Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » ЖЕЛІЛЕР ЖЕТЕГІНДЕГІ ЖАС БУЫН

ЖЕЛІЛЕР ЖЕТЕГІНДЕГІ ЖАС БУЫН

Технологиялар мен интернет байланысының қарқынды дамуы нәтижесінде әлеуметтік желілер адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Смартфонға сымсыз байланып, желінің жетегінде кеткен жас буынның әке-шешесі де көп жағдайда бақылай алмай жатады. Ресми деректі сөйлетсек, елімізде ата-аналардың 62 пайызы балаларының ғаламтордан не көріп, оған не жариялап жатқанынан бейхабар.

ШЕКТЕУ НЕМЕСЕ ЕРКІНДІК
Әлемде әлеуметтік желілердің жастарға теріс әсерін зерттеген мамандар бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін айтады. Жасөспірімдер мен балалар арасында депрессия, күйзеліс, тәуелділік, шынайы өмірден ажырау, әлеуметтік дағдылардың төмендеуі сияқты мәселелер жиі байқалуда. Әлеуметтік желілердің үздіксіз контентімен байланысты қиындықтар жасөспірімдерді ұйықтамауға, өзіне сенімсіз болуға және шынайы өмірмен байланысын жоғалтуға әкеп соғуда. Осылайша, қазіргі жас буынның психоэмоционалды денсаулығына деген қауіп бар. Таяуда ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Жарқынбек Амантай құзырлы министрліктерге арнайы сауал жолдады. – Бұл – төрткүл дүниеге дабыл қақтырып отырған мәселе. Әлемдік деңгейде белгілі психологтар әлеуметтік желі жастар арасында депрессияны күшейтіп, назар аудару қабілетін төмендетіп, тәуелділік тудырып, адамдармен шынайы қарым-қатынасты әлсірететінін дәлелдеген. Әлеуметтік желінің рухани-мәдени зиян-залалын қазірдің өзінде сезініп отырмыз. Халықаралық Kaspersky Lab компаниясы өткен жылы жүргізген сауалнамаға назар аударсақ, санаға салмақ түсіріп, көңiлге мұң әкеледi. Ондағы деректерге сәйкес, Қазақстандағы балалардың 88 пайызында жеке смартфон бар. Ал оның 28 пайызы бар бос уақытын гаджетте өткізетіні белгілі болды. Жасөспірімдердің 74 пайызы TikTok-ты, 59 пайызы – YouTube-ты, 57 пайызы Instagram-ды белсенді пайдаланады. Әрбір бесінші ата-ана өз баласының әлеуметтік желілердегі парақшасында қандай ақпарат жарияланғанын білмейді. Ата-аналардың 62 пайызы балаларының экран алдындағы уақытын бақылау үшін ешқандай арнайы бағдарлама мен шектеу қолданбайды, – дейді Мәжіліс депутаты. Әлеуметтік желіге деген тәуелділіктің зардабы ауыр. Әлем елдері оны психологиялық аурудың бір түрі ретінде дабыл қағып, салдарымен күресуді бастап та кетті. Мәселен, қазір Оңтүстік Корея мен Канада ондаған сауықтыру орталығын ашып, заманауи гаджеттерге тәуелділерді күштеп сауықтыруға кірісіпті. Мәжіліс депутаты желіге желіккендер психологиялық, физикалық, әлеуметтік қиындыққа тап келіп жатқанын тілге тиек етті. Ғаламторға тәуелді жасөспірімдер арасында психологиялық ауытқуларға тап болу көрсеткіші 2,5 есе жоғары болса, депрессияға шалдығу ықтималдығы 3 есеге көп.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТӘЖІРИБЕ
Бұл мәселе тек Қазақстанды ғана емес, күллі әлемді алаңдатуда. Әлеуметтік желілерді шектеу туралы шешімдер көптеген елде қабылданып жатыр. Олардың қатарына Қытай, Оңтүстік Корея, Франция, АҚШ, Австралия және тағы басқа дамыған елдерді жатқызуға болады. Мысалы, Қытайда балаларға кешкі 22:00-ден таңғы 6:00-ге дейін смартфон қолдануға тыйым салатын заң жобасы ұсынылды. Оңтүстік Корея мен Канада заманауи гаджеттерге тәуелділіктен зардап шеккендер үшін арнайы сауықтыру орталықтарын ашып, бұл мәселені жүйелі түрде шешуге тырысуда. Францияда да мектеп жасындағы балалардың телефон қолдануын реттейтін заңдар бар. Бұл шектеулердің мақсаты – балаларды психологиялық және әлеуметтік тұрғыда дұрыс қалыптастыру және олардың дұрыс даму жағдайларын қамтамасыз ету. Қазақстан да бұл мәселеге бей - жай қарамайды. ҚР Парламенті депутаттары мен тиісті министрліктер әлеуметтік желілердің жасөспірімдерге тигізетін зиянын зерттеу және оған қарсы шаралар қабылдау бойынша нақты ұсыныстар жасауды ұсынып отыр. Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру үшін ведомствоаралық топтар құрылып, жасөспірімдерге арналған шектеулер мен қадағалау жүйелерін әзірлеу қажет.

ПІКІРЛЕР АЛАҢЫ
Бұл мәселеге қатысты көпбалалы ана Анаргүл Рахымқызының пікірі де ерекше назар аударады. Ол өз балаларының смартфондарын толық бақылап отыру мүмкін емес екенін айтады. – Балаларымның алды студент. Төрт балам мектепте білім алады. Қазір ұялы телефон қажеттілік болғаннан кейін бәрінде бір-бір смартфон бар. Мектеп жасындағы ұл-қыздарымның ғаламторда не көріп, не оқитынын бақылай аламын. Тәртіп бұзса, телефонды бір аптаға алып қойып, жазалайтыным да бар. Ал студент балаларымды толық қадағалаймын деп айта алмаймын. Өйткені қазіргі жастар біз білмейтін ғаламтордың мүмкіндігін жақсы пайдалана алады. Оларды әлеуметтік желіден шектеу мүмкін емес. Бірақ дұрыс жүріңдер, жамандық атаулыдан аулақ болыңдар деп ақылымды жиі айтамын, – дейді көпбалалы ана. Ал 4-курс студенті Жансая Ысқақ жастардың бәрін әлеуметтік желіден шектеу дұрыс емес деп ашық ойын білдірді. – Қазір студенттерді смартфонсыз елестету мүмкін емес. Өйткені сабаққа қажет қосымша білімді ғаламтордан аламыз. Өзім әлеуметтік желінің көмегімен ағылшын тілін де меңгерудемін. Арнайы қосымша жүктеп алғанмын. Бұдан бөлек, такси қызметі, банк картасы, цифрлық құжаттардың бәрі – телефонда ғой. Әр адам өзіне қажет дүниені әлеуметтік желіден алады. Елімізде болып жатқан оқиғалардың бәрін интернеттен білеміз. Бұл мәселеге біржақты көзқараспен қарамай, оның пайдасын да ескерген жөн, – дейді студент. Әлеуметтік желілердің жастарға әсері айқын және оның зияны да аз емес. Бұл тек баланың психологиялық жағдайына ғана емес, оның әлеуметтік, физикалық жайына әрі білім алуына да ықпал етеді. Сондықтан жастарды әлеуметтік желілерден шектеу мәселесі өте өзекті. Бала тәрбиесінде басты нәрсе – бақылау мен еркіндіктің арасындағы дұрыс теңгерімді табу. Мемлекет тарапынан әлеуметтік желілердің пайдалану уақытын шектеу, оның қауіптерінен қорғау және ата-аналарға көмек көрсету үшін қажет жүйелерді құру – бұл келешек ұрпақтың денсаулығы мен тәрбиесі үшін маңызды қадам. Әлеуметтік желілердің тек теріс ықпалына ғана емес, оның тиімді жақтарына да көңіл бөлу керек.

С.МАДИЯРОВА
06 сәуір 2025 ж. 37 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№24 (9291)

07 сәуір 2025 ж.

№23 (9290)

01 сәуір 2025 ж.

№22 (9289)

31 наурыз 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930