КӨРІНБЕЙТІН КӨЗДІҢ СЫРЫ

Жер бітіп, су аққалы қай заман, бірақ әлі де жоқтан бар жасаймын деген адамға сенетін ересектер саны азаймай тұр. «Ақша потогын ашамын», «үшінші көздің құдыреті», «Алладан емес, өткен ата-бабадан сұраймыз», «Сен болашақты көре аласың», «Саған осындай бақ үшінші көз арқылы келіп отыр». Айта берсеңіз, тауыса алмайсыз. Бұл сөздер біздің мысал болсын деп аннанмұннан құрастырып, ойдан шығарып, ауадан алып отырған сөздеріміз емес, инстаграм парақшасын немесе БАҚ өкілдерін ашсаңыз болды осындай жарнамадан көз сүрінеді. Әлбетте, мұның бәрі «болашағымыздың дамуы үшін», «жастарымыздың рухани әрі материалды бай болуы үшін» деп ақтауымыз мүмкін. Бірақ нақты ғылыми дәлелі жоқ тек жорамалға сеніп дамимын деген жастар шалыс басса кім көмектеседі? «Сақтансаң, сақтайды» демекші қолымызға қалам алып, қоғамның дауын көтеріп жүрген журналист ретінде осы жолы да сақтандыру біздің міндетіміз. Әсіресе, қазіргі таңда белең алып отырған «үшінші көз» термині алаңдатарлық. Біреулер оны адамның түйсігін, ішкі интуициясын дамыту жолы деп қабылдаса, енді біреулер ғайыпқа үңілудің, болашақты көрудің құралы ретінде қарастырады. Алайда, бұл терминнің шығу тарихы мен түпкі мағынасын зерттеп-зерделеп жатқандар шамалы.
Буддизм ілімі бізге бақ па?
Ежелгі үнді философиясынан бастау алған «Үшінші көз» идеясы біздің елімізде бертін келе пайда болғанымен, оның тарихы тереңде. Ол йога мен буддизм ілімінде маңдайдың ортасында орналасқан «Аджна чакра» деп сипатталады, яғни адамның рухани баюын, шындыққа жақындауын білдіретін символ. Қытай дәстүрінде де ішкі энергияны ояту идеясы бар, ал батыс елдеріне бұл түсінік ХІХ ғасырда теософиялық қозғалыстар арқылы енген. Уақыт өте келе ол түрлі мәдениет пен түрлі рухани практиканың басты элементіне айналды. Бүгінгі таңда «үшінші көзді ашу» ритуалдары тек тренингтерде ғана емес, адамдардың күнделікті өмірінде де жиі орындалып жүр. Әсіресе, йога және медитация сабақтарында «үшінші көзді ашу» ритуалы үздіксіз орындалады. Алайда психологияда «үшінші көз» нақты орган немесе мистикалық қабілет ретінде мойындалмайды. Бұл ұғым көбінесе метафора ретінде пайдаланып, адамның интуициясын, тәжірибе арқылы қалыптасқан ішкі түйсігін, бейсаналық деңгейде ақпарат қабілетін бейнелейді. Ал ғылымда бұны эпифиз безі арқылы байланыстырады. Бірақ бұл да әлі ғылыми дәлелін тапқан жоқ. Демек адамның алдын-ала сезінуі, болашақ өмірін көруі, ойлау қабілеті арқылы мәселенің шешімін білуі – психологтардың жарнамасын өткізу үшін айтылатын бейнелі сөзі ғана. Қарапайым сөз болғанымен қара халықтың арасында бұл идеяның кең таралуы тоқтамақ емес. Оның бірнеше себептері де бар. Біріншіден, әлеуметтік желілерде психологтар мен «рухани ұстаздар» өзінің осы әрекетін белсенді насихаттайды. Олар үшін бұл аудитория жинаудың, ақша табудың таптырмас құралы. Екіншіден, қазіргі қоғамда қаржылай қиындық пен стресс адамды белгісіздікке итермелейді. Адам қиналғанда немесе тығырыққа тірелгенде кім көмектессе соны жақыным деп қабылдайды. Ал «үшінші көздің» жарнамасы дәл осылай өмірден баз кешкендерге арналып жасалғандай. Рухани тірек іздегендер «тілегенім алдымнан іздемей-ақ табылар» деп осы ритуалды өзінің құтқарушысы санайды. Үшіншіден, шығыс философиясымен айналысу трендке айналып барады. Мән-мағынасын терең зерттеп, қандай пайда әкелетінін білмесе де трендтен қалмау үшін йога мен медитация жасайтындар жеткілікті. Төртіншіден, адам табиғаты әу бастан құпияға, тылсымға құштар. Осы ритуалдың құпиясын ашамын деп байқап көргендер түбінде тұңғиығына еніп, өзін жоғалтып алады. Бұл жерде тағы бір маңызды мәселе – қазіргі адамдардың психологқа деген көзқарасы. Қоғамда кәсіби психологқа барудың орнына эзотериктерге, «энергия тазалаушыларға» немесе өзін «рухани ұстаз» деп жариялағандарға жүгінетін адамдар аз емес. Себебі кәсіби психолог нақты ғылымға сүйенеді, ол адамның түйсігін «сиқырлы жолмен» емес, ғылыми әдістер арқылы түсіндіреді. Ал адамдардың бір бөлігі жылдам әрі ғажайып нәтиже күтетіндіктен, шынайы психологиядан гөрі «үшінші көзді ашып беремін» дейтін жалған практикаларға сеніп кетеді. Бұл – қазіргі қоғамдағы психологиялық сауаттылықтың жеткіліксіздігінің белгісі.
Қасиет пе, қасірет пе? Дін не дейді?
Ислам діні тұрғысынан алғанда, «үшінші көз» ұғымы Құран мен хадистерде кездеспейді. Дінде адамның ақыл-ойы мен жүрегі басты таным орталығы саналады. Қасиетті Құранда «Олардың жүректері бар, бірақ түсінбейді; көздері бар, бірақ көрмейді» (Ағраф сүресі, 179-аят) делінеді. Бұл жерде әңгіме адамның рухани соқырлығы жайында. Ал ғайыпты білу немесе болашақты көру – тек Аллаға тән сипат. Сондықтан «үшінші көз» арқылы ғайыпқа үңілуге сену дінге қайшы, тіпті ширкке жақын әрекет болып саналады. Бұл тұрғыдан қарағанда, ритуалды соқыр сеніммен қолданудың қауіптілігі зор. Біріншіден, мұндай сенім адамның ғылыми ойлауын әлсіретіп, жалған уәделерге итермелеуі мүмкін. Екіншіден, кейбір «рухани ұстаздар» осыны бизнеске айналдырып, адамдардың сенімін пайдаланып пайда табады. Үшіншіден, дін тұрғысынан бұл әрекеттер иманға қауіп төндіреді, өйткені ғайыпты білуге ұмтылу – Аллаға серік қосумен тең. Төртіншіден, адам өзінің шынайы мәселелерін шешудің орнына мистикалық ритуалдарға сеніп, өмірлік шешімдерде қателікке бой алдырады.
Сала реттелсе сана да түзеледі
Қазақстанда бүгінгі таңда «үшінші көз ашу», «чакра теңестіру» секілді мистикалық ритуалдарға тыйым салатын нақты заң жоқ. Сондықтан өзін психолог деп таныстырған кез келген адам қызмет көрсете алады. Бұл халықты алдаудың, әсіресе психологиялық тұрғыда әлсіз адамдарды қанаудың жолын ашып отыр. Соңғы жылдары қоғамда жалған психологтар көбейіп, олардың «рухани ем» деген атпен түрлі тәжірибелер жасауы жиілеген. Осыған байланысты мемлекет психологтардың қызметін заңмен реттеуді қолға алды. Мәжіліс депутаттары бұл мәселені ашық көтеріп, қысқа курстардан өткен өзін-өзі жариялаған мамандарды «адамға зиян тигізуі мүмкін қауіпті құбылыс» деп атады. Депутаттардың пікірінше, қазіргі жағдайда кәсіби дайындықтан өтпеген адамдар қомақты ақшаға «қызмет» ұсынып, сенгіш азаматтарға ауыр зардап әкеліп отыр. Жаңа заң жобасында кәсіби психолог болу үшін жоғары білімнің болуы міндеттеледі, мамандардың арнайы тізімі жасалып, кәсіби реестрге тіркеу қарастырылған. Сондай-ақ, психологтарға арналған этикалық кодекс енгізіліп, құпиялылықты сақтау мен ғылыми негізге сүйену басты талап ретінде белгіленбек. Егер заң қабылданса, жалған «психологтар» немесе «чакра ашушылар» тиісті жауапкершілікке тартылады. Бұл ретте сарапшылар да пікір білдірді. Олардың айтуынша, қазір қоғамда психологиялық көмекке деген сұраныс өте жоғары, бірақ көпшілік адамдар кәсіби маманға емес, өзін «коуч», «энергетик», «рухани ұстаз» деп таныстырған адамдарға жүгінеді. Нәтижесінде, нақты ем алудың орнына зиянды тәжірибелерге тап болады. Сондықтан жаңа заң ең алдымен халықты қорғауға бағытталуы тиіс. Қиналғанда демеу, құлағанда тіреу іздейтін адам баласының табиғатына тән құбылыс емес пе? Сондықтан көпшілікке психологқа бармау керек деп үзілді-кесілді кеңес бере алмаймыз. Алайда тас атсаң психологқа тиетін заманда дұрыс пен бұрыстың аражігін ажыратып үйрену керек. «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті – надан адамның» демекші жарнаманың буымен «үшінші көзімді ашамын» деп қауіпті құбылысқа тап болмайық. Оның орнына тілі шешен, өзі көсем болған қазақ даналарының кітаптарымен сусындап өссек, рухани байлығымыз да, ойлау қабілетіміз де артатыны сөзсіз. Ғылыми негізделген психология мен шынайы білімге толған кітап қана нәтижеге жеткізеді, ал жалған сенімдер мен ритуалдар керісінше, психикалық денсаулықа қауіп төндіреді.
Маржан ҚҰРМАНҒАЛИЕВА