ЖЕҢІС ТҰҒЫРЫНДАҒЫ ЖАС ДАРЫН

ТҮРКСОЙ ұйымы мен Ақтау қаласы әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған бұл өнер байқауында жас таланттар хореография, халықтық және эстрадалық вокал, халықтық аспапта орындау сияқты түрлі бағыттарда өз өнерін көрсетті.
Осынау Халықаралық фистивальге Шиелі ауданынан «Өнер» мектебінің шәкірті Мырзатай Тұрманов «Дәстүрлі ән» жанры бойынша өнер көрсетіп, байқаудың Гран-при иегері атанды. Киелі сахна төріне көтерілген шынашақтай бала алдымен «Нартайдың жыр бастауын» шеберлікпен орындап, әсем даусы Маңғыстау төңіреген түгел шарлап, көрермен қауымға ерекше әсер қалдырды. Сонан соң жас дарын Мырзатай Есенбек Басалқаұлының «Айнам-ау» әнін әуелете шырқап, қазылар алқасының оң бағасын еншіледі. Аудан абыройын Халықаралық өнер байқауында абыроймен қорғады, елдің сенімін ақтады.
Шәкірті биік белесті бағындырса, оның ұстазының да мерейі өсетіні белгілі. Себебі, «Шәкірт жеңісі – ұстаз жемісі», «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді халқымыз. Мырзатайды баптап, талабын қайрап, үлкен өнер байқауында төбе көрсетуіне себепкер болған ұстазы Ісбасхан Дәулетханның еңбеге орасан.
Айта кетейік, Мырзатай Тұрманов осыған дейін Байқоңыр қаласында өткен халықаралық «Күй табиғаты» байқауының гран-при, сонымен қатар ХХVІІ «Бозторғай» балалар шығармашылығы байқауының «Дәстүрлі жыр» жанры бойынша І орын иегері атанған.
Талабы таудай жас өнерпаздың бағындырар белесі әлі де алда деп сенеміз. Және де шығармашылық шалқар шабыт пен жеңісті де жемісті күндері көп болсын демекпіз.
«Өскен өңір» ақпарат