ХАКІМ МҰРАСЫ –ҰЛТ БАЙЛЫҒЫ

Қазақ халқы үшін сондай дара тұлға, әрбір сөзі даналықтың үлгісіндей болған ұлы ақын, ойшыл-философ Абай еді. Биыл данышпан-ойшыл, қазақ жазба әдебиетнің негізін қалаушы, хакім Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай еліміздің түкпір-түкпірінде ауқымды шаралар өткізілді. Бірнеше күн бойы ұлы ақынның даңқын көкке өрлету мақсатында киелі Шиелі ауданында бірқатар мәдени, танымдық маңызды іс-шаралар жүзеге асты. «Дана сөздің дарасы – Абай» деп аталған жыр кеші соның қорытындысы іспетті.
Абай Құнанбайұлы әдеби және музыкалық шығармаларында, ойы терең және тілі өткір қара сөздерінде еңбек пен білімге, рухани дамуға және сананы жаңғыртуға шақырған. Абайдың гуманистік және ағартушылық мұраттарға ие прогрессивті көзқарастары бүгінде аса өзекті. «Тек ақыл, ғылым, ерік, ар-ұждан адамды көтереді» – Абайдың осы және басқа да сөздері қанатты сөздерге айналды. Абай 170 астам өлең мен 56 аударманың авторы. Оның қаламынан бірнеше поэма мен «Қара сөздері» туған. Абай аудармаларының арқасында әлем әдебиеті классиктерінің шығармалары қазақ тілінде жарық көрді.
Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы «Қазақ» газетінің 1914 жылғы санында: «Абайдың өлген күнінен қанша алыстасақ, рухына сонша жақындармыз. Үнемі бұл күйде тұрмас, халық ағарар, өнер-білімге қанар, сол күндерде Абай құрметі күннен күнге артылар. Бірінші ақынымыз деп қабірін халқы жиі-жиі зиярат етер, халық пен Абай арасы күшті махаббатпен жалғасар. Ол күндерді біз көрмеспіз, бірақ біздің рухымыз сезер, қуанар», – деп жазған болатын. Шынында жыл өткен сайын біз Абайдың жақын тұтып келеміз. Оның шығармаларының өміршеңдігі сондай, құнын жоймайтын қазына іспетті. Себебі Абай хакімнің шығармалары – шындықтың шыңы. Оның өлеңдері мен қарасөздерінде қазақтың дүниетанымы мен ұлттың бүкіл болмысы жатыр.
Шиелі кенті әкімінің қолдауымен, Арман мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен жыр кешін белгілі жырау Мұхаммедәлі Бекпейісов тізгіндеп, қалың көрермен қауымға ақынның өмір тарихын баяндап отырды. Кештің мақсаты – Абай Құнанбайұлының рухани мұрасын дәріптеу, қазақ өлеңінің құдіретін насихаттау және жас ұрпаққа ұлттық рухани құндылықтарды сіңіру.
Жыр кешінде өнерпаздар ұлы ойшылдың қанатты қара сөздерін, отты өлең-жырлары мен әндерін нақышына келтіре орындады. Сахна төріне көтерілген Нұртілек Ақтаев, Дәулетхан Ізбасар, Айқын Ерболатұлы, Нұрберген Оспанов, Әсем Ерболқызы, Ерасыл Үсен, Мейіржан Жолдасбеков, Нұрдар Қайымназаров рухани мол азық берер кештің көркін қыздырып, халық қошеметіне бөленді.
Көңілдің қылын шертіп, жан сарайын ашқан жыр кешінде сөз алған аудандық мәслихат депутаты Нұргүл Шалекеева, «Аманат» партиясы Шиелі аудандық филиалының кеңесшісі Біржан Өтебай мазмұнды іс-шараға атсалысқан азаматтарды кештің жоғары деңгейде өтуімен құттықтап, өнерпаздарға кент әкімі Аманкелді Шералыұлының арнайы алғыс хатын табыс етті.
Абай Құнанбайұлының сарқылмас мұрасы мен заңғар тұлғасы ұрпақ тәлімін, ұлт мұратын, мемлекет дамуын үйлестіруші рухани күшке айналып, бүгін де, ертең де, болашақта да ел өркендеуіне жаңаша мазмұн берері, жаңарған қоғамдық сананың өрелі істеріне темірқазық болары сөзсіз. Мәртебелі өлең, жауһар жыр кеші Астана аспанын тебіреніс пен толғанысқа толтырды. Ұйып тыңдап, қарбалас күндерден қалтарыс тапқандай күй кешкен көрермен көңілі жайланып тарқасты.
М.ИБРАГИМ