Өскен өңір Osken-onir.kz ақпараттық агенттігі
» » «БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ»: КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ

«БІР АУЫЛ – БІР ӨНІМ»: КҮНГЕЙ МЕН КӨЛЕҢКЕ

Дәл қазір еліміздегі өзекті мәселенің бірі – жұмыссыздық. Ресми дерек бойынша бұл көрсеткіш Қазақстан бойынша 2025 жылдың 1 тоқсанында 4,6 пайыз деп көрсетіледі. Бірақ мұны шынайы көрсеткіш дей алмаймыз. Себебі өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға жұмыссыздық мәртебесі берілмейді. Олардың арасында нарыққа бейімделіп өз жұмысын жолға қойған шаруашылықтар бар, бірақ олар ауылдағы жұмыссыздықты жоя алмай келеді. Себебі ондай субъектілер саны тым аз. Ауылдағы жұмыссыздық мәселесін қалай шешуге болады? Біз осы сұраққа жауап іздеп көрдік.


Қазақстанда осыдан бірнеше жыл бұрын «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бастау алды. «Бір ауыл – бір өнім» 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жобаға сәйкес әзірленген «Мен кәсіпкер» құралы аясында іске асырылуда. Жобаның мақсаты – сертификаттаудан өткен әрі сұранысқа ие бірегей сапалы өңірлік өнімді жасауға ауыл тұрғындарын тарту. Бұл жоба алғаш Жапонияда ойлап табылған. Өңірлерді дамыту мақсатында әзірленген жоба жапон халқының әл-ауқатын арттыруға елеулі үлес қосты. Жоба аясында белгілі бір аймақтың еркшелігін көрсететін бірегей, сапалы өнім өндіруге болатын саланы табу, зерттеу көзделген. Сонымен қатар, жергілікті ресурстардан сапалы өнім өндіруді, бизнесті басқару, маркетинг пен өнімді өткізу мүмкіндігін кеңейту, жергілікті және халықаралық нарықта өнімді тарату, жергілікті брендтерді шығару және өнім құндылығын арттыру тұрғысынан өндірушілердің дағдыларын дамытуға бағытталды.
Шешім іздеп жүргендер
Біз алдымен осы жобаға қатыса алмай отырған ауылдардың жай-жапсарын бағдарлайық. Бір ескерту: материалда Қызылорда өңіріндегі ауылдардағы жұмыссыздық мәселесін шешуді нысан етіп алдық. Телікөл ауылдық округі 2000 жылдардың басында экономикасы тұралаған елді мекен деп танылды. Кезінде «Телікөл» қаракөл қой совхозымен даңқы дүрілдеп тұрған шаруашылық еді. Себебі 1991 жылдан бастап Қазақстан бойынша суармалы жерлер 1,7 есе қысқарып кеткен. Телікөл ауылы азаматтарының дені вахталық әдіспен не болмаса көрші ауылдағы егінге күнделікті жұмысқа барып тиын-тебенін ажыратады. «Бір ауыл – бір өнім» жобасы туралы ауыл әкімі Әлібек Сәрсенбаевтан сұрадық. Ол бұл жобаға толыққанды қатысып, өндіріс ашу мәселесінің түпкілікті шешімін әзірге көрмей тұрғанын айтты. Ауыл шетінен бір азаматқа баубақша салу үшін жер берілген, бірақ оны жүзеге асыру болашақ еншісінде екен. Дәл осындай жағдай Жөлек ауылдық округінде де қалыптасқан. Бірақ бұл жердің Телікөлден өзгешелігі су ресурсы, құнарлы жері жеткілікті. Ауыл әкімі Мейірбек Жолдасбеков: – Жобаны іске асыру үшін кәсіпкерлер тарапынан ынта мен ықылас болса – болғаны. Бірақ дәл қазір суырылып шығып тұрған адам табылмай отыр. Марат Мұратұлы деген жас кәсіпкер ғана балық шаруашылығын дамыту үшін Алматы қаласына барып арнайы курстан өтіп келіпті. Енді кепілдік мүліктерін заңдастырып «Ауыл аманаты» бағдарламасына қатысуға талпынып жатыр, – деді. Қаратау бөктерінде орналасқан Еңбекші ауылдық округінде де бұл жоба бойынша әзірге нақты іске асқан ештеңе жоқ. Дегенмен, бұл жерде жылыжай, асхана, кірпіш цехы, автокөлікке техникалық қызмет көрсету сияқты шағын бизнес нысандарында жиырмадан аса ауыл азаматы жұмысқа тартылыпты. Ауыл әкім Елдос Жүсіпов елді мекеннің бренді ретінде тау бөктеріндегі Баласауысқандық деген көрікті жерде кәсіпкерлер демалыс аймағын ұйымдастырса деген арманы бар. Ол үшін жер, инфрақұрылым мәселесі шешімін тапқан, әттеген-айы – ауылдан тәуекел етіп, іс бастап кетер кәсіпкер шықпай тұр. Шиелі ауданының географиялық жағынан орналасуы, шаруға қолайлығы жағы қиындау ауылдың бірі – Алмалы ауылдық округі. Бұл жерде кезінде 600 гектар жүзімдік, 800 гектарға дейін алма бағы, оның өнімдерін өңдейтін зауыт болды десе, сенесіз бе? Алкогольге қарсы кампания басталғанда бұл бақтар түп тамырымен қопарылып, жойылды. Зауыт әуелі жекешелендірілді, сосын ғимаратын бұзып әкетті, салдарынан 300-ге тарта адам жұмыссыз қалды. Мұндағы ауыл жастары да такси қызметі, вахталық жұмыс істейді, есік алдына азын-шоғын бақша егіп, малмен айналысады. Дегенмен бұл ауылда жақсы екі шешім бар: біріншісі – Нұржан Кенжебеков есімді кәсіпкер «Шах» брендімен кір сабын өндірісін жолға қойған. Екіншісі – ауыл маңынан 50 гектар жер бөлініп, тұрғындар бау-бақшамен айналысуға мүмкіндік алған. Ендігі кезекті осы ауылда жүзім шаруашылығын дамытып, «Бір ауыл – бір өнім» жобасына қатысуға әрекет жасалуы керек.
Қиыннан қиыстырып жол тапқандар
Ауданда қиыннан қиыстырып жол тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл кәсіпкерлері бар. Мысалы, Бәйтерек ауылдық округінде қызанақ өсіру және оны өңдеуді жолға қойған «Барлыбай» өндірістік кооперативі бар. Басшысы Қанат Мұсаев кәсібін аз көлемде қызанақ егуден бастап, одан кейін оның көлемін ұлғайтып өңдеу цехын ашты. Бұл жерде қызанақтан бөлек қауын-қарбыз да өңделеді. Соның арқасында тұрақты және мерзімді жұмыспен 30-дан аса ауыл тұрғыны қамтылып отыр. Қ.Мұсаевтың айтуынша, табысқа жетудің бір кілті – жеке кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтардың өндірістік кооперативке бірігуі. Мұнда жағдайда 30 миллион теңгеге дейін жеңілдетілген несие алуға мүмкіндік бар. «Барлыбай» өндірістік кооперативінде бизнесті жүргізудегі оңтайлы шешімді көрдік. Шыны ыдыстар қымбаттап, өнім бағасына әсер ете бастағанда мәселені шешу үшін кәсіпкер ауыл тұрғындарынан шыны ыдыс жинап, оның орнына дайын өнім беретін шарт жасасқан. Бұл да бағаны қымбаттатпаудың оң шешімі. Дәл осы ауылда «Жаннұр» шағын сүт өңдеу цехы да толыққанды жұмыс істеп тұр. Құрт, ірімшік, қалбырдағы айран, көже суы, басқа да өнімдер аудан, облыс асып, елдің түкпір-түкпіріне жіберіледі. Кәсіп иесі Мұрат Халиев бизнесті өз қаражатымен бастаған. Тағы бір ісі өрге домалаған шаруашылық – «Шиелі құс» өндірістік кооперативі. Шиелі кентіндегі бұл шаруашылықты Сәкен Қалмырзаев пен Гүлзада Құрманбаева жолға қойған. Қазіргі таңда үш цехта 4500 бройлер балапаны бағылып жатыр. 45 күннен кейін оларды сойып, саудаға шығарады. Бір жарым ай ішінде құс салмағы 3 келіге дейін артады. Диеталық асқа таптырмас құс еті облыс орталығындағы сауда орындарында сатылып жатыр. Өндірістік кооперативте 5 адам жұмыс істейді, ал құс сою және тазалау кезінде тағы уақытша жұмысқа адам алады. Нартай ауылында болғанымызда «Бір ауыл – бір өнім» жобасына сұранып тұрған «Сүйіндік» шаруа қожалығының жұмысымен таныстық. 2012 жылы кәсіп иесі Сүйіндік Аманжолов Ауыл шаруашылығы министрлігінің «ҚазАгроИнновация» АҚ «Қазақ балық шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС «Балқаш» АӨК саласындағы білім тарату орталығында отбасымен бірге балық аулаумен кәсіби түрде айналысу үшін, бірнеше мәрте даярлық курсын оқиды. Сонымен қатар «Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында «Даму» кәсіпкерлікті қолдау орталығынан 3 миллион теңге қайтарымсыз несие алып, инкубация аппараты, вейс, тірі балық тасымалдайтын автокөлік, контейнер алып, жұмысын одан әрі жандандырды. – Отбасы мүшелері 2007 жылы ақпарат көзінен резервке көл беріледі деген жаңалықты естіп, тәуекелге бел байлап, конкурсқа қатысады. Нартай ауылына жақын орналасқан көлемі 15 гектар «Қарақұм» мен жер аумағы 70 гектар болатын «Домалақ» көлі осы отбасыға бұйырады. Жеңімпаз атанған жылдан бері «Домалақ» көлінің бір бөлігін демалыс орнына айналдырып, халық пайдасына жаратып отыр. Ал 2014 жылы Жаңақорған ауданы, Төменарық елді мекенінде орналасқан аумағы 70 гектар болатын «Қалғандария – 3» көлін игеру туралы байқауда жеңімпаз болып, кәсібінің көкжиегін кеңейткен. Өкінішке қарай осыдан бір жыл бұрын отағасы Сүйіндік Аманжолов дүниеден өтті, дегенмен үш ұлы әке жолын жалғастырып, шаруаны шайқалтпай ұстап отыр. Бүгіндері кәсіпті кеңейту мақсатында ағайындылар бір кооперативке бірікпек. Бұл әрекет ауылда жаңа жұмыс көзін ашуға мүмкіндік береді дейді олар.

Көршімізде үлгі алатын үрдіс көп

Өзбекстандағы Бұхар облысына қарасты Оромгох ауылының «Пулоти» махалласында бұрын пайдаланылмаған және тозығы жеткен 3 гектар жер игеріліп, нәтижесінде «Томорқа хизмат экспорт» ауылшаруашылық өндірістік кооперативі пайда болды. Кооператив меншігіне 1,63 сотық жер беріліп, халықты жұмыспен қамту орталығы екі жергілікті махаллада тұратын аз қамтылған 50 отбасыға 1,1 гектар қара топырақты жер бөлді, ал жұмыссыздар мен жастардың әрқайсына 2 сотық жерден берілді. Осы жерде өнім өсіру және табыс табу құқығын беретін сертификат табысталып, 100-ден астам адам жұмыспен қамтылды. Қазіргі уақытта мұнда «Бедрана» сұрыпты болгар бұрышы, «Шакира» сұрыпты ащы бұрыш және «Қара акула» сұрыпты баклажан өсіріледі. Дайын өнім Тәжікстан мен Қазақстанға экспортталып жатыр. «Дарвеши» махалласында тұратын Садриддин Сайфиев үй ауласының 4 соттығында жылыжай ұйымдастырған. Мандарин, апельсин мен лимон, шпинат, қызанақ, қияр және болгар бұрышын өсіреді. – Жылыжайда жиырма жыл жұмыс істеймін, – дейді үй иесі С.Сайфиев, – Алғашқы жылдары қызанақ ектім. Тәжірибе жинақтаған сайын басқа да өнім өсіруге кірістім. Кейін тропикалық өсімдіктердің көшетін отырғызып, өнім жинай бастадым. Қазіргі уақытта өнімді ішкі нарыққа сатамын. Осы тәжірибені туған ауылымдағы он отбасыға үйретіп, оларға жұмыс табуға көмектестім. Ең бастысы, бүкіл отбасымыз пайдалы іспен айналысады. Ауылда осындай жылыжайлар 40 үй шаруашылығында құрылған. Өзінің табанды еңбегімен бұл адамдар нарықты көкөніспен, жемістермен қамтамасыз етуге үлес қосып жүр. Түркістан облысы Сауран ауданы Бірлік ауылындағы «Әлхан ата» өндірістік кооперативінің де тіршілігі көңіл қуантады. Бұл жерде мемлекет тарапынан көмек алмай-ақ алма, өрік, шие, бау-бақша өнімдерімен қатар жүгері өңдеу цехы қалыпты жұмыс жасап тұр. Бұған қоса өз қаржысы есебінен жеміс өңдеу цехы мен 500 тонналық қойма салып жатыр. Елуге жуық адам жұмыспен қамтылған. «Бұл жұмысты жолға қою оңай болған жоқ. Дегенмен әрдайым ізденіс үстінде жүрдік. Өзбекстан еліне бірнеше рет барып тәжірибе алмасып қайттық», – дейді кооператив басшысы Зиявдин Жалелов. Бұл жерде де біз шаруашылық жүргізудің бірнеше тиімді тәсілін көрдік: ағын су келмейтін жерге жерасты суын пайдаланып, оны 10 тонналық ыдыстармен, циркуляция арқылы суды тиімді пайдалану, екіншісі – қауын-қарбыз өсірген жерді пайдалануға беріп, түскен табысты жұмысшылармен тең бөлісу. Бұл тәсіл, сөз жоқ, диқандарды еселі еңбек етуге ынталандырады.
Сарапшылар мен ғалымдар не дейді?
Атамекен Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Қызылорда облысындағы директоры Пірмұхамед Сыздықовтың айтуынша, «Бір ауыл – бір өнім» жобасы өңірде әлі де болса толық қанат жая қойған жоқ. Оның түрлі объективті және субъективті себептері бар. Дәл қазір өңірдің әрбір ауылында бір өнім шығарылады деуге әлі ерте. – Шешім ретінде біз ауыл кәсіпкерлерін бизнес тетіктерін оқыту курстарын, өнім түрлерін көрсететін көрмелер ұйымдастыру, табысты жұмыс істеп тұрған өндірістерді көбірек насихаттауды ұсынар едім. Бұл тұрғыда мұны көп қаражат қажет етпейтін ұтымды шешім деуге болады, – дейді ол. «Байқоңыр» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы атқарушы директоры Мәдәлі Әлішерұлының берген дерегіне сәйкес: – Корпорация «Бір ауыл – бір өнім» жобасына тікелей қатысқан жоқ. Дегенмен түрлі бағдарламалар арқылы үйлестіруші ретінде шаруаларға қол ұшын созып жатырмыз. Мысалы, 2024 жылға «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға 2,5 млрд теңге қаржы бөлініп, 375 жоба несиелендірілді. Нәтижесінде 402 жаңа жұмыс орны ашылды. Ұлттық жобаның негізгі мақсаты – ауыл тұрғындaрының әл-aуқaтын жaқсaрту. Сол себепті де жобаны іске асыру кезінде ауыл округтері мен елді мекен тұрғындарын қаржыландыруға басымдық берілді. Осы орайда, жеңілдетілген несие облысымыздың 105 елді мекенінің тұрғындарына берілді, – дейді. Қызылорда қаласындағы Қорқыт Ата мемлекеттік университетінің ғылыми зерттеушіпрофессоры Нұрбол Апбазов аймақта күріш қалдықтарын өңдеу мәселесі өзекті екенін атап өтті. Бұл тұрғыда ғалымдар зертханада күріш қауызы мен сабанынан кәріз суын тазалауға арналған белсендірілген көмір, қағаз өнімдері, минералды тыңайтқыштар шығарады. Белсендірілген көмірді Қызылорда қаласының кәрізін тазартып, оны егінге берілетін ағын су ретінде қайта пайдалануға мүмкіндік беріп отыр. Дегенмен бұл аз мөлшерде шығарылып жатқан өнімдер. Күріш шаруашылығымен айналысатын шаруашылықтар аталған ғылыми жаңалықты өндіріске енгізуге құлықсыз. ҚР Ауыл шаруашылығы ғылымы академиясының академигі, биология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақ ғылыми-зерттеу институтының тамақ өнеркәсібі және қайта өңдеу зертханасының меңгерушісі Мәсімжан Велямов зертханада қауын, қарбыз, қызанақ, жүзім және басқа да жемісжидек өңдеу ісі және мал шаруашылығы бойынша жаңа технологияларды пайдалана отырып ғылыми дәлелденген 15-тен аса ұтымды жоба барын айтты. Оны Қазақстанның өзге өңірлерінде пайдаланып отырған шаруашылықтар да бар екен. «Ғылыми жобаларды өндіріске енгізудің үш жолы бар: біріншісі – коммерциялық шешім. Шаруашылық жобаны өз қаражатын құйып ғалымдармен бірлесе іске асырады. Екіншісі – жергілікті бюджеттен арнайы бағдарлама аясында жүзесе асырады. Үшіншісі – республикалық «Ғылым қоры» арқылы ғылыми ізденістерді қаржыландыру аясында атқарылады. Бір ауыл – бір өнім» жобасын жандандыру үшін кәсіпкерлер жұмыс бастамас бұрын, өңдеу саласы бойынша үздік ғылыми жетістіктермен танысып алғаны ләзім. Бұл тұрғыда Қазақ тамақ өнеркәсібі және қайта өңдеу зертханасының есігі әрқашан ашық», – деді ғалым.

Шешім бізден – жүзеге асыру сізден

Біріншіден, шаруалар ауыл шаруашылығы дақылдарының өңделген өнімдерін өткізетін орын керек. Бұл тұрғыда облыс орталығында дистрибьютер орталықтары ашылуы қажет. Бұл бюджеттен ешқандай қаражат қажет етпейтін коммерциялық шешім, нәтижесінде ауыл тұрғындары бұл жерге дайын өнімдерін өткізуге мүмкіндік алады. Екінші – «Бір ауыл – бір өнім» жобасы бойынша көрмелерді облыс орталығында ғана емес, аудандарда да өткізгені дұрыс. Осы салада кәсіпкерлер бір-бірімен тәжірибе алмасу мақсатында жиі кездесіп тұрғаны ләзім. Ауылдың болашақ кәсіпкерлерін Қырғызстан мен Өзбекстанға жиі апарып, біліктілігін арттыру да артық болмайды. Үшінші шешім – кәсіпкерлерді өндірістік кооперативтерге біріктіру. Бұл ірі сома көлемінде жеңілдетілген несие алып өңдеу цехын ашуға мүмкіндік береді. Төртінші шешім – шаруалар мен ғалымдарды етене араластырып өзара тиімді келісімдерге қол жеткізу.
Мақсұт ИБРАШЕВ,
Бұл материал шешім журналистикасы жанрында
Solutions Journalism Lab II жобасы
аясында дайындалған және автордың жеке көзқарасын білдіреді
Сурет автордікі


09 шілде 2025 ж. 91 0

PDF нұсқалар мұрағаты

№50 (9317)

09 шілде 2025 ж.

№48 (9315)

01 шілде 2025 ж.

№47 (9314)

28 маусым 2025 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Шілде 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031