Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ДРОН ҰШЫРЫП, ЕГІН ЖАЙҚАЛТАДЫ

ДРОН ҰШЫРЫП, ЕГІН ЖАЙҚАЛТАДЫ

Шиелінің аспанында зырылдаған дрон… Қарапайым егістік үстінде қалықтап жүрген дронды көргенде, оны бір баланың ермегі үшін ұшырып жүрген ойыншығы деп қалуыңыз ғажап емес. Бірақ бұл – ойыншық емес, нағыз ауыл шаруашылығының жаңа дәуірін бастап берген техника. Және оны ұшырып жүрген адам – тәжірибелі агроном немесе шетелдік маман емес, Төңкеріс ауылында туған 21 жастағы жас жігіт – Дулат Ерланұлы.

Дулат – күріштікті трактормен емес, дронмен өңдеп жүрген жаңа буын өкілі. Әкесі – «Нұрислам» шаруа қожалығының төрағасы Ерлан Райсов ауыл шаруашылығымен, әсіресе күріш өсірумен айналысқан тәжірибелі азамат. Ал Дулат – сол істі жалғап қана қоймай, оны жаңа бағытқа бұруға бел буған ұрпақ. Бала кезден күріш басында жүріп өскен ол, бір күні осы саланы заманауи технологиямен ұштастыруды мақсат етіпті. – Әкеммен бірге бірнеше жыл бойы күріш егіп келдік. Алайда мен бұл істі өзгеше етіп жасағым келді. Агродронмен алқапты дәрілеу, тыңайтқыш шашу сияқты процестерді жеңілдетуге болатынын көріп, осы саланы терең үйрене бастадым, – дейді кейіпкеріміз. Қазір ол TopXGun FP600 маркалы дронды шебер меңгерген. Бұл – Қытайда өндірілетін, арнайы агроқолдануға арналған заманауи дрон. Дулат аталған құрылғыны ұшырумен қатар, оны жөндеу, техникалық қызмет көрсету, бағдарламалық жүйесін басқару, параметрлерін орнату сияқты күрделі процестерді де жақсы біледі. Білімі мен тәжірибесін Қытайдағы компания мамандарынан тікелей алып, практика жүзінде шыңдаған. – Агродрон – менің тракторым іспетті. Ол күн сайын менімен бірге егістікке шығады. Қазір бір дронмен күніне 100 гектарға дейін жер өңдей аламын. Бұл – бұрынғы әдістермен салыстырғанда бірнеше есе тиімді. Ең бастысы – дәлдік. Дрон қажет жерге ғана тыңайтқыш шашады. Артық шығын жоқ, табиғатқа зиян жоқ, уақыт үнемделеді, – деп бөліседі ол. Дулаттың айтуынша, дронмен жұмыс істеудің де өз қиындығы бар. Ауа райы қолайсыз болса – ұшыру мүмкін емес. Жел, жаңбыр, ылғалдылық – мұның бәрі техниканың жұмысына әсер етеді. Кейде техникалық ақаулар шығып, дронның қозғалтқышы, шашу жүйесі істен шығуы мүмкін. Батареяны уақытында қуаттау, жүйелі тексеріс жасау – бәрі үлкен жауапкершілік пен тәртіпті талап етеді. – Алғаш дронды ұшырағанымда қатты қобалжыдым. Әр түймешені басқанда жүрек дүрсілдейді. Бірақ біртіндеп қол үйреніп, кейін хобби секілді болып кетті. Қазір егістікті жоғарыдан бақылау мен үшін шабыт. Бұл – тек жұмыс емес, бір өнер сияқты. Төменде жайқалған күріштер, жоғарыда мен басқарған техника – бұл екеуінің үйлесімі маған ерекше рух береді, – дейді ол күлімсіреп. Оның еңбегінің нәтижесі көз алдында. Алқаптар – күтім көрген, өнімділік жоғары. Ауылдастар да Дулаттың ісіне қызығушылықпен қарайды. Көптеген шаруа қожалықтары оны арнайы шақырып, алқаптарын дронмен өңдетуді сұрайтын болған. – Ауылда жүрген жастар тек мал бағады, трактор айдайды деген түсінік ескірді. Бүгінде ауыл шаруашылығында да ғылым мен технологияға орын бар. Қолыңда ниет болса, ауылдан шықсаң да, үлкен істер жасауға болады. Мен жастарға айтар едім: ауылда да болашақ бар. Тек ізденіп, қорықпай әрекет ету керек, – дейді жас маман. Иә, расымен де, бүгінгі ауылдың болашағы – осындай жастардың қолында. Қолына күрек емес, қашықтан басқару пультін ұстаған, егістікті аяқпен емес, көзбен шолып жүрген, еңбегін технологиямен ұштастыра білген жаңа ұрпақ келді. Дулат Ибаділдаев – солардың бірі ғана. Бірақ осындай бір ғана мысалдың өзі үлкен үміт пен сенім ұялатады. Ертеңгі күні агродрон – әрбір егістік басында, ал Дулат сияқты жастар – әр ауылда болатынына сенгіміз келеді. Бүгін дрон ұшырған жас, ертең ауылдың келешегін көтерер азамат. Ал оның арманы – қазақ даласында технология мен табиғаттың үйлесім тапқанын көру. Өйткені ауылды өзгертетін – сырттан келетін біреу емес, дәл осы ауылдан шыққан, сол ауылды жүрегімен сүйетін жастар.

Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ
14 тамыз 2025 ж. 35 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№60 (9327)

12 тамыз 2025 ж.

№59 (9326)

11 тамыз 2025 ж.

№58 (9325)

05 тамыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Тамыз 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
25262728293031