Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » МЕРЕЙЛІ МЕЗЕТТЕГІ – ЖАРҚЫН ІСТЕР

МЕРЕЙЛІ МЕЗЕТТЕГІ – ЖАРҚЫН ІСТЕР

Шиелі – өндірісі өркендеп, құрылысы қарқынды қанат жайып, әлеуметтік-экономикалық дамудың даңғыл жолында келе жатқан аудан. Қасиетті топырағы құнарлы, шөбі шүйгін, жұрты жайсаң ел. Бір сөзбен айтқанда, құт-береке дарыған, ырыс-бақ қараған өңір. Тұмса табиғаты тамылжыған, шығысында Қаратау мұнартып, батысында Сырдария жатыр. Аудандағы ауыз толтырып айтарлықтай атқарылып жатқан жұмыстар, көрсең көзің тоятын нақты нәтижелер бар. Мұның барлығы да аудан халқының игілігі үшін жасалынып жатқан жұмыстар.
Конституция мерекесі қарсаңында ел игілігі үшін бой көтерген бірқатар жаңа нысандардың ашылу сәтінің куәсі болдық. Ауданға арнайы іссапармен атбасын бұрып келген аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев жаңа ғимараттардың ашылу рәсіміне қатысып, сондай-ақ күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан нысандарды аралады.
ЖҰҚПАЛЫ АУРУЛАР БӨЛІМШЕСІ АШЫЛДЫ
Ең әуелі аудандағы 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесі ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Жиынға Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары Наурызбай Байқадамов, Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов, Мұрат Ергешбаев, облыс прокуроры Ризабек Ожаров және зиялы қауым өкілдері қатысты. Аймақ басшысы жаңа нысанның аудан жұртшылығына сапалы медициналық көмек көрсетудегі жетекші бөлімшеге айналуына тілектестігін білдірді.
– Баршаңызды еліміз үшін айтулы мереке алдағы Конституция күнімен құттықтаймын! Соңғы үш жылда облыстың денсаулық сақтау саласына 441 млрд 700 млн теңге қаржы бөлініп, халықтың сұранысына сәйкес түйткілді мәселелер шешімін тауып келеді. Президентіміздің бастамасымен қолға алынған «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында барлық ауданда 28 медициналық нысан салынды. Оның 8-і Шиелі ауданында.
Саланы дамытуға бюджеттен тыс ресурстар да тартылған. Біз «Қазақстан халқына» қоғамдық қорымен тұрақты әріптестік байланыстамыз. Қор соңғы екі жылда өңірдің денсаулық сақтау саласына 5 млрд теңгеге жуық қаржы бағыттады. Бұл қаржыға сирек кездесетін дертке шалдыққан жерлестерімізге қажетті дәрі-дәрмек сатып алынды. Облыстық онкология орталығына құны 1 млрд 100 млн теңге тұратын, республика бойынша 3 облыста ғана бар скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешен табыстады. Кешен бүгінде шалғай елді мекендердегі тұрғындарға үздіксіз қызмет етеді.
Пайдаланылмай бос тұрған ғимараттарды қайта жаңғыртып, денсаулық сақтау саласының қажеттілігіне тиімді пайдалануға бағытталған жұмыс қарқынды жүргізілуде. Былтыр Жаңақорған ауданында бос тұрған бұрынғы аудандық аурухана ғимараты қайта жаңғыртылып, «Қамқорлық» балаларды оңалту орталығы ашылды. Бұған жергілікті бюджеттен 378 млн теңге жұмсалды. Күні кеше дәл осындай орталық Арал ауданында да жұмысын бастады. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 338 млн 800 мың теңге бөлініп, ғимарат қайта жаңғыртылды. Қор қажетті заманауи құрал-жабдықтарға 350 млн теңге бөлді. Орталықта жылына 600-ге жуық баланы оңалтуға мүмкіндік бар.
Осындай игі істің жалғасы ретінде құны 2 млрд323 млн теңге болатын 30 төсектік жұқпалы аурулар бөлімшесінің жаңа ғимаратын салтанатты түрде ашуға бас қостық. Қазір аудандық аурухана жанынан 733 млн теңгеге қосымша ғимарат салынып, онда 650 млн теңгенің жаңа МРТ аппараты орнатылуда.
Алдағы уақытта халық денсаулығын жақсартуға бағытталған жобаларды қолдау, медицина саласындағы ең маңызды мәселелерді шешу жалғасын таба бермек, – деді Н.Машбекұлы.
Рәсімде Наурызбай Байқадамов, Мұрат Ергешбаев, Ризабек Ожаров сөз сөйлеп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтар мен құрылысшылар аймақтың Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасымен және облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Денсаулық сақтау саласының ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы Ыбырай Ахметов бата берді. Айта кетейік, өткен жылдан бері 17 медициналық нысан күрделі жөндеуден өткізіліп, 44 ғимараттың жылу жүйесі газға ауыстырылды. Биыл да медициналық құралжабдықтар сатып алынуда. Бұл жұмыстың жыл сайын жүргізілгенінің арқасында жабдықталу деңгейі 2022 жылы 83,2 пайыз болса, бүгінде бұл көрсеткіш 87,4 пайызға артқан. Жергілікті бюджеттен 225 жаңа санитарлық автокөлік бір мезетте алынып, елді мекендердегі барлық денсаулық сақтау ұйымына табысталды. Осылайша санитарлық автокөлікпен қамту мәселесі толық шешімін тапты.
ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНДЫ, ЖҰМЫС АУҚЫМДЫ
Жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы аудандық аурухананың қосымша ғимаратына, күрделі жөндеуден өткен «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясына барды. Аудандық аурухананың 2 қабатты ғимаратының құрылысы өткен жылдың қыркүйек айында басталып, биыл шілдеде пайдалануға берілді. Ал амбулаторияның күрделі жөндеу жұмыстары 3 ай жүргізілді.
Шиелі кентіндегі «Болашақ» дәрігерлік амбулаториясы күрделі жөндеуден өтті. Жоба құны 217,7 млн теңгеге жүргізілген жұмыстар толығымен заманауи талаптарға сай жабдықталған. Бұл нысандар тұрғындарға сапалы медициналық көмек көрсетуге, халықтың тұрмыс сапасын арттыруға зор мүмкіндік береді.
Әрі қарай аймақ басшысының сапары Оқушылар үйі мен Өнер мектебі болды. Бұнда Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қазақстан Республикасының Конституция күні мен Білім күніне орай Шиелі ауданында 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебі» ашылды.
Аймақ басшысы аудан тұрғындарын құттықтап, атқарылған жұмыстарға тоқталды.
– Биыл ел тәуелсіздігінің берік тұғыры, зайырлы егемендігіміздің негізі саналатын Қазақстан Республикасының Конституциясына 30 жыл толды. Өңірімізде Президентіміздің тапсырмасын орындауға, жастарға сапалы білім, саналы тәрбие беруге бағытталған жүйелі жұмыс атқарылуда.
Бүгін өздеріңізбен жаңа оқу жылы қарсаңында шежірелі Шиеліде 200 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» ашылуында бас қостық. Жалпы құны 1 млрд 68 млн теңге болатын жаңа «Оқушылар үйінде» 28, «Өнер мектебінде» 8 үйірме жас ұрпақтың жан-жақты азамат болып қалыптасуына қызмет етпек. Білім мен өнердің ордасына айналатын жаңа ғимараттан Қазақстанның Еңбек Ері Асқар Жұмаділдаев, шежірелі қаламгер Өркен Исмаил, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері Мейірбек Сұлтанхан сынды Сыр өңірінің мерейін асқақтатып, атын танытатын дарындылар шығады деп сенеміз! Баршаңызды жаңа нысанның ашылуымен тағы да құттықтаймын! – деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Жиында ауданның әлеуметтікэкономикалық дамуы жолында елеулі еңбек еткен азаматтар мен жаңа нысанды сапалы әрі мерзімінде салған мердігер мекеме қызметкерлеріне Қызылорда облысының «Құрмет» грамотасы мен облыс әкімінің Алғыс хаты табысталды.
Сондай-ақ шараға арнайы қатысқан Руслан Рүстемов, Мұрат Әбенов ізгі тілектерін жеткізіп, білім саласының ардагері, Шиелі ауданының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Кенжетай Палмағанбетов ақ батасын берді.
Сонымен қатар ауданға жұмыс сапары кезінде аймақ басшысы күрделі жөндеуден өткен №219 Ы.Алтынсарин атындағы орта мектептің жұмысымен танысты. «СК и Монтажстрой» ЖШС күрделі жөндеу жұмыстарын мамыр айында бастап, тамыз айында аяқтатады. Мұнда 200-ге жуық мұғалім қызмет етіп, 1 мыңнан астам оқушы білім алады.
Мектеп ғимараты бүгінде заман талабына сай толық жаңартылып, білім беру процесі үшін барлық қажетті инфрақұрылыммен жабдықталған. Жөндеу жұмыстары барысында сынып кабинеттері, асхана, спорт және акт залдары, дәліздер мен ғимараттың ішкісыртқы бөлігі түгелдей жаңартылған.
ТҮЛЕГЕН ТЕМІР ЖОЛ ВОКЗАЛЫ
Іс сапар барысында Шиелідегі теміржол вокзалын күрделі жөндеу жұмыстарымен де танысты.
Шиелі теміржол вокзалы – 1904 жылы салынған тарихи нысан, күрделі жөндеу жұмыстары 2012 жылы жасалған. Бүгінде 13 жұп пойызына, тәулігіне 163 жолаушыға қызмет көрсетеді.
Айта кетейік, өткен жылы Шиелі ауданы әкімдігі жолаушылар платформасының кіреберісіне қақпа салып, бұрынғы су мұнарасын жөндеді, 8 жарықшам, 10 орындық, 10 қоқыс жәшігі қойылды. Жоба-сметалық құжаттамасы әзірленіп, сараптаманың оң қорытындысы алынды. Мердігер мекеме «Дәнекер» ЖШС ғимараттың ішкі және қасбетін қаптау жұмыстарын қолға алған.
Осылайша шиеліліктер үшін жақсы жаңалықтардың жолы жалғасын тапты. Ел игілігігі мен елдің ертеңі болар жас ұрпақтың кемел келешегі үшін нақты істер жүзеге асып, қолданысқа берілді. Мерейлі мезеттері менмұндалап, қазыналы қарт ауданның абыройы артып, беделі әлде де биіктей берсін демекпіз.

Мейіржан ИБРАГИМОВ
02 қыркүйек 2025 ж. 57 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№65 (9332)

30 тамыз 2025 ж.

№64 (9331)

26 тамыз 2025 ж.

№63 (9330)

23 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
1234567
891011121314
15161718192021
22232425262728
2930