Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » Мемлекеттік аудит ЖИ-мен жаңғырып жатыр

Мемлекеттік аудит ЖИ-мен жаңғырып жатыр

Мемлекеттік аудит ЖИ-мен жаңғырып жатыр
Елімізде мемлекеттік аудит жүйесі ауқымды цифрлы жаңғыру кезеңіне қадам басты. Бұл жаңғыру есеп-қисап саласының ашықтығы мен тиімділігін арттырып қана қоймай, мемлекеттік қаржыны басқарудағы жаңа мәдениетті қалыптастыруды көздейді. Қаржы министрлігі Ішкі мемлекеттік аудит комитеті енгізгелі отырған жаңа цифрлы құралдар камералды бақылау жүйесін мүлде жаңа деңгейге көтермек, деп жазады Egemen.kz.  Мемлекеттік аудит тексеру және жазалау емес, ең алдымен алдын алу екенін ескерсек, профилактикалық бақылау мен бюджет мониторингінің толық цифрлануы – уақыт талабы. Жаңа рәсімдер мемлекеттік органдар мен олардың бағынышты мекемелері арасындағы өзара байланысқа серпін беріп, жұмыс үдерістерін жеделдетеді. Бұл өз кезегінде бюджет қаржысының ашық әрі мақсатты жұмсалуын қамтамасыз етеді.
Цифрлы кабинет пен «ақылды» қалқан
Ішкі аудит жүйесін кешенді цифрландыру аясында қос бірдей маңызды жоба қолға алынды. Оның бірі – «Аудитордың бірыңғай кабинеті». Бұл жоба ІМАК пен оның өңірлік департаменттері үшін бірыңғай цифрлы басқару орталығына айналып отыр. Барлық бизнес-процестер мен ақпарат жүйелері бір терезе қағидасы бойынша интеграцияланып, жұмыстың тиімділігі мен ашықтығын арттырады.
Екінші бастама – «Аудитор қалқаны AІ». Бұл — аудиторларды қашықтан оқытып, сертификаттауға арналған интеллектуалды жүйе. Жоба мемлекеттік аудит саласындағы кадрлық әлеуетті күшейтуді және үздіксіз біліктілікті қамтамасыз етуді мақсат етеді.
Аталған бастамалардың барлығы Қаржы министрі Мәди Такиев бекіткен ІМАК-тің цифрландыру жөніндегі Жол картасы аясында жүзеге асырылып жатыр. Құжат 30 нақты іс-шараны қамтиды. Онда талдау әлеуетін нығайту, деректермен жұмыс сапасын жақсарту және цифрлы аудит құралдарын дамытуға басымдық берілген.
ІМАК төрағасының орынбасары Мұрат Оразбайдың айтуынша, цифрлы жаңғыру сәтті өтуі үшін комитет «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-мен бірлескен жұмыс сессияларын өткізген.
«Цифрлы трансформация сәтті өтуі үшін комитет «Электрондық қаржы орталығы» АҚ-мен арнайы жұмыс сессияларын өткізді. Бұл Қаржы министрлігінің ақпарат жүйелерін әзірлеушілермен үйлесімді жұмысты жолға қойып, біздің міндеттерді цифрлы инфрақұрылым мүмкіндіктерімен біріздендіруге септігін тигізді», деді ол.
25 шілде 2025 ж. 52 0