Еуразия жүрегіне саяхат экспедициясы Сыр өңірінде

Танымдық экспедициясының мақсаты – Орталық Азия елдері мен Ресей арасындағы іскерлік, гуманитарлық және ғылыми байланыстарды нығайту, сондай-ақ халықаралық әріптестікті дамытуға бағытталған.
Осыған орай, Сыр еліне арнайы келген құрметті қонақтар ең алдымен киелі Арал ауданына табан тіреді. Экспедиция мүшелері аудан орталығындағы “Балықшылар аллеясын“ тамашалап, Арал теңізі туралы құнды мәліметтерді тыңдады. Одан кейін XIX ғасырдағы орыс сәулет өнері үлгісінде салынған “Балықшылар музейіне” барды. Бұл музейде «Балықшылар», «Кемелер» залы және ашық аспан астындағы музей көрмесі ұйымдастырылған. Музей қорындағы құнды жәдігерлермен таныс болған құрметті қонақтар ерекше әсер алып, теңіз тарихын қызығушылықпен тыңдады.
Экспедиция жалғасы Шижаға елді мекеніндегі құмды төбелер мен өңірдегі бірегей демалыс аймағы саналатын “Қамбаш” көлінде жалғасты.
Ендігі кезекте экспедиция мүшелері бағдарламаға сәйкес, Байқоңыр қаласы, Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені мен Қызылорда қаласындағы бірнеше мәдени-спорттық нысандарды аралауы жоспарлануда.
Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы
Фото: Қызылорда облысының дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасы