Сіз қай тілді қолданасыз?

Мұның бәрі түптеп келгенде елдің болашағы, діліміз, ұлтымыз, тілімізді нығайту үшін, мемлекетімізді одан әрі орнықтыру үшін жасалып жатқан дүниелер. Сондықтан, осындай ауқымды бастамаларға сіз болып біз болып бірауыздан қолдау білдіруіміз қажет-ақ.
Қоғамдағы күйіп тұрған тағы бір мәселе – мемлекеттік тілдің қолданыс аясы. Жаһандану дәуірінде цифрлық жүйенің сиқырын көріп, көп жұмысты саусақпен смарт жүйені түрту арқылы шешіп жүрміз. Жеңіл әрі тиімді. Десек те сол цифрлы жүйелерді қай тілде пайдаланатынымыз да маңызды екенін естен шығармайық. Жоғарыда атап өткендей Президент сұхбатында «Бұдан да жоғары нәтижеге қол жеткізу үшін ғылым-білім саласындағы инфрақұрылымды жаңғыртуға, мектептер мен басқа да оқу орындарында қазақ тілін үйрету жүйесін жетілдіруге қоса оқытушылардың мәртебесін арттыру мәселесін де шешу қажет. 2023 жылы «Қазақ тілі» қоғамының бастамасымен құрылған арнаулы қорға қолдау көрсету керек. Цифрлық технологияларды қолдануға баса мән берген жөн. Өйткені қазақ тілінің алдағы тағдыры, еліміздің жаһандық бәсекеге қабілеті көбіне осыған байланысты болады», деді.
Президенттің көтеріп отырған мәселесі жөн-ақ, бірақ бар кілтипан – өзімізде. Мемлекет бізге ана тілімізге қатысты барлық қажеттілікті заңнамалық тұрғыдан жасап берді. Ал, оның тетігін жүзеге асыру – қоғам мүшелерінің қолында. Бірақ, мемлекеттік тілдің мерейін қалай асырамыз, тіліміз қалай мемлекеттік қызметтің барлық саласында орыс тілімен тең дәрежеде қолданылады? Бұл үлкен мәселе. Көпшілігіміз «ана тілімізді құрметтейік, тіліміз – болашағымыз» деп айқай салғанымызбен әлі де болса іс жүзінде жүзеге асыра алмай келе жатқандаймыз. Сондықтан, мемлекеттік тілге деген сұранысты өзіміз арттыруымыз керек.
Бұлай деуіміздің себебі де жоқ емес. Ғаламтор – ақпарат алмасудың ең тиімді тәсіліне айналғаны қашан. Желіге кірсеңіз болды қажеттісі де, керек емесі де тізіліп шығады. Қолданушылар саны көп фейсбук пен ватсап желілерінде бастапқыда осы жазбаны «10 адамға жіберсең бақытты боласың, 15 адамға жіберсең жолың ашылады немесе сүйіктіңді табасың» деген хабарламалар үздіксіз таратылатын еді. Кейбір сенгіштер тағдыры сол 3-4 сөйлемді бөлісумен шешіліп қалатындай жанталасып, достарымен бөлісіп әлекке қалатынын қайтерсің.
Қуанарлығы, соңғы уақытта фейсбук, ватсап желілерінен қоғамда болып жатқан пайдалы ақпараттарды да алып жүрміз. Мәселен, соңғы күндері «елімізде банкомат картасын пайдаланушылардың 95 пайызы ресми тілді қолданса, тек 5 пайызы ғана қазақ тіліндегі мәзірді пайдаланады» деген қазақ тілі қоғамының ескертуін оқыдық. Әрине, мұның шындыққа жанасуы әбден мүмкін. Егер солай болатын болса «тілім» деп еміреніп жүргендердің көпшілігі күнделікті тұрмысында мемлекеттік тілге мойын бұрмай ресми тілді қолданатыны ащы да болса ақиқат.
Бұлай жалғаса берсе тілімізді жаңғыртамыз, мемлекеттік тілді қолдаймыз деп ұрандатуымыз бос әурешілік. Бірінші кезекте өзімізден бастап ана тілімізді құрметтеуіміз қажет. Ол үшін мейлі қоғамдық көлікте болсын, дүкенде, емханада, банкте, кез келген орында ана тілін таңдап, өз тілімізде сөйлесек қана мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге үлес қосамыз. Сондықтан, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру өзіміздің ғана қолымызда екенін ұмытпайық. Ал, сіз банк картасын қай тілде пайдаланып жүрсіз?
Гүлнәр Дүйсебай