Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ТӘТТІ ДӘМНІҢ ТҰЗАҒЫ

ТӘТТІ ДӘМНІҢ ТҰЗАҒЫ

Шай ішпей күні өтпейтін қазақ үшін қант – күнделікті дастарханның басты «қонағы». Біреу «қантсыз шай іше алмаймын» десе, енді бірі «тәтті сусын ішпесем, басым айналып кетеді» деп ақталады. Бірақ сол бір кішкентай ақ түйіршік – денсаулықты үнсіз улап жатқанын білеміз бе? Тәттінің дәмі тіл үйіреді. Бірақ оның астарында ащы шындық жатыр.

Тәттіге деген махаббат – бала күннен ­басталатын сезім. Туған күнде торт, емтиханнан кейін шоколад, достармен кездесуде газды сусын. Уақыт өте бұл әдет тәуелділікке айналады. Ал тәуелділік – кез келген удың бірінші белгісі. Психологтар қанттың адам миына есірткі сияқты әсер ететінін айтады. Ол дофамин деп аталатын «бақыт гормонын» оятып, уақытша қуаныш сыйлайды. Бірақ біраздан соң, ағза сол әсерді қайта іздей бастайды. Нәтижесінде – шексіз шөл, бітпес аштық, тоқтаусыз тәбет басталады. Қант – семіздіктің ең сенімді серігі. Күніне бір бөтелке тәтті сусын ішкен адам жыл соңында 5-7 келі артық салмақ жинайтыны дәлелденген. Бір қарағанда түк емес секілді. Алайда әр бөтелке – ағзаңызға құйылған жаңа май қабаты. Поляк ғалымдары тәтті сусындардың адам өмірін орта есеппен 15 жылға қысқартатынын анықтаған. Ал Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы жыл сайын 2,5 миллион адамның артық салмақтан қайтыс болатынын айтады. Бұл жай ғана статистика емес – бұл үнсіз қасірет. Қант ағзаға түскенде, ол қан құрамындағы пайдалы элементтердің тепе-теңдігін бұзады. Бір жағынан зиянды холестерин көбейеді, екінші жағынан ағзадағы «жақсы» майлар азаяды. ­Бауыр, жүрек, бүйрек – бәрі қосымша ауыртпалық көреді. Кент тұрғыны Мадияр Алтаев өзінің тәжірибесінен сабақ алғанын айтады: – Күніне бірнеше бөтелке тәтті сусын ішетінмін. Уақыт өте бауырым сыр бере бастады, тісім үгітіліп, салмағым артты. Стоматолог «тәттіге құмарсың ба?» деп сұрағанда, мен тек тәтті сусынды жақсы көретінімді айттым. Сол кезде ғана түсіндім... Бар бәле сонда екен. Газды сусындар – қазіргі заманның ең «жарқыраған» уы. Бір жұтымда шөліңді қандырып, екінші жұтымда ағзаңды әлсіретеді. Олардың құрамында фосфор қышқылы мен бисфенол-А бар. Бірі – сүйектегі кальцийді шайып тастайды, екіншісі – қатерлі ісікке жол ашады. Фосфор қышқылының көптігінен тіс эмалі үгітіледі, сүйек сынғыш болады, ал бүйрекке тас жиналады. Саған «энергия» бергендей көрінген сусын шын мәнінде, өміріңді баяу өшіріп жатқан құрал. «Денсаулық» ұлттық қауымдастығының төрайымы Бақыт Түменова былай дейді: – Қантты мүлде жоққа шығару мүмкін емес. Ол мидың жұмысы мен энергия көзі ретінде қажет. Бірақ мөлшер – мәдениет. Тәттіден қашпай, оны бақылауға үйрену керек. Шындығында, адам күніне 25–30 граммнан (шамамен 5 шай қасық) артық қант тұтынбауы тиіс. Ал бір банка газды сусында сол мөлшерден екі есе көп қант бар екенін білесіз бе? Қант – жау емес. Ол тек шамадан тыс қолданылғанда ғана «у»-ға айналады. Тәттіден біржола бас тартудың қажеті жоқ. Бірақ ағзаға шекара қою керек. Шайыңа екі емес, бір қасық қант сал. Газды сусынды су мен табиғи шырынға алмастыр. Балаңа кәмпит емес, жеміс ұсын. Міне, шынайы қамқорлық – осы. Қорытындылай келе, қант – тәтті, бірақ өмір одан да тәтті. Өмірдің шынайы дәмін сезгің келсе, оны жасанды тәттімен бүркемелеме. Өйткені әр артық қасық қант – денсаулығыңнан ұрланған бір күн. Тәттіден бас тартып, өз өміріңді ұзарт.

С.БАХТИЯРҚЫЗЫ

09 қараша 2025 ж. 31 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№85 (9352)

10 қараша 2025 ж.

№84 (9351)

04 қараша 2025 ж.

№83 (9350)

01 қараша 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12
3456789
10111213141516
17181920212223
24252627282930