Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚОЛЫ – ШИПА, СӨЗІ – ДӘРУ

ҚОЛЫ – ШИПА, СӨЗІ – ДӘРУ

Денсаулық пен көңіл-күйді жақсартуда массаждың маңызы зор. Массаж – тек денені жеңілдетіп, бұлшық еттерді босататын әдіс емес, ол адамға жан-жақты әсер ететін, рухани әлемін қалпына келтіретін ерекше өнер. Массаждың әрбір қозғалысы – шипа мен үміт, ал шебердің қолында ол нағыз емдік күшке айналады.

Сондай шеберлердің бірі – Назыгүл Серікбайқызы. 33 жылдық тәжірибесі бар кәсіби массаж жасаушы, өз ісінің нағыз маманы. Оның массажына жүгінген әр адам тек физикалық ғана емес, психологиялық тұрғыдан да жеңілдік табады. Балалар мен аналарды қарау, олардың денсаулығы мен көңіл-күйін жақсарту – оның күнделікті миссиясы. Алғашқы тәжірибесін жинап, алған сабақтарын тереңдету үшін ол Алматы қаласында Qazaq Med Clinic клиникасында классикалық және емдік массаждан қосымша білім алады. Назыгүл Бимағанбетованың массаж қызметі әртүрлі бағытты қамтиды. Ол балалар мен әйелдерге кәсіби медициналық массаж жүргізеді: гипоксия, бас қысымы, ми ишемиясы, ДЦП, дисплазия, шала туған балалар, гипертонус, қисық мойын, жауырын жабысу, остеохондроз, қақырық түсіру және басқа да емдік массаж түрлерін ұсынады. Оның қолы арқылы көптеген балалар мен ересектер ауруларынан айығып, өмір сүру сапасын арттырды. Әлеуметтік желілерде көп ата-ана кейіпкерімізге шынайы ризашылық білдіреді. Мысалы, бір оқырман «Назыгүл апайдан 3 курс алған соң баламның басындағы гипоксиясы кетті» деп жазған. Тағы да бір оқырман, Төңкеріс ауылының тұрғыны Назым есімді келіншек Instagram желісінде Назыгүл ханымның қызметін жоғары бағалап, былай деп жазды: – Осы Назыгүл ханымды инстаграмнан қарап, массаж жасатып, қазір шүкір, қызым жүріп жүр. Бізде ұршықтың іштен шығып кеткені ­туралы диагноз қойылған, 3 ай гипспен жүрдік. 3 айдан соң гипсты алып, осы массаж жасату арқылы аяқтарымыз қалпына келіп, жақсы болып қалды. Бізге дәрігерлер шина кигізу керек екенін айтқан. Бірақ Назыгүл ханым «массаж жасаймын болды, шина қажет емес» деп сендірді. Міне, нәтижесінде сол шина кимей-ақ қазір жақсымыз. Екі курс массаж алғаннан кейін балам толыққанды жазылуда. Барлық қолдау мен көмегіңіз үшін шексіз алғысымды білдіремін, – деп ақжарма лебізін білдірген. Назыгүл үшін массаж – тек кәсіби қызмет қана емес, адамға жанашырлықпен және мейіріммен қарау өнері. Өз тәжірибесінде ол әр пациентпен жеке сөйлесіп, оның жағдайын терең түсініп, емдік процедураны дәлме-дәл жүргізуге тырысады. – Мен әр баланың және әр ересектің денсаулығын – өз жауапкершілігіме аламын. Әрбір сәтте олардың жақсарып, күліп шыққанын көргенде, кәсібімнің мәнін түсінемін. Бұл – мен үшін ең үлкен мәртебе, – дейді ол. Оның кәсіби жетістіктері де лайықты бағаланды. Атап айтсақ, жақында Алматы қаласында өткен «Жыл массажисті – 2025» марапаттау кешінде Назыгүл Серікбайқызы «Биоток массаж маманы» номинациясымен марапатталды. Сондайақ Шиелі ауданы атынан қатысып, «Жыл үздігі» атағын да алып абыроймен қайтты. Б і л і к т і л і г і м е н ізденімпаздығы арқасында ол тек Қызылорда облысынан ғана емес, Астана, Алматы, Шымкент қалаларынан да пациенттерді қабылдайды. Талай адам оның шеберлігіне сеніп, балаларын және жақындарын кәсіби массажға алып келеді. Үнемі жаңа әдістерді меңгеріп, ғылым мен тәжірибені үйлестіріп, массаждың тиімділігін арттыру жолында ізденісін тоқтатпайды. Айта кетейік, ол өмірлік жарымен бірге екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр. Отбасы да оған әрдайым қолдау көрсетеді. – Отбасымның ризашылығы – мені жаңа жетістіктерге ынталандырады, – дейді күлімсіреп. Ол жасаған массаждың арқасында көптеген жанның өмірі жеңілдеп, денсаулығы қалпына келді, ал ата-аналар мен науқастардың алғысы оның еңбегінің ең басты бағасы болды. Назыгүл Серікбайқызының қолы шипа, сөзі дәру, ал жүрегі әрдайым жақсылыққа толы. Міне, осындай адамдар қоғамға шынайы үлгі береді.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ



25 қараша 2025 ж. 24 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№90 (9357)

25 қараша 2025 ж.

№89 (9356)

22 қараша 2025 ж.

№88 (9355)

18 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930