АМАНЖОЛ АҒАЙДЫҢ ПЕДАГОГИКАЛЫҚ ӘУЛЕТІ

Мұғалімдер күні – білім беру саласындағы қызметкерлердің барлығына ортақ кәсіби мереке. Бұл күні ұстаздар қауымының қоғам дамуындағы рөлі мен еңбегі, оған қосатын зор үлесі бағаналады. Елімізде мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында 500 мыңнан аса педагог еңбек етеді. Кәсіптік мереке қарсаңында, біз мұғалімдік жұмыс өтілі үш ғасырға жуықтаған Әбуовтар отбасында болып, әулет тарихымен танысып қайттық. Ұстаз – ұлағатты есім. Шәкірттерін білім нәрімен сусындатып қана қоймай, ізгілік пен инабатты, адалдық пен парасатты қолдайтын тәлім-тәрбие беру, жақсы қасиеттерді шәкірттерінің бойына дарытып, адамгершілік рухта бағыт-бағдар беруде ұстаздың еңбегі зор. Сондықтан да ол әрдайым қасиетті тұлға ретінде ерекшеленеді. Шынайы ұстаз өз шәкірттерінің жүрегінде білімге деген сарқылмас ынта-ықыласты оятады. Осындай ұстаздар бар кезде елдің – елдігі, халықтың көпшілдігі еш жоғалмайды. Дәл осындай өмірлік принципті ұстаған, тұла бойы тұнып тұрған қарапайымдылық пен адалдықтың эталоны болатын тұлға туралы сыр айтып бөліспекпіз. Ол – қазіргі таңда «ұстаздардың ұстазына» айналған, Шиелі ауданындағы қара шаңырық білім ордасы №45 «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы қазақ орта мектебінің 1960 жылғы түлегі. Осы мектепте математика пәнінің мұғалімдігінен бастап оқу ісінің меңгерушілік қызметіне дейін атқарған қарапайым ұстаз, қазіргі таңда еңбегінің зейнетін көріп отырған зейнеткер – Аманжол Әбуовтің өмір жолы мен ұстаздық кезеңін зерттей келе, мектеп мақтанышы атына лайық жан екендігін көрсеткіміз келеді. Аманжол Әбуов Тартоғай елді мекенінің тумасы. Әкесі – Әбу Шерімбетов 1941 жылы майданға аттанып, шейіт болған азаматтардың бірі. Тұрмыс тауқыметі мен қиындықтарын көтеру қиын кезеңде анасы Нұркүл Шерімбетова төркініне жақын келіп, Шиелі ауданында қоныстанды. Содан ер азаматының амандығын тілеп, баласының есімін Аманжол қойған болатын. Нұркүл апамыз көзінің ағы мен қарасы үлкен қызы Фатима мен баласы Аманжолды қайтсем ешкімнен кем қылмаймын деп барын салып өсірді,. «Қызыл Ту» колхозында күріш ору, егістікті қарауылдау, тігіншілік жұмыстарын істеп, тапқан адал еңбек ақысымен балаларын асырады. Аманжол ағамыз алғаш рет мектеп табалдырығын 1950 жылы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебінде аттаған екен. Өзінің мектептегі кезеңінде мектеп директоры Ө.Адамбаев, сынып жетекшісі Ә.Алдабергенов, ұстаздары Жүсіпбаев Базарбек қажы атаны, Бөлекбаева Ұлған апайлар мамандыққа деген қызығушылығы мен ынтасын ашуға бірден бір үлес қосқанын әлі де ыстық ықыласпен еске алады. Балалық шақ бал дәуренінен бірге өскен достары Жақсылық Өтеулиев, Жақсылық Айдаралиев, Әлішер Айтмаханов, Орынкүл Сейтжаппарова секілді апа-ағалармен бірге оныншы сыныпты аяқтады. Екі оныншы сыныпта 58 оқушы бітіргенін атап кетті. 1960 жылы аталған мектепті тәмамдаған соң, Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институтының математика факультетіне оқуға түсті. Жақсылық Өтеулиев, Жақсылық Айдаралиев, Қалдар Марипова, секілді Шиелі ауданы жастарының қатарында Н.В.Гоголь атындығы елінің бетке ұстар асыл азаматтарымен бірге оқуға деген құштарлықтарын арттырады. А.Әбуов өзінің еңбек жолын 1965 жылы Жамбыл облысы Қаратау өңіріндегі Тамды елді мекенінде математика пәнінің мұғалімі қызметінен бастағанын және сол жақта өзінің жұбайы, математика пәнінің мұғалімі Камшат Маханова апамызды кездестіргенін айтып берді. Екеуі де математика пән мұғалімдері. Бірге білім беру саласында үздіксіз еңбек етті. Ұстаздықты әулетінің киелі дәстүріндей қабылдап, жүрек қалауымен таңдап алған Аманжол аға ұстаздық жолын математика пәнінің мұғалімі бола жүріп, түрлі білім беру ұйымында шыңдады. 1966 жылы Бәйгеқұм елді мекеніндегі №251 М.Әуезов атындағы орта мектебінде сабақ беріп жүргендегі кезеңді еске ала отырып, екі жыл бойына Шиеліден қатынағанын айтты. «Мұғалім бала» деп ауыл сыйлады деп еске түсіреді. 1968 жылы Қызылту елді мекеніндегі №149 орта мектебіндегі сабақ берген кезеңін ауыл шаруашылық жұмыстарына көмектесуге мектеп оқушыларымен бірге баратындығын айтып берді. Күрішші колхозға күздік егін-терім жинау кезінде мектеп оқушылары көмек берілетін. Бір кезеңдерде математика пән мұғалімдерінің жетіспеушілігі болған кезде түске дейін Қызылту елді мекеніндегі мектепте жұмыс істеп, сабақ берсе, түстен кейін №219 орта мектепке барып сабақ берген кездерін еске алды. Аудан орталығындағы Октябрьдің 14 жылдығы атындағы №45 қазақ орта мектебінде жұмыс істеген кезеңді сол кездегі мектеп басшысы болған Жәукебаева Күлжан апайдың керемет басшылығын атап өтті. Мектеп өзіндік тәртібі бар, қашан да кез келген тексерулерге дайын, бүкіл сол кездегі білім бөлімі сенім артуға тұрарлық ұжым болғанын еске түсіреді. 1974 жылы №244 Ы.Жақаев атындағы орта мектебі енді ашылған кезде, оған №45 қазақ орта мектептен шеткері мөлтек ауданнан келетін 270 оқушы жаңа мектепке ауыстырылады. Ол туралы да ағайдың естеліктерінде мектеп ретінде тек оқу корпусы ғана берілгенін, ал қалған оқу құралдарды, парта, стол, тақталарды әр мектептерден жинап, өздерінің тасығандығын еске алады. Осы мектепте үздіксіз 32 жыл жұмыс істеп, зейнеткерлікке шыққанын атап кетті. Аталған мектептің барлығында да математика мен физика пәнінен мұғалімдіктен бастап, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін де атқарды. Кейіпкеріміз «Октябрьдің 14 жылдығы» атындағы №45 қазақ орта мектебінде 1972-1974, 1977- 1978 жылдары математика пән мұғалімі, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек етті. Өзінің ұшқан ұясы, алтын орда мектебі болғандықтан болар, бұл мектепке деген көңілі ерекше. Әлі күнге замандас, әріптес, қызметтес болған бұл күнде сыйлас достары Дүйсеманов Қали ағайды, Жәукебаева Күлжан апайды, әрі ұстазы, әріптесі болған Бөлекбаева Ұлтай апайды, Әбсадықова Кеңес апайды, Нина Петровна Безгина апайды атап еске алып отырды. «Шәкіртсіз ұстаз – тұл» дейді қазақ. Кез келген ортада жақсы өсірген оқушылары мен өмірде жолын қуған шәкірттерін атап жүретін халықпыз. Есімі елге танылған, атын әлем таныған ұлтымыздың бір туар азаматы, ұлы математик – Асқар Жұмаділдаев ағамыздың алғашқы математика пәнінен олимпиадаға дайындап, қанатын серметкен Аманжол Әбуовтің еңбегі. Мыңдаған шәкірттерді тәрбиелеп өсірген ол микробиология саласының профессоры Бисариева Шарипа апай, химия ғылымының докторы Қоразова Мария апай, ауданның атақты кәсіпкер азаматы Байділдаев Оразәлі, энергетика саласының білді маманы Қасымов Қалмырза ағаларымыз бен апайларымыздың өмір жолында ерен үлес қосқанын да атап кеткім келеді. Аманжол ағайдың өзі еңбек еткен мектепте ғана емес, аудан көлемінде математиктер арасында танымал тұлға екенін байқадым. Еңбегі еленген ардагер ұстаз Қазақстан Республикасы Халық ағарту ісінің үздігі. Аудан мұғалімдері арасында математика пән секция жетекшісі бола жүріп, жоғары категориялы ұстаз өзінің шәкірттері әрі әріптестері Омаров Жанайдар ағай, Әбенова Күнімай, Піржанова Ұлбосын, Сарсенбаева Қалипа, Әлиева Сауле апайлармен бірге бірнеше жылдар бойы аудандық пәндік олимпиада, «Алтын кілт» мұғалімдерге арналған математикалық олимпиада ұйымдастыру, мектепті үздік бітірушілердің математикадан емтихан, бақылау жұмыстарын тексеру комиссиясында жұмыс жасағанын айтып берді. Сонымен қатар аудан көлемінде математика пәнін тереңдетіп оқыту ісін қолға алып, №244 мектеп базасында 8-11 сынып оқушыларына математикадан тереңдетілген бағдарламамен сабақ берді. Соның нәтижесінде, шәкірттері техникалық оқу орындарының студенттері атанып, елдің өсіп-өркендеуіне атсалысқанын да айтып берді. 1979 жылы Мәскеу қаласындағы М.В.Ломоносов атындағы Москва Мемлекеттік университетінде математика пәнінен білімін жетілдіру курсына барып, сол кездегі «Алгебра және анализ бастамалары» оқулығының авторлары А.Н.Колмогоров, А.М.Абрамов, Б.М.Ивлев, С.И.Шварцбурд, О.С.Ивашев-Мусатовтардан дәріс алып, ұстаздық шеберлігін шыңдады. Көп жылдық жинаған тәжірибесінің нәтижесі «Фигураларды жазықтықта кескіндеу және көпжақтардың қималарын салу» атты тақырыптағы әдістемелік жұмысын жазды. Аталған жұмыс Қызылорда педагогикалық институтының қаулысымен арнайы методикалық кітап болып шығарылып, сол кездегі 10-сыныпқа арналған «Геометрия» оқулығына енгізілген. «Алты алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын – ұстаздікі» деп Мағжан Жұмабаев атамыз айтқандай, Аманжол ағайдың айтар ақылы, берер кеңесі, ортаға салып ой бөлісуі айналасындағыларға күш-қуат, жұмыстарында бағыт-бағдар бере білді. Өз отбасылық ортада Әбуовтер педагогикалық әулетінің бастаушысы әрі демеушісі ретінде көрінді. Бәлкім содан болар, осы қиындығы мен қызығы бірдей болатын ұстаздық жолды Аманжол ағайдың отбасында өсірген 2 ұл, 4 қызының бесеуі таңдады. Бұл жолдарды сәл пысықтасақ, «Үш ғасырға ұласқан мамандық» дер едім. Себебі Әбуовтер әулетінде бір отбасының бірнеше буыны ұстаздық мамандықты таңдап отыр. Үлкен қызы Гүлфарида №155 Д.Шыныбеков атындағы мектебінде өскелең ұрпаққа Пушкин мен Лермонтовты танытушы, орыс тілі мен әдебиеті пәнінің маманы болса, ал Нағима №157 Пәрімбетов атындағы орта мектебінің ақылойды ретке келтіретін математика пәнінің мұғалімі. Үлкен ұлы Ербол Қазақстан Республикасының Тұңғыш президенті Ұлттық Қорғаныс университетінде әскери қимылдарды моральдік-психологиялық қамтамасыз ету пәні бойынша қоғамдық пәндер және педагогика кафедрасының доценті. Кіші ұлы Бекбол «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық Атом Компаниясына қарасты «Уранэнерго» ЖШС бас директоры. Қызы Әлима Қызылорда қаласындағы №101 мектебінің бастауыш пән мұғалімі. Кіші қызы Ұлданай Алматыдағы №200 мектеп-гимназияда балалық бал кезеңде білім беріп, үйретуші, бастауыш бөлімінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің дегендей», Аманжол ағайдың ұл-қыздары да ұстаздықпен қатар, өз білімдерін үнемі жетілдіріп жүр. Деңгейлік курс, жаңартылған білім беру бағдарламасы секілді білім беру саласындағы жаңалықтарға атсалысты; түрлі конкурсқа да қатысып, ұстаздық шеберліктерін шыңдады. Ізденістерін оқу-әдістемелік құралдар шығарумен де ұштастырды. Ұстаз – шәкіртінің бойына білім нәрімен қатар ақыл-парасат пен көркем мінез сіңіруші жан. Сол себепті ұстаз есімі – қашанда ұлағатты. Ал осы ұлағат алып бәйтерек секілді жайқалған әулетте ұрпақтан ұрпаққа сабақтасып жатса, оның орны тіпті ерекше. Әбуовтер әулетінің педагогикалық еңбек жолы да өз бастауын сонау 1965 жылдан алады. Сол кезден бастап 2006 жылға дейін Аманжол ағай осы салада 43 жыл еңбек етсе, жан жары Камшат Маханова 33 жыл. Ұрпақтар сабақтастығын қолға алып, атааналарының еңбек жолын қуған Гүлфарида 37 жыл, Нағима 35 жыл, Ербол 30, Әлима 31 жыл, ал Ұлданай 25 жыл еңбек етіп келеді. Әрқайсысы өз саласында таңдаған кәсібінің, өз ісінің майталман маманы деп айта аламыз. Кейінгі толқын – немерелерінің арасында да осы ұстаздық ету мамандығын таңдаған балалары да бар. Гүлфарида апайдың қызы Рзахмет Ақжан ҚазМУды, онан соң магистратура тәмамдап, қазіргі кезде Алматы қаласында Орта Азия техника-экономикалық колледжде химия пәнінің мұғалімі. Нағима апайдың қызы Әйтпенбетова Айдана Шиелі ауданында №48 мектепте ағылшын тілі пәні мұғалімі, келіні Дүзелбаева Замира №157 Б.Пәрімбетов атындағы орта мектебінде орыс тілі пәнінің мұғалімі. Ал осы педагогтар әулетінің еңбек өтілін жинап қосып көріңізші, тұп-тура 250 жыл! Бұл азды-көпті бір емес ау, бірнеше адамның ғұмырымен тең. Елге жасаған еңбегі, кәсібінің қыр-сырын жетік түсіне өз ұрпағына жеткізе білгені – ең үлкен марапат, ең үлкен қошемет. Қай кезеңде де алты Алаштың баласы бас қосса, төрдегі орын ұстаздарға деген ойға да басымды мың мәрте шұлғып, қос қолымды көтеріп келісемін. Өйткені қазіргі кезеңде балаларға үлгі болар, тек білім ғана емес, қоғамдағы орнын таба білуге үйретуші, шындығына келгенде алған білімін өмірдің кез келген жағдаяттарында қолдана отырып, дұрыс шешім қабылдауға, барлық кезеңде өзін лайықты ұстап, адам екенін ұмытпай, адамдық кейпін жоғалтпауға үйретуші. Ол –ұстаз. Тек осындай ұстаздар ғана кез келген мектептің жүрегі бола алады. «Ұстаздық ету – уақыт ұту емес, өзгенің бақытын аялау, өзіңнің уақытыңды аямау. Бірақ бұған өкінбеу керек. Жер үстінде адам тәрбиелеуден асқан абыройлы іс, ардақты жұмыс жоқ. Ұстаздық – ұлы нәрсе» деп Зейнолла Қабдолов айтқандай, Аманжол ағайдың еңбек жолы мен педагогикалық әулет туралы жазылған мақалалар мен жан-жақты зерттеулер көп нәрсеге көзімізді ашты. Әбуовтер әулетінің еңбек жолымен арнайы танысып, оны келешек ұрпаққа, ұстаздық мамандығын таңдауға бел буған жастарға насихаттауға тұрарлық дүние. Үш ғасырға ұласқан мамандық иесі Аманжол ағай мен оның педагогигалық әулеті туралы жинақтаған материалдары мектептің сыныптан тыс жұмыстарында, тәрбие сағаттарында пайдалануға болады. Сонымен қатар өзі 25 жылдан астам ұстаздық еткен №244 мектеп базасында үлкен еңбек жолының адал жемісі – Әбуов Аманжол атындағы математика кабинеті ашылды. Анықтама: Дүниежүзілік мұғалімдер күнін бекітуге 1966 жылы 5 қазанда Парижде өткен Мұғалімдердің мәртебесі туралы арнайы үкіметаралық конференция ұйытқы болды. Нәтижесінде ЮНЕСКО мен Халықаралық еңбек ұйымының өкілдері «Мұғалімдердің мәртебесіне қатысты ұсыныстар» құжатына қол қойды. Дүниежүзілік мұғалімдер күні алғаш рет 1994 жылы 5 қазанда атап өтілді.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ