ЖАСТАР АРАСЫНДАҒЫ ДЕПРЕССИЯ: ЖАУАП ТАБА АЛАМЫЗ БА?

Депрессияның себептері мен факторлары
Депрессия – бұл тек психологиялық емес, сондай-ақ әлеуметтік, мәдени және экологиялық факторлардан туындайтын күрделі мәселе. Енді сіздерге осының 3 факторын ұсынайық. Бірінші, әлеуметтік желілердің әсері. Әлеуметтік желілердің жастардың психикалық денсаулығына әсері туралы зерттеулер көрсеткендей, жасөспірімдер арасында әлеуметтік желіні қолдану бойынша проблемалы ахуал күрт өскен. Мысалы, 2018 жылы бұл көрсеткіш 7% болса, 2022 жылы 11%-ға дейін жеткен. Сонымен қатар жасөспірімдердің 12%-ы цифрлық ойындарға қатысты проблемалы мінез-құлық қаупіне ұшырайды. Бұл мәселе жастарды үнемі басқалармен салыстырып, өздерін өзгелерден төмен бағалауға әкеліп соғады. Әлеуметтік желілерде көрсетілетін «тұрақты бақыт» бейнесі мен кемелділік, жастарға қосымша психологиялық қысым жасайды. Екінші, білім беру жүйесінің қысымы. Білім беру жүйесіндегі талаптардың күшеюі жастарды күйзеліс пен депрессияға ұшыратуда. Мектептер мен жоғары оқу орындарында қойылатын талаптар жылдан-жылға күшейіп келеді. Оқушылар мен студенттер үздік бағалар алып, беделді университеттерге түсу үшін күндіз-түні дайындалуға мәжбүр. Бұл олардың психикалық және физикалық денсаулығына зиян тигізеді. Қазақстандық жастар арасында депрессия мен күйзеліс деңгейінің өсуіне білім жүйесіндегі бұл қысым да әсер етуде. 2022 жылы зерттеу нәтижелерге сүйенсек, студенттердің 25%-ы оқу орындарында стресстен жапа шеккенін айтқан. Ал үшіншіге отбасылық фактор делік. Отбасындағы жанжалдар, ажырасу және қаржылық қиындықтар жастардың психологиялық денсаулығына теріс әсер етеді. Психологтар, әсіресе ауылдық және шалғай аудандарда медициналық қызмет қолжетімділігі төмен екенін атап өтеді. Бұл жағдайлар жасөспірімдердің күйзелісін күшейтеді. Әрине ата-ананың қолдауы маңызды рөл атқарады. Отбасылық күйзеліс, әсіресе жалғыз басты ата-аналардың жағдайында, жастардың психологиялық жағдайына зиянды әсер етеді.
Жастарға қандай қиындықтар тудырады?
Депрессияға ұшыраған жастар жиі көңілкүйдің өзгеруі, үнемі жылау мен өзін-өзі кемсіту сияқты мәселелермен кездеседі. Мұндай жағдайлар олардың әлеуметтік қарымқатынастарын бұзады және достарымен, отбасымен байланысын әлсіретеді. Сондай-ақ депрессия көбіне оқшаулану мен әлеуметтік оқшаулануға әкеледі. 2021 жылы жүргізілген зерттеуге қарасақ, депрессияға ұшыраған жастардың 40%-ы қарым-қатынастарынан бас тартады, бұл олардың жеке өміріне және әлеуметтік белсенділігіне теріс әсер етеді. Мұның физикалық әсерлері де бар. Ұйқының бұзылуы, тәбетінің жоғалуы, денсаулықтың нашарлауы – бұл депрессияның белгілері. Бұл, әсіресе, жасөспірімдер үшін қауіпті, өйткені олар әлі де физикалық және психологиялық даму сатысында. Психикалық ауыртпалықтың ұзақ мерзімді әсері түрлі ауруларға, әсіресе жүрек-қан тамырлары жүйесі мен асқазан-ішек жолдарына қатысты проблемаларға әкелуі мүмкін. Кәсіби немесе оқу саласына да теріс әсері болуы мүмкін. Депрессияға ұшыраған жастар жұмысқа немесе оқуға деген қызығушылығын жоғалтады, бұл олардың болашақтағы өміріне үлкен кедергі келтіреді. Қазақстанда жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 2023 жылы 10%-ға дейін жеткені белгілі. Бұл көбінесе олардың психологиялық күйзелісімен тікелей байланысты. Мұндай жағдайлар жастардың өмірлік жоспарлары мен болашаққа деген үмітін жояды, әрі олардың әлеуметтік қатынастарын да бұзады.
Депрессияға қарсы күрес: Қоғамдық және жеке шешімдер
Депрессиямен күресудің ең тиімді жолы – психологиялық көмек. Қазақстанда психологтар мен психотерапевтерге деген сұраныс артып келеді. Бірақ бұл қызметтердің халыққа қолжетімділігі әлі де шектеулі. Әрбір жас адам депрессияны жеңу үшін кәсіби көмек алуға құқығы бар. Психологтар мен психотерапевт мамандар жастарға күйзелістен шығу жолдарын көрсетіп, олардың ішкі әлемімен жұмыс істей алады. Сонымен қатар қоғамдық түсіндіру жұмыстары да маңызды. Жастарды депрессияның белгілерін тануға және оны қалай шешуге болатынын үйрететін ақпараттық кампаниялар қажет. Бұл жастарға психологиялық денсаулықтың маңыздылығын түсінуге және қажетті көмек алу үшін өздерін дұрыс бағытта ұстауға мүмкіндік береді. Қоғамдағы жағдайды жақсартудың бір жолы – психологиялық сауаттылықты арттыру. Мектептер мен университеттерде психология бойынша арнайы курстар енгізу, жастардың психологиялық денсаулығын қорғау үшін мемлекеттік бағдарламалар қабылдау қажет. Жастарды өз психикалық денсаулығын сақтау әдістеріне үйрету, стресспен, депрессиямен күресу тәсілдерін ұсыну – бұл мәселеге кешенді көзқарас болып табылады. Бұған қоса, атааналар мен мұғалімдерге арналған тренингтер өткізу де маңызды. Олар жасөспірімдер мен жастарға көмек көрсету үшін қажетті дағдыларды үйреніп, балаларымен дұрыс қарым-қатынас орната алады. Мақаламызды толықтыру мақсатында біз аудандық көпбейінді орталық ауруханасындағы профилактикалық бөлімінің психологы Арайлым Базарбаевадан сұрап білген едік. – Депрессияның жастарға әсері терең әрі көпқырлы. Алдымен бұл олардың эмоционалды жағдайына әсер етеді. Депрессияға ұшыраған жас адам жиі көңіл-күйдің өзгеруі, үнемі жылау, ішкі ашу мен өзін-өзі кемсіту сияқты мәселелермен кездеседі. Мұндай жағдайлар жастардың әлеуметтік қарым-қатынастарын бұзады, достарымен және отбасымен байланысын әлсіретеді. Бұдан құтылудың бірден-бір жолы – өмірден мән табу. Грек философиясында «ұстаздың баланың алдындағы міндеті – бүкіл ақпаратты баланың миына құйып беру емес, баланың ішінде ашылмай тұрған гүлді ашу» деген сөз бар. Сол себепті, біз өзімізге келген адамдардың бәріне сол «өмірдің мәнін», өз құндылықтарын тауып беруге тырысамыз, – деді маман.
Жастар не дейді?
Аудан жастарынан да депрессияға қатысты сауалнама жүргіздік. Сауалнамаға 100-ден астам жас қатысты. Нәтижелер көңіл толқытарлық емес. Жастардың 68 пайызы соңғы бір жылда күйзеліс, уайым, мазасыздықты жиі сезінетінін айтты. Оның ішінде 40 пайызы себеп ретінде – болашаққа деген сенімсіздік, жұмыссыздық және өзін таба алмауды атады. Кейбірі оқудағы қысым мен ата-ана үмітін ақтауға тырысу да психологиялық ауырлық тудыратынын мойындады. Сауалнамада жастардың 23 пайызы өз өмірінде депрессия белгілерін анық сезінгенін, ал 11 пайызы бұл жағдайға байланысты мамандарға жүгінгісі келгенін, бірақ сенім мен қолдаудың жетіспеуінен бас тартқанын жазды. Бір қатысушы: «Кей күндері ештеңе істегім келмейді. Қатты шаршаймын, бірақ нақты не үшін екенін өзім де білмеймін...» деп бөлісті студент Айдана Сүйіндікова. Тағы бір аудан жасы: «Қоғам менің кім болуым керек екенін айтады, ал мен кім екенімді әлі түсінбей келемін. Осы ойдан қатты шаршаймын...» деді күрсіне оқушы қыз. Арасында психологиялық көмекке жүгінгендер де бар, бірақ олардың көбісі: «Көмек алған соң жеңілдегендей болдым. Бірақ мұндай қызмет бәріне қолжетімді болса екен» деп пікір білдірді. Бұл жауаптардан жастар арасында эмоционалдық күйзеліс кең тарағанын, әрі олардың бұл мәселені жалғыз өткеріп жүргенін көруге болады. Ең маңыздысы – олар үнсіз, бірақ көмекке зәру.
Жауап таба аламыз ба?
Әлбетте, жауап табуға болады. Ол үшін әрбір азамат, отбасы, қоғам және мемлекет бірлесіп жұмыс істеу қажет. Жастар арасындағы депрессия – бұл тек жеке адамның мәселесі емес, ол қоғамның өзекті сауалдарына айналған күрделі проблема. Әрбір жас адамның психологиялық жағдайы – болашақтың бейнесі. Егер бүгін біз оларды дұрыс түсініп, көмек көрсетпесек, ертеңгі күннің салдары ауыр болары сөзсіз. Депрессиямен күресу үшін тек медициналық емес, әлеуметтік және мәдени тұрғыдан да жан-жақты шешімдер қабылдау қажет. Ал қоғам ретінде жастарға қолдау көрсету, оларды үнемі бақылап, түсіністікпен қарау – біздің ортақ міндетіміз. Себебі әрбір жастардың бастан кешкен күйзелісі мен ішкі дағдарысы, егер уақытында байқалып, қолдау көрсетілсе, болашақта олардың әлеуетін толық іске асыруына жол ашады. Депрессиямен күрес – бұл тек терапевттер мен психологтардың емес, әрбір азаматтың, әрбір қоғам мүшесінің жауапкершілігі. Әрбір жас адамның тағдыры маңызды. Егер біз бір сәтке болсын оларға көмектесуге, қолдау көрсетуге дайын болсақ, онда қоғам ретінде күш-жігеріміздің тек өзімізге ғана емес, болашақ ұрпаққа да пайдалы болатынын ұмытпауымыз керек. Жастарға бүгінгі таңда депрессиямен күресу үшін емес, оның алдын алу үшін жағдай жасауымыз қажет. Сау, бақытты жастар – табысты қоғамның кепілі.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ