Арнайы автоматтандырылған жүйе (яғни «барабан») атқарушылық өндірістерді жеке сот орындаушылар арасында әділ және тең қағидат негізінде автоматты түрде бөліп отырады.
Бұл жаңашылдықтар адам факторын азайтуға, ашықтықты қамтамасыз етуге және сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге бағытталған. Ақпарат көздерінің хабарлауынша, аталған автоматтандырылған жүйеге қатысты кейбір коллекторлық мекемелер тарапынан қарсылық білдіріліп, заң шығарушы органға сот тәртібімен шағым түсірілген.
Жалпы алғанда, енгізіліп жатқан цифрлық шешімдер атқарушылық іс жүргізу саласының тиімділігін арттырып, азаматтар үшін мемлекеттік қызметтерді алуды барынша жеңілдетуге мүмкіндік береді.
– Сот орындаушылары үшін ең даулы мәселе алимент өндіру ісі. Бұл тұрғыда қандай жұмыстар атқарылды?
– Жасыратыны жоқ, қазір алимент төлеуден жалтаратындар саны көбейіп барады. Ресми мәліметке сүйенсек, елімізде алимент өндіру жөнінде шыққан әрбір төртінші сот шешімі орындалмай жатыр. Борышкерлер алимент төлемеудің әр қилы айласына баратын сәттер де жиі кездеседі. Жыл басынан орындауым­да 781 алимент өндіру санаты бойынша атқарушылық іс жүргізу өндірісі болды. Оның 76 атқарушылық іс жүргізу өндірісі – өндіріп алушылардың өтінішіне сәйкес орындаусыз кері қайтарылды. Қазақстан Респуликасының ӘҚБтК-нің 669 бабының 1 бөлігімен 8 борышкерге қатысты әкімшілік және ҚР-ның ҚК-нің 139 бабымен 1 борышкерге қатысты қылмыстық шара көрілді.
– Бұл ретте борышкер мен өндіріп алушының өз құқықтары мен мiндеттерi ескеріледі ме?
– Әрине, атқарушылық iс жүргiзу тараптары атқарушылық iс жүргiзу материалдарымен танысуға, олардан үзiндiлер жасауға, көшiрмелерiн алуға, қосымша материалдар беруге, өтiнiш бiлдiруге, атқарушылық әрекеттер жасауға қатысуға, процесс кезінде ауызша және жазбаша түсiнiктер беруге құқығы бар. Атқарушылық iс жүргiзу барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдерi мен пiкiрлерiн айтуға, iс жүргiзуге қатысушы басқа адамдардың дәлелдерi мен өтiнiштерiне қарсылық бiлдiруге, бас тартатынын мәлiмдеуге, атқарушылық iс жүргiзу мәселелерi ­бойынша сот орындаушысының әрекеттерiне (әрекетсіздігіне) немесе шешiмдерiне шағым жасауға, бітімгершілік келісімді бекіту туралы өтінішпен сотқа жүгінуге болады.
Ал, борышкер жұмыс орнының, тұрғылықты және орналасқан жерінің өзгергені, сондай-ақ, жаңа табыс көздерінің және мүлкінің пайда болғаны туралы көрсетілген мән-жайлар туындаған кезден бастап үш жұмыс күні ішінде сот орындаушысына жазбаша хабарлауға міндетті болып саналады. Борышкер атқарушылық іс жүргізу аяқталғанға дейін айына бір рет, сондай-ақ, шақырылған жағдайларда сот орындаушысына келуге міндетті. Егер, бұл міндет орындалмаса, жауапқа тартылады.
– Жеке сот орындаушысы боламын деген азаматтарға не айтар едіңіз?
– Ұлт жоспарында айтылғандай, жеке сот орындаушысына қойылған талап зор. 25 жасқа толған, жоғары заңгерлік білімі бар, жеке сот орындаушысында үзіліссіз тағылымдамадан өткен, біліктілік емтиханын тапсырған, жеке сот орындаушысы лицензиясын алған және ­конкурстан өткен азамат жеке сот орындаушысы бола алады. Ең бастысы, ұлтқа қазмет етуді мақсат тұтса болғаны.

Сұхбаттасқан
Г.Дүйсебай
29 желтоқсан 2025 ж. 24 0

Қоғам

БАЛЫҚ ШАБАҚТАРЫ ҚҰТҚАРЫЛДЫ
29 желтоқсан 2025 ж. 24

PDF нұсқалар мұрағаты

№99 (9366)

27 желтоқсан 2025 ж.

№98 (9365)

23 желтоқсан 2025 ж.

№97 (9364)

20 желтоқсан 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
293031