ЕҢБЕКТІҢ ОТЫН ЕРЛІКПЕН ЖАҚҚАН
Патшалы Ресейдің әскери топографы, шығыстанушы В.К.Арсеньевтың «Дерсу Узала» атты романында керемет суреттелген Уссури өлкесінде біздің кейіпкеріміз өмір есігін ашқан. Онда табиғаты көркем, қоршаған ортасы жасыл желекке көмкерілген, қыс айы керемет өлкедегі аңшылардың өмір сүру дағдысы, сондағы халықтың тыныс-тіршілігі керемет баяндалған. Примор өлкесі негізінен Жапон, Кәріс және Қытай елімен шектесіп жатқан күн шығыстағы ең қиыр аймақ.
Ким Ман Сам 1883 жылы осы өлкеде өмірге келеді. 1929-1937 жылға дейін сол жақта колхоз құрушы, еңбек адамы ретінде көзге түседі. 1930 жылдардан бастап сталиндік саясаттың ықпалымен ресейлік корейлердің тарихында жаңа кезең басталып, нәтежиесінде 1937 жылдың 21 тамыз күні Кеңестер Одағының Халық Комиссарлар кеңесі және БКП(б) Орталық Комитеті «Қиыр Шығыстағы корей халқын шекарадағы аудандардан қоныс аудару туралы» қаулы қабылдады. Оның негізінде Ким Ман Сам және басқа да Уссурилік корейлердің жартысы Қызылорда облысына, енді басқасы Шығыс Қазақстан облысына қоныстандырылғаны тарихтан белгілі. Тумысынан кеңпейіл, еңбекқор, шыдамды болып келетін кәріс ұлты мұнда келген соң, күріш егу ісімен айналысады. Олардың арасында асқан еңбек сүйгіштігімен көзге түскен, ізденгіш, күріш егуден алғашқы рекордшы, атақты Ким Ман Сам бар еді.
Шиеліге келген корейлер «Авангард» атты колхоз құрып, жұмысын жасап, күрішін егіп, күн шыққаннан кеш батқанға дейін тынымсыз еңбек етіп, ауылдың тыныс-тіршілігін жандандырылды. Колхоздың жетекшісі қызметіне Ким Ман Самның ұлы Ким Хон Бин (ол да Социалисттік Еңбек Ері) тағайындалып, Ким Ман Самның өзі звено жетекшісі болды. Ким Ман Сам 1938 жылдан 1954 жылға дейін «Авангард» (қазіргі Ақмая ауылы) ұжымшарында өмір сүріп, еңбек етеді. Ол Қазақстанда күріштен рекордтық жоғары өнім алудың жолдарын табандылықпен іздестірді. Әртүрлі тұқымды сынап көрді, агротехниканы өзгертті, суару жүйелерін жетілдірді.
.Ол басқарған звено 1940 жылы егістіктің әр гектардан 80 центнер өнім алды. 1941 жылы Ким Ман Сам Қазақ ССР-нің 20 жылдығы құрметіне «Құрмет белгісі» орденімен наградталды.
1942 жылы Ким Ман Сам 20 гектар күріштің әр гектарынан 150 центнер өнім жинап, алғашқы рекордты жасаған еді. Осындай жетістік сырын барша диқанның игілігіне айналдыру үшін ауданда қыста екі айлық күрішшілер оқуы ұйымдастырылып, онда Шиелі аудандық жер бөлімінің бас агрономы Әнес Алтынбеков, Ким Ман Сам және Ыбырай Жақаев сабақ береді. Бұл кейін жетпісінші жылдары ұйымдастырылған «Жақаевшылар мектебі» деп аталатын күрішшілердің республикалық озат тәжірибе мектебінің бастауы болатын.
Ким Ман Сам өзінің мол тәжірибесін тек өзі басқаратын звено мүшелеріне ғана үйретіп қоймай, колхоздың жалпы күріш егістігінен мол өнім жинауына күш салды. Ол колхоз даласына себілетін күріш тұқымын іріктеп алу ісіне басшылық етті. Мұның өзі егіннің бітік болып шығуында зор рөл атқарды. Облыстың басқа колхоздарына да өзінің тәжірибесін үйретті, барлық күріш өсіретін шаруашылықта болып, егіншілерді мол өнім өсіруге шақырды. Ол Ленин атындағы Бүкілодақтық ауыл шаруашылық академиясы Қазақ филиалы ғылыми қызметкерлерінің конференциясында өз тәжірибесі жайында баяндама жасап, Бүкілодақтық ауыл шаруашылығы көрмесіне қатысты.
Ұлы Отан соғысы кезінде озат күріш өсіруші колхоздың алты бірдей звеносын басқарды, олар соның басшылығымен жыл сайын мол өнім жинап отырды. Ким Ман Сам жауды жеңуге тек өзінің қажырлы еңбегімен зор үлес қосып қана қоймай, 1942 жылы «Қызылордалық колхозшы» атты танк колоннасын жасауға 105 мың сом өз қаржысын берді.
Ақ күріштің атасы атанған Ыбырай Жақаев пен Ким Ман Сам замандас, дос, қызметтес болды. Нағыз ерге тән қасиеттерінің арқасында қос күрішші бәсекелеспей, бір-бірін құрметтеп, тәжірибе алмасып, биік межелерді бірге бағындырып отырған. Қос диқан 1944 жылы алғашқы үкіметтік марапаттарын – «Еңбек Қызыл Ту» орденін алады. 1946 жылы Жақаев пен Кимге КСРО мемлекеттік сыйлығы (ол кезде Сталиндік сыйлық деп аталған) беріледі. Сол сыйлық қаражатқа Ыбырай Жақаев колхозына 5 трактор сатып алып берсе, Ким Ман Сам ауылына клуб соқтырды. Қазір сол мәдениет үйі Ким Ман Самның атында. Ол 1956 жылы өзінің туған өлкесіне қоныс аударды.
Қазіргі кезде Ақмая ауылындағы Ким Ман Сам атындағы мәдениет үйімен қатар, өзі өмір сүрген ауылда атақты күрішші атына көше берілген. Елге өлшеусіз еңбек сіңірген диқанның артында өшпес із, сарқылмас мұра қалды. Ел үшін туып, тер төккен еңбек ерлерін Сыр елі ғана емес, бүкіл қазақ жұрты мәңгі құрметтейді.
Жансая Нұртаева,
Шиелі аудандық тариихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері
Шиелі аудандық тариихи-өлкетану
музейінің ғылыми қызметкері








