ТІРІМДЕ СЫЙЛАС, СЫЙЛАСҚЫҢ КЕЛСЕ МЕНІМЕН

Ұстаздық жол таңдаған ұлағат иесі қаламгерлік қасиетімен де, үлкендік өсиетімен де жұртына жұғысты, қауымға сыйлы, дүйім елге танымал. Кешегі аудан халқы алақанына салып аялап өткен Перуза, Ұлман, Мәрия апалардың ізін жалғап, көлеңкесін ұзартып жүрген абзал аналар қатарынан андағайлап анадайдан көзге түсетіні де осы өзіміздің Айжамал апамыз ғой. Келгеніме қуанып қалды. Үнсіз иек қаққан ымнан кейінгі келіннің ылдым-жылдым ықыласпен дайындаған қою шайын ішіп өткен-кеткеннен біраз әңгіме шерттік.
Апайдың үлкен атасы Әшір төре қызыл төңкеріске дейін Сыр өңіріне аты мәлім төрт түлігін тең өргізіп, түтіні түзу ұшқан, қазаны ортаймаған, пәуескеге пар ат жегіп шалқып ғұмыр кешкен бай болғанға ұқсайды. Салға тән салт ұстанып, салтанат құрғанды жақсы көретін оны, жомарттығы мен мәрттігіне тәнті ел-жұрты қадірлеп, төбеге көтеріп төредей күтер еді деген жақсы сөз қалыпты. Әкесі Әбдіхамит асты талғап ішіп, жорғаны таңдап мініп желкілдеп бұла өскен 2 ұлдың кішісі екен. Тете өскен ағасы Айекемен екеуі жандарына жігіт ертіп серілік жасап, сырда сауық, қырда қыз ойнақ қуып жүріп арғынның Назарбай деген атақты байының 15-16 жастар шамасындағы қырмызы қызына көздері түсіпті. Көп ұзамай құда түсіп айттырып, сән салтанатымен ұзатып алған келіннің бағы ашылмапты бірақ. Сұлу жар құшағының қызуы тарқамай жатып-ақ көз тиді, не сөз тиді маңдайы жарқыраған өндірдей жігіт 20-ға толар толмаста кенеттен жабысқан кеселден аз күн алас ұрып жатып жан тәсілім етіпті. «Көктүйнектен көктей солған құлыным, неге мұнша қысқа болды жүрімің?..» деп аңырап анасы, «Тарқатылмай қалды-ау менің бұрымым...» деп зар еңіреп жоқтаған уыздай жары қалыпты артында. Өксіп жүріп өмір кешумен өткен көп күндерден кейін айлар аунап, жылжып жыл да келеді. Жастай қалған келінін қимаған атасы Әшір төре қаралы жесірді жылатпаудың жалғыз жолы – әмеңгерлік жорамен тетелес қайнысы Әбдіхамитке қосады. Әлима анамыздың қойны құтты болып қайнысынан Жамал, Камал есімді екі ұл туады. Апайдың айтуына қарағанда, анамыз айтқанынан қайтпайтын адуын, өр мінезді кісі болыпты. «Мен ұзатылғанда жасау жабдығымды былай қойғанда шашыма таққан шолпымның құны атан өгіз, қолыма салған күміспен қақтаған білезігімнің бағасы бес түйе болған әдіра қалғыр» деп айтып отырады екен жарықтық арман қылып. Баянсыз байлықтан тоқымдай киіз бұйырмаған аласапыран жылдарғы кәмпескенің қайшысына туралып кете барған тағдырға не дауа? Таршылық заманның өзінде әтір-сабынын бойтұмардай сақтап мұнтаздай бой тазалығын сақтаған сәнқой, жиіркеншек кірпияздау кісі болғанға ұқсайды. Айтса айтқандай, Әбдіхамит отағасы соғыстан жаралы болып оралғанда: «Әй Әбдіхамит, құдай қосқан қосағымды Құдай алды, саған ата салтымен қосылдым, ризамын. Өзің соғыста жүргеніңде жалындаған жас өскін Жамалым қыршын кетті көз тиіп, мынау Камалың жіңішке дерт айналдырған дімкәс. Менен енді қайран жоқ, басқа қатын алып ұрпақ өрбіт!» депті. Мінезді, әріден ойлар сұңғыла кісі болмаса мұны айтар ма еді? Әкесі қипалақтап әрі-бері қиқаңдаған екен, бай қызына тән өр мінез өктемдігіне салып, іші қан жылап тұрса да қолына түйіншегін ұстатып айдап салыпты ғой үйден. Әйелдік қызғанышын ақылына жеңдірген пайымды кісінің әмеңгерінің ұрпақсыз өтпеуін тілеген ақ ниетінің өзі қандай ізгі еді! Бұл – әңгіменің әлқиссасы болсын. Сөз төркіні Айжамал Әбдіхамитқызы, қалыптасуы мен ол кісінің қоғамдық өмірден алар орны болмақ әлбетте. Ауданымыздың абзал аналары қатарынан ақындық дарынымен аса қадірлісі болып өткен Мәрия апаның: Мына өмірден дейміз ғой бос кетпесек, Түк жазылмай сарғайған ақ парақтай...» дейтін жыр шумағы бар.
Қорғасындай құйылып тұрған салмақты да астарлы жолдарды өз бойыңа өлшесең тітіркеніп, еріксіз селт етесің. Артыңнан із, айта жүрер сөз қалғанға не жетсін? Ал сексеннің сеңгіріне шыққан біздің кейіпкеріміз Айжамал Әбдіхамитқызының ұзақ та мағыналы өмірі мазмұнға бай, қоғамда алар орнымен салмақты, тазалығымен айшықты. Көкейге қона кетер жыр шумағының астарлы нұсқасы да осыған меңзеп тұр емес па? Әрбір адам өз әлінше өрнек салатын өмірдің өзі – алдымен ағашын құрап, арқауын керіп барып, желісін тартатын әженің құрған өрмегіндей. Менің де әңгіменің арқауын әріден тартып, сөз желісін беріге жалғап жатқанымның мәнісі осында. Айжамал апайдың ес біліп, етек жиғанға дейінгі тәрбиесінің бастауында өзі әже деп атаған Әлима анамыздың болатындығын ескерсек, кейіннен өмірлік ұстанымы болған «жаман болады», «обал болады», «ұят боладыдан» бастайтын қазақы тәрбиенің ұзын-ырға әліппесін ұғындырған да осы әзиз Анасы екенін мейірлене айтады апамыз. Айжамал апай әкесі Әбдіхамиттың екінші әйелі сунақтың қызы Пернештен туған 9 перзентінің үлкені. Дүниені дүр сілкіндірген соңғы жаһан соғысы аяқталған 1945 жылы жақсылықтың жаршысындай болып дүниеге келген ұрпақтар қатарынан. Сол кездегі «Ащықұдық» (қазіргі Балаби) колхозының басқарма мүшесі болып есеп-қисап жұмыстарын жүргізген ол кісі кейіннен Алғабас колхозына бас бухгалтер болып ауысқан. 1952 жылдан бері апамыздың бүкіл саналы ғұмыры осы ауылда өтіп келеді. Осы ауылда алғаш мектеп табалдырығын аттау, 10 жылдықты аудан орталығына қатынап оқу, мектеп бітіргеннен соң 1 жыл өндірістік (ауыл кітапханасында) тәжірибеден өту, жоғарғы оқу орнына жолдама алу сол кездегі көпшілік жастардың классикалық үлгідегі өмірбаяны бұл кісіге де ортақ. Қызылорда қаласындағы педагогикалық институттың филология факультетінің қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітірген жас маман именіп, араға адам салмай-ақ атағы дүрдей аудандық оқу бөлімінің бастығы Дүйсет Таймановқа өзі кіріп жұмыс сұрайды. Көпті көрген сұңғыла басшы көзінің оты бар жас қыздың меселін қайтармапты. «Әй бір өзің тақылдап қалған қыз екенсің, басқа жерде орын жоқ. Осы қазір бардағы кадрдан бұйрығыңды алып жұмысқа кірісе бер» деп шорт кеседі. Сөйтіп «Жиделіарық» 8 жылдық мектебіне қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі болған. 1967-1968 оқу жылынан Айжамалдың 40 жылға созылған ұстаздық жолы басталыпты. 1997 жылға дейін табан аудармастан №157 қазақ орта мектебінің директоры қызметін үлкен абыроймен атқарды. Директорлық демекші, осы қызметтің өзіне «ең болмаса бірер жыл завуч (оқу ісі жөніндегі орынбасар) болып істейін» деп азарда-безер тайсақтағанын қайтерсіз. Тек сол кездегі оқу бөлімінің бастығы, марқұм Жағыпар Зермұхамедовтің тегеурінді талабынан соң зордан келісім берген. Обалы не керек, жаңа қызметке орнығып игеріп кетуіне тәжірибелі мектеп басшылары Күлжан Жәукебаева, Нәзігүл Аханова, Ханзада Құнанқараев, Абай Баукеновтердің көмегі көп болды. Ауылішілік саяси ағарту жұмыстарын жүргізу, үгітшілік, түрлі мәдени-көпшілік шараның өтуіне араласу, ауылдық кеңестің депутаты болу т.б толып жатқан қоғамдық жұмыстарды қоса атқара жүріп қолынан қаламы түскен емес. Жастық жігермен жоғары жауапкершілік, ерінбей еткен еңбек, білім-біліктілігінің арқасында Айжамал апай басшылық жасаған орта мектептің озат тәжірибелері аудандық, облыстық және республикалық педагогикалық алқалы отырыстардың тақырыптық баяндамаларына еніп, үлгі ретінде барлық мектепте қолданысқа енгізілуге ұсынылған биік беделге ие болды. Ел тәуелсіздігінің қалыптасу кезеңіндегі өзіміз куә болған қиындықтар тұсындағы жанкешті еңбек өз алдына бір бөлек әңгіме. Оқу процесіне ең қажетті деген кеңселік тауарлар, қарапайым ғана қалам, қағазбен жабдықтаудың өзіне қаражат бөлінбеген кездері көбісі әйел азаматтар болатын мектеп мұғалімдерін ұйыстырып киіз басып, банкі жауып сатып өздерін өзі қамтамасыз еткен жұмыстардың өзі неге тұрады? Артылған қаражаттан тұрмысы төмен отбасы балаларына қыстық аяқ киім алып беріп, алғыс арқалаған ұжым басшысына ауыл халқы да дән ризашылықпен мектеп тарапынан болатын кез-келген бастаманы қуаттап, қолдаған ауызбірлікте болғандарын олардың осы күнге дейінгі өзара сыйластық құрметтерінен көруге болады. Уақыт өтті, заман өзгерді, заманға сай адам да өзгерді. Ауыл халқының тұрмысы түзеліп, тіршілігі орнықты. Екінің бірі зәулім үйлер салып, сүліктей су жорға шетелдік көлік мініп, қанатын жайып, өсіп өркендеген, түлеген, түрленген бүгінгісіне дейінгі жолда тұтас бір дәуірдің ізі жатыр. Сарғайған парағы жабылған тарих. Ауыл халқының жадынды әрдайым жаңғырып тұрар тағылымды тарих! «Алғабас – алтын бесігім» атты кітабын ұстатып шығарып салып тұрып: «Бірдеңе жазам десең, өзің білесің. Бірақ мені тым көп мақтай берме. Мақтайтындар мына кітаптың ішінде. Туған ауыл жайлы өзіңе қажетті көп мағлұмат аласың» деді апам. Расымен де солай болып шықты. Басты кейіпкерлері түрлі салада ерен еңбек еткен еңбек адамдары. Ғасырлық тарихы бар Алғабас ауылының өткені мен бүгінгісі. О баста 10-15 отбасынан құралған аядай ауылдың өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан адамдар жайлы кітапты тұтасымен алғанда, Алғабас ауылының даму тарихы деуге болады. Ауыл ардагерлерін әңгімелесе, елдің кешегісін, атпал азаматтарын суреттесе – бүгінгісін тілге тиек етеді. Қайнаған тыныс-тіршілік қамындағы ауыл өмірінің шынайы көрінісін қапысыз танисыз. Абзал аналардың да, ибалы келіндердің де, тіпті өрімдей жастардың өзінің өмір сүру дағдысына зер салады. Іліп алар ілкімді істерін насихаттайды. Олардың мінез-құлқы, жүріс-тұрысы, сөйлеу мәдениеті мен киген киім үлгісінің өзінен түйінін тауып, қазақы қалпымыз бен салт-дәстүрімізді ұстанудың жолын көрсетіп, көздің қарашығындай сақтаудың маңызы жайлы орамды ой айтады. Ардагерлерді ардақтау парыз-қарыз болатын ұстаздық тәжірибемен ұштасқан тәрбиелік маңыздағы келелі кеңестерін ортаға салады. Осында туып, өсіп тұлғалық деңгейге көтерілген өлісі бар, тірісі бар ірілері жөнінде іргелі ауылдың абыройын аспандатар тамаша адамдар өмірінен танымдық тағылымы зор үзік-үзік сыр шертеді. Мемлекет және қоғам қайраткері, заңғар күйші, жас ғалым, арқалы ақын, ақылды шәкірт, антына адал дәрігер, ұлағатты ұстаз, ең бастысы – елдің ризығын еселеп жүрген еңбек адамдары... Ал олар аз емес екен. Бір ауылдан ғана осыншама тұлғалық тұрпаттағы кейіпкерлердің шығуы таңқалдырмай қоймайды. Іздеп жүріп, ізденіп жүріп аядай ауылдың азаматтары жөнінен жазғандары тағы да бір кітаптың жүгі, жарыққа шығуын күтіп қоржында жатқанын аңғартты. Әулие аттаған оңбас дегендей, көре білсек, тани білсек, таба білсек бүгінге өнеге, ертеңге үлгі боларлық кейіпкерлерді алыстан іздеп не әуре?! Жанымызда жүрген жақсыларды жарыққа шығару, дәріптеу бұл – Айжамал апайдың бүгінгі берік ұстанымы, жаңылмас жолы, айнымас қағидасы болатыны күмән келтірмейді. Кітапты парақтап оқып отырғанда ойда қалар тұстары көп: «Қариясын қадірлеп, кішіге қамқорлық көрсетіп өскен, тарихқа негіз болған әр қарияның бетіндегі әжімдерінде қаншама өмір жатыр. Аянбай еңбек етіп, үлкен парасат, ыждағат төзіммен туған жері мен елі үшін қызмет еткен ардагерлердің көкірегі қашанда жақсылыққа, өсиетке толы...» Әңгіме арқауы болған шежірелі қарттарын асқан мейірім, тасыған пейілімен кемел тарих, кеше мен бүгінгі жалғастырар алтын көпірге теңейді. «Дәстүрді қолдағаның – әдептен озбағаның. Әлемде анаға жетер жан бар ма?! Адамзаттың күш-қуатының негізі болған, Алланың үлкен сыйына ие болған адамзаттың асылы, табиғаттың жасылы ұрпақтарды дүниеге әкелген әйел затына көрсетілер құрметтің шегі жоқ». «Айбарлы аналарымыз, ибалы қыздарымыз, ізетті келіндеріміз жүз жерден өмір өзгерсе де ұлттық болмысымыз, салт-дәстүріміз өзгеруге тиіс емес. Өйткені біз ата-бабалар салып кеткен сара жолды қазақ деген ұлы есімді небір алапаттан аман сақтап қалған, намысын қанмен жуған жауынгер, жаужүрек ұлттың ұрпағымыз». Рухыңды көтеретін осы жолдарды оқып отырып Айжамал апайдың дүние танымының осыншалықты кеңдігіне, терең білім-білікпен келетін ұшқыр ой кемелдігіне тәнті болмасқа лажың жоқ. Ең дұрысы – кітапты оқу. Шіркін, әр ауылдың өз Айжамалы болса, бірер жылда 100 жылдығы атап өтілетін ауданның тарихы түгенделіп қалар еді-ау деген ойға қаласың. Жуырда хакім Абайдың 180 жылдығына орай ауданның мәдениет үйі ұйымдастырған шарадағы жүйелеп айтқан алғы сөзі жадымнан шығар емес. Ұзын ырғасы мынаған саяды. «Абай әлемінің қойнауы қазына, әрбір сөзінің сыр-сипаты, асыл қасиеті, танымдық, тәрбиелік маңызы, ұлттық дәрежеде рухани азық болатын зор құдірет, құндылығын осы күнге дейін жоғалтқан емес. Ұлы ақынның ғибратты ғұмыры, қара сөзінің құнары –әділетті қоғам орнатуда негіз болатын ұлтымыздың рухани байлығы, нәрлі бұлағы, темір қазығы!» Мұндай сөзді көзі қарақты әркімдер-ақ айта алатын да шығар, бірақ білімдіден шыққан сөз, біліктіге кез болған жерде өзгеше рең, қанық бояуымен баурап алатыны рас. Іс-шара демекші, ол кісі ұлғайған жасына қарамастан ауданда, ауылдарда болып жататын барлық мәдени көпшілік шараның құрметті қонағы. Ретіне қарай ғибратты сөзін сөйлеп, өнер сайыстары мен байқаулардың әділ сарапшысы болудан қашпайды. Мұндайда қазылар алқасындағы өзгелеріміз барынша мұқият болуға мәжбүрміз, еш нәрсені назардан тыс қалдырмайтын қарт ұстаздың қателікті қалт жібермейтін қас-қабағына қараймыз. «Өресізден өнер тумайды!» дейді ол кісі. Әлденеге меңзейтіндей жай ғана жымиып. Ал сосын бұра тартып бұрмалап көр?! Жалпы өз деңгейің де сыналар жерде өзгенің өнеріне төрелік жасау оңай емес, ал жаныңда ол кісі отырғанда тіпті қиынның қиыны. Мұндай көпшілік шараларға, тіпті түске дейін орталықта, түстен кейін ауылда болса да үлгеріп үдесінен шығып жүретін апайдың қоғамдық жұмыстарға деген құлшынысына тәнті боласың. 80-ге келгенше өмірден еш бір қиындық көрмегендей ширақ, еңсесі биік, қашанда салқын қанды сабырлы қалпынан танбайды. Осының барлығы да үлкен сабыр мен төзімі берік жандарға тән болатын сананың тазалығы мен ішкі қуаттың көрінісі болса керек. Әйтпесе, оның өмірінде жүрекке батпандап жүк артқан ауыр сынақтардың да аз болмағанынан хабарымыз бар. Жұлмалайды жүректі дауыл сезім, Тәуекелге жеңдірем ауыр кезін. Шу дегеннен морт сынып кетпеген соң, Әр пендеге керек-ау қайың төзім, Маған-дағы керек-ақ қайың төзім. (М.Ж.) Қайыңдай қатты, темірдей берік төзім әркімдердің-ақ бойынан табыла берсеші... 32 жасында кісі қолынан мерт болған кіші інісі Жарқынбектің қырқы өтпей жатып ауыр қайғыдан кеткен шеше өлімінен кейін, опырылып ортаға түскен әке шаңырағын күзетіп, жас келін жас балаларға ес болып 1 жыл тапжылмай отырып қалғаны қабырғасын қайыстырып-ақ кетіпті. Қапыда қан жұтып жас бауырдан айрылу соншалықты ауыр болса да, тағдырдың жазғанына мойынсұнып сабырын серік қылған еңсесін әзер көтерген беріде, 4 жыл комада жатқып үлкен ұлы Ғаниы кетті, келместің кемесін мініп. Күні-түні қасында болып жаратқанға жалбарынып шырқыраған ана жүрегі бұғанда шыдас берсе, қабырғасын сөккен сең бұзар сезімін тежеп ақылға жеңдірген тағы да сол сабыр мен төзімі болса керек. Құдай ешкімнің басына салмасын, өзіне өзі басу айтқан қайғысын қолына қаламын алып шерлі жыр жолдарымен жуыпты. Мәрия апам айтпақшы, бәрібір өмірдің қайғысынан қызығы мол. Тірі адам тіршілігін жасауы парыз деп түйсініпті. Қатайып, қайраттанып қоғамдық өмірге қайта оралған апамыздың одан кейін де алған асулары аз емес. Ауылдық әйелдер кеңесінің, аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі, аудандық әжелер алқасының төрайымы, облыстық ардагерлер кеңесінің пленум мүшесі, Шиелі ауданының «Құрметті азаматы», Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, Қазақстан Журналистикасының қайраткері деген атақтары мен он сан марапаттар мен төсбелгілердің иесі. Жарты ғасырдан аса отасқан марқұм Ерболат ағамыз екеуінен өрбіген үш ұл, екі қыздан 16 немере 15 шөбере сүйіп отырған бақытты әженің әйел затына қатысты ойлары өзгеше, толғанысы да бөлек. «Қазақтың әйелдеріндей төзімді, иманы берік әлемде әйелдер жоқ сірә? Тағдырдың ауыр сынақтарына сынбайтын, не бір қиындықтарда қайыспайтын өміршең қуатымен құдіретті! Балаға берген қайнамайтын, піспейтін, дәрежесі түспейтін, мал болып сойылмайтын, дәм болып дастарханға қойылмайтын қасиетті бір тамшы ақ сүтінің өзі неге тұрады?!» дейді. Әйел затының мерейін асырар мәйекті сөз иесі осылайша төгіліп айтады. Еміреніп-егіліп айтады. Өзі де Хауа Ана қауымынан болатын халқына қадірлі ел анасына әбден лайықты шапағаты мол шуақты сөз. Хатқа түскен сөздеріңіз өміршең болсын дәйім. Мәрия апаның шумағымен бастаған сөз соңын ақын апаның «Шүкір деген бір ғажайып демеу сөз бар қазақта...» дейтін сөзімен түйіндемекпін. Шүкір, апамыз ортамызда. Сыйынары – Құдай, сүйенері – халқы, қаламы – рухани азығы, адалдық амалы – темірқазығы. Кешенің көзі, бүгіннің сөзі болып аудан халқының ырысты ынтымағына атсалысып, жүлгелі жөн айтқан келелі кеңесімен ортамызды толтырып жүр. Олай болса, сүйікті жар, абзал ана, ардақты әже болумен қабат ұлағатты ұстаз, қарымды қаламгер, қоғам белсендісі Айжамал Әбдіхамитқызының ұрпаққа үлгі, өнегесі өміршең ғұмырынан алар ғибратымыз аз болмаса керек.
Исабек СӘРСЕНБАЙҰЛЫ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы