Гүлстан БОЛАТОВА: ЕРТЕ ДИАГНОЗ – ӨМІР КЕПІЛІ
Менингит – халық арасында миқұрт деп те аталады. Бұрын халық арасында көп таралған дерттiң бiрi. Ертеде бұл аурумен науқастанған жан ем табылмауы себептi көп өмiр сүрмеген. Ал бүгiнгi таңда жетiлген медицинаның көмегiмен құлантаза айығып кететiн адамдар саны артып келедi. Ол тұмау, көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Көбiне суықтан өршитін бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды. Қауіпті дерттен қорғанудың жолы қандай? Ауру қайдан, қалай пайда болады? Осы сұрақтар төңірегінде аудандық санитариялықэпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Гүлстан Болатовамен сұхбаттастық. – Менингококк деген не және ол несімен қауіпті? – Менингококк – ол бактерия. Менингококк бактериясының 12 түрі бар. Олардың 6-уы адам өміріне қауіпті. Бұл бактериялар мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығында болады және бір адамнан екіншісіне жеке тығыз байланыс кезінде, бір бөлмеде бірге ұзақ отыру кезінде жұғады. Менингококк инфекциясы науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан және аурудың асқынуынан өлімге апару мүмкіндігінің жоғары болуымен қауіпті. Менингит – ол өте қауіпті инфекциялық ауру, бас және жұлынның жұмсақ қабығының қабынуы және түрлі бактерия мен вирустан туындауы мүмкін. – Қалай алдын аламыз? – Аурудың алғашқы белгілері пайда болған кезде, асқынып кетуді болдырмас үшін медициналық көмекке жүгіну қажет және өзін-өзі емдеумен айналысуға болмайды. Одан бөлек адам көп жиналатын жерлерге бармау керек. Аурып қалмау үшін және айналадағы адамадарға ауру жұқтырмау үшін, мұрынжұтқыншақтарының жедел және созылмалы ауруларды (фарингит, тонзилит, ларингит) уақытылы емдеу, таза ауада серуендеу, қоғамдық көліктермен жүрмеуге тырысу керек. Витаминдер мен микроэлементтермен байытылған толық және теңдестірілген тамақтану, спортпен шұғылдану, ағзаны шынықтыру иммунитттің жоғарлауына ықпал етеді. Үй-жайларды жиі желдету, күніне кемінде 2 рет дымқыл тазалау жүргізу керек. Жөтелген кезде, түшкірген кезде бір реттік орамал пайдалану маңызды.Жеке гигиенаны сақтау, қолды сабынмен және сумен кем дегенде 20 секунд мұқият және жиі жуу керек. Өкінішке қарай, көптеген ата-ана аурудың қауіптілігін толық түсінбейді, сондықтан білікті медициналық көмектен бас тартады. Менингококк инфекциясы ауруының кенеттен басталуын және ауырлығын ескере отырып, оның алғашқы белгілерінде мүмкіндігінше ертерек дәрігерден көмек сұрау қажет, бұл баланың, жасөспірімнің өміріне байланысты болады. Менингит ең қауіпті инфекциялардың ондығына кіреді, сақ болған жөн. – Б ұ л д е р т қ а н ш а л ы қ т ы ж и і кездеседі? – Қазіргі таңда сирек кездесетін дерт деуге болады, бірақ өте ауыр өтеді. Мәселен, ауданда өткен жылы 2 науқас тіркелді. Екеуі де 14 жасқа дейінгі балалар. Ал биыл жыл басынан бері 2 бала және 51 жастағы кісіден осы дерт анықталды. – Байқауымызша науқастардың басым бөлігі балалар екен. Себебін немен байланыстырамыз? – Иә, бұл дерт балаларға үйір келеді. Себебі олардың иммундық жүйесі толығымен қалыптаспаған. Сондықтан қоздырғыштар бала ағзасына тез жұғады. Жоғарыда айтылғандай, ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Жасырын түрде өрбитін ауруды кей ата-аналар баласының тіс жаруымен байланыстырып жатады. Баланың құсуы мен мазасыздануы, үнемі жылай беруі тіс жарған кездегі белгілерге ұқсағанымен, олай болмауы да мүмкін. Ал емделу уақыты өтіп кеткен баланы аурудан айықтыру оңай шаруа емес. Ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса айығып кету мүмкіндігі жоғары. Сол үшін алдын алған жөн. – Өте ауыр өтеді дедіңіз. Нақты қандай белгілері болатынын айта кетіңізші... – Инкубациялық кезең 2-10 күн аралығында созылады. Дене қызуы 39-40°C дейін көтеріліп, қалтырау белгісімен ауру жіті басталады. Балалар басының қатты ауыруына шағымданады, жиі құсады. Арқа және омыртқа тұстарында ауырсыну белгілері болуы мүмкін. Бас кезінде науқастың ақыл-есі сақталады, бірақ кейіннен бұлыңғыр болуы мүмкін немесе мүлдем естен танады. Бұл сырқаттың маңыздысы ауырғаннан кейін 1-ші күннен пайда болатын құрысу белгісі болып табылады. Науқаста сандырақтау байқалады. Баланың жатысына тән қалып болады: қырынан тізе және жамбас буындары бүгіліп жатады, басы шалқайған, аяғы ішіне жиналған. Әрбір тітіркенгішке сезімталдығы жоғарылайды. Баланың беті бозарып, аянышты түр пайда болады, сирек жағдайда балалардың іші өтеді. Тілі құрғап, ақ дақтар пайда болады. Көздің қыли болуы, мұрын мен ерін қатпарының тартылуы бас миының зақымдалғанына дәлел болады. Жас ерекшеліктеріне қарамастан науқастарды ауруханада емдейді. Арнайы, кешенді антибиотик, вирусқа қарсы дәрілік заттардан тұратын ем жүргізіледі. Ауыр жағдайда реанимациялық ем шаралар жүргізілуі мүмкін. Менингит толық жазылады. Емнің нәтижелілігі ауруханаға уақытылы жатумен және емнің тағайындалуына байланысты. – Менингиттің өршитін уақыты бола ма? – Менингококк инфекциясы жылдың кезеңділігіне байланысты сипатталады. Негізінен қыста және ерте көктемде өршиді. Инфекция – ауа-тамшы арқылы, яғни жөтелген, түшкірген, сөйлескен кезде жұғады. Инфекция қоздырғышы сыртқы ортада өте тұрақсыз. Микроб дені сау адамның организміне науқас немесе тасымалдаушы адаммен ұзақ және тығыз қарым-қатынаста болғанда жоғарғы тыныс алу жолдарының сілекейлі қабығы арқылы енеді. Жұқтырудан аурудың басталуына дейінгі инкубациялық кезең бір күннен он күнге дейін. Жалпы халқымыздың «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген нақылы – тек медициналық кеңес емес, өмірлік ұстаным болуға лайықты терең мағынаға ие сөз. Бұл – денсаулықты алдын ала күту, сақтану, салауатты өмір салтын ұстану керектігін меңзейтін маңызды қағида. Әр адам сол қағиданы берік ұстанса деймін. – Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Гүлхан ЯХИЯ







