Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚАНТ ДИАБЕТІ – ҚАУІПТІ ДЕРТ

ҚАНТ ДИАБЕТІ – ҚАУІПТІ ДЕРТ

Бүгінде дүние жүзінде жыл сайын миллионнан аса адам көз жұматын және кез келген адам ұшырауы мүмкін қауіпті дерт – қант диабеті. Өкінішке қарай, егде тартқандарды да, жастарды да, тіпті, балаларды да бұл ауру айналып өтпеуде. Өмір бойы тағамның кейбір түрінен шектеліп, дәрі-дәрмекке, инсулинге тәуелді болу кім-кімге де оңай емес. Асқынса, басқа ағзаға да кері әсерін тигізетіні тағы бар. Демек, бұл дерт қалыпты өмір салтынан қағады. Ауру көрсеткіштерінің артуына не себеп? Біздің аудандағы ахуал қандай? Осы және өзге де сауалдар аясында зерттеп көрдік.
Иә, қазір әлемге төнген қауіптің бірі – қант диабетінің күрт көбеюі. Бұл – жай ғана ауру емес, адамның өмір сапасын төмендететін, асқыну қаупі жоғары созылмалы дерт. Соңғы жылдары осы сырқатқа шалдығу себептерінің арасында тәтті газдалған сусындар мен қантты ішімдіктерді тұрақты тұтыну алдыңғы қатарға шықты. Қант диабеті – бұл қандағы глюкоза мөлшерінің ұзақ уақыт бойы қалыптан тыс жоғары болуы. Мамандар диабеттің екі түрі бар екенін айтады. – I типті диабет көбіне кішкентай балада немесе жас кезде дамиды, яғни инсулин мүлдем өндірілмейді. II типті диабет ересектер мен артық салмағы бар адамдар арасында жиі кездеседі, бұл жағдайда инсулин өндіріледі, бірақ ағза оны тиімді пайдалана алмайды. Қазіргі таңда дәл осы II типті диабет қарқынды таралып келеді және оның басты себептерінің бірі – тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну. Сондай-ақ гестационды диабет жүкті әйелдерде кездеседі, – дейді аудандық емхананың эндокринолог дәрігері Гүлнара Нәлтаева. ӘР ҚЫРЫҚ АДАМНЫҢ БІРЕУІ ҚАНТ ДИАБЕТІНЕ ШАЛДЫҚҚАН Соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда қант диабетімен ауыратындар саны 31%-ға өсіп, 400 мың адамға жетті. Бұл – ел халқының шамамен әрбір қырқыншы адамы қант диабетіне шалдыққан деген сөз. Олардың басым бөлігі – 35 жастан асқан азаматтар, алайда соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар арасында да бұл ауруға шалдығу жиілеп барады. Ал дәл қазір Шиелі ауданында қант диабетімен 1600 адам есепте тұрады. – Мен қант диабетімен 5 жыл бұрын ауырдым. Газды тәтті сусын мен майлы тағамды көп тұтынғаннан деп ойлаймын. Себебі күніне кемінде екі бөтелке газды су ішетінмін. Басында мән бермедім. Кейін бойымда әлсіздік, ашуланшақтық пайда болды. Диагноз – II типті диабет. Қазір күнде дәрі, күнде тексеріс. Ең өкініштісі, осының бәрін болдырмауға болар еді. Тәтті сусын дәмді ғой, бірақ оның артында тұрған қауіп өте үлкен. Жастарға айтарым – денсаулықпен ойнамаңыздар! Бір стакан су мың есе артық, – дейді Айдана Мұратқызы. Дәрігер бұл тенденцияның негізгі себептерінің бірі ретінде тәтті газдалған және энергетикалық сусындардың қолжетімділігі мен танымалдығын ерекше атап өтті. – Қант диабеті тек жүре пайда болатын дерт емес, ол тұқым қуалау жолымен де келеді. Қант диабетіне шалдықтыратын қауіп факторлары өте көп. Мәселен, тұқым қуалаушылық, өмір сүру салты, артық салмақ, ұйқы безінің жіті және созылмалы аурулары, тәтті сусындарды шамадан тыс тұтыну және дұрыс тамақтанбау, синтетикалық тағамдарды жиі тұтынудың соңы осы дертке әкеліп жатады, – дейді эндокринолог Гүлнара Санаққызы. Оның айтуынша, газдалған және тәтті сусындардың 1 литрінде 20-30 шай қасыққа дейін қант болуы мүмкін. Мұндай жоғары мөлшерде қантты күнделікті тұтыну қандағы глюкозаның үнемі жоғары деңгейде болуына әкеледі. Ұйқы безі қандағы қантты реттеу үшін үнемі инсулин бөледі. Алайда тәтті сусындарды жиі ішкен кезде ағза бұл гормонға «үйреніп», инсулинге төзімділік пайда болады. Бұл – II типті қант диабетінің алғашқы кезеңі. Тәтті сусындар – «бос калория» көзі. Яғни олар энергия береді, бірақ ешқандай қоректік затпен қамтамасыз етпейді. Бұл іш майының жиналуына және артық салмақтың пайда болуына әкеледі, ал бұл өз кезегінде қант диабетінің дамуына түрткі болады. Қантты сусындардағы фруктоза бауырда май түрінде жиналып, майлы гепатозға (бауырдың майлануына) себеп болады. Бұл жағдай инсулинге төзімділікті одан сайын күшейтіп, диабеттің даму мүмкіндігін арттырады. АРТЫҚ САЛМАҚ АРТЫП БАРАДЫ Қазақстандағы 11-15 жастағы балалардың 17%- ы күн сайын, 14,5%-ы аптасына бірнеше рет тәтті сусын ішеді екен. Балалар арасындағы артық салмақ көрсеткіші – 23%. Бұл – келешекте ұрпақтың айтарлықтай бөлігі жас кезінен бастап қант диабетіне шалдығуы мүмкін деген сөз. Бұған энергетикалық сусындар да қосылады. Олар – қант пен кофеиннің қосындысынан тұратын өте қауіпті өнім. Биылдан бастап елімізде 21 жасқа дейінгі азаматтарға энергетикалық сусындарды сатуға тыйым салынды. Қазіргі уақытта еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі тәтті сусындарға литріне 100 теңге салық салуды ұсынып отыр. Бұл өз кезегінде тұтыну деңгейін 16%-ға төмендетіп, қарапайым суды тұтынуды 41%-ға арттыруы мүмкін. Салықтан түскен табыс ЖІӨ-нің 0,25%-ын құрап, денсаулық сақтау саласын қаржыландыруға бағытталмақ. Мұндай салық әлемнің бірнеше елінде өз тиімділігін дәлелдеген. Қант диабеті – кең етек алғанмен, алдын алуға болатын дерт. Ол үшін, ең алдымен, тәтті сусындарға тәуелділікті азайту қажет. Бұл – мемлекет, қоғам және әрбір азамат болып бірлесіп күресуді талап ететін мәселе. Тәтті сусынды бүгін ішкен бала ертең инсулинге тәуелді ересек адамға айналуы мүмкін. Сондықтан таңдау ертең емес, бүгін жасалуы тиіс.

Гүлхан ЯХИЯ
26 мамыр 2025 ж. 83 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№39 (9306)

28 мамыр 2025 ж.

№38 (9305)

24 мамыр 2025 ж.

№37 (9304)

20 мамыр 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031