Құрмет төріндегі дәрігер

ТҰЛҒАНЫҢ БАСТАУЫ
Таң. Сұлутөбе ауылының үстін бозғылт сәуле жайлап келеді. Аспан мен жер арасындағы үнсіз тыныштықты бір ғана дыбыс бұзады – емхананың ауыр есігі сықыр етіп ашылады. Көкшіл сөмке мен ақ халат… Бұл көрініс ауыл үшін таңның нышанындай еді.
Бұл – Үсен дәрігер. Нағыз аты – Хусан Туленбеков. Ауыл халқы оны еркелете «Үсен» деп кеткелі қашан… Ақырын басып, кабинетіне қарай жүріп бара жатқан сәтінің өзі – тыныштықты сенімге, әлсіздікті үмітке айналдырып жіберетін.
Ол кісі үшін дәрігер болу – жай ғана кәсіп емес, тағдыр жолы еді. Сексенінші жылдар. Ауыл медицинасы тығырықта. Кеңестік жүйенің соңғы демі, жаңа заманның алғашқы күрсінісі. Сол бір өлара шақта Үсен аға жалғыз қалып, халқы үшін жұдырықтай жүрегін алға тосқан-ды. Медицинадағы жоқ-жітікті сылтау қылмай, адамдарға қолдан келгенінің бәрін беруге тырысты. Ол – жанын қоярға жер таппай жатқан анаға, ыстығы көтерілген сәбиге, қартайған қарияға ең қажетті адам еді.
ҚЫЗМЕТТІҢ ҚАЙНАҒАН ШАҒЫ
Түске қарай ауыл тіршілігі қыза түседі. Бір жерде босанатын әйел, бір жерде инсульт алған қария, бір жерде пойыз астына түсіп қалған бозбала… Ауыл шетіндегі жедел-жәрдем көлігі бұзылып қалған. Бірақ Үсен дәрігер бір сәт те кідірмейді. Қобдишасын асынып алып, жаяу жолға шығады. Қанша шақырым болса да, ол үшін бастысы – жету.
Ол адамдардың өміріне араша түсуді өзінің күнделікті тіршілігіне айналдырды. Алдымен диагноз қояды, сосын қол ұшын созады, қажет болса көлік те іздейді, ал қажет болса науқастың үйінде түнейді. Міне, нағыз ауыл дәрігері осындай.
ҚҰРМЕТ ПЕН КЕМЕЛДІК КЕЗЕҢІ
Кеш. Қарашаңырақтың алдындағы ағаш көлеңкесінде отырып, Хусан ақсақал немерелерімен әңгіме айтып отыр. Қарапайым, жылы жүзді. Ол ешқашан марапаттың соңына түскен жоқ. Елдің алғысын алған адамға артық атақтың қажеті жоқ еді. Соған қарамастан, облыс әкімінен, министрліктен бірнеше алғыс хат алды. Енді, міне, 80 жасқа таяғанда «Еңбек ардагері» медалі де иесін тапты. Бұл медаль – оның иығына емес, жүрегіне тағылғандай еді.
Жанында – жары Гүлжахан апай. Бірге отасқандарына жарты ғасырдан асса да, шаңырақтарынан шырай кеткен емес. Гүлжахан ана – дәрігердің емес, тұтас бір ұлттың меймандос анасы іспетті. Есігі келген мейманға ашық, дастарқаны дайын. Қонақ болған қаншама дәрігер ол үйдің дәмін татып, мейірін көріп кетті.
ТЫНЫШТЫҚ ПЕН ТАҒЗЫМ УАҚЫТЫ
Түн. Ауыл ұйқыға кеткен. Емхананың терезесінен әлі жарық көрінеді. Бұл жолы онда басқа дәрігер отыр – жас маман. Бірақ ол жұмыс үстелінде тұрған бір фотосуретке көз тастайды. Ақ халатты, жүзі жылы, көзінен шипа ұшқыны шашыраған қарт адамның бейнесі. Бұл – Үсен Туленбеков.
Сол бейне – тек сурет емес. Бұл ауыл медицинасының тарихы. Бұл – адал еңбектің ізі. Бұл – өзгенің өмірін өз өмірінен биік қойған жанның жүрегі.
Хусан Туленбеков – енді ғана дәрігер атанған жастар үшін тірі аңыз, ұлы ұстаз, өмірдің өзі жазып берген өнегелі очерк.
Хусан Туленбековтің ғұмыры – бір күнге тең. Бірақ ол күннің әрбір сәті адам өмірімен астасқан, ар-ұятпен өлшенген, халықпен байланысқан. «Жақсының аты өлмейді» дейді дана халқымыз. Ендеше, Хусан Мақажанұлының елге сіңірген еңбегі – тек төсбелгімен емес, ел жүрегіндегі құрметпен бағалана бермек.
Сұлушаш МАДИЯРОВА