СЫР БОЙЫНА БАРҒАНДА...

Жұмыс уақытына таяғанда көптен күткен көлігіміз де келді. Жайғасып алып, ішімізден «сәтті сапар болғай» деген дұға-тілегімізді айттық та бағытымызға бет алдық. Бүгінгі сапарымыздың тағылымға толы, рухани байытатынын сол сәтте-ақ ұғындық. Айта кетейік, тағылымды шара аудандық қоғамдық даму бөлімінің тапсырысы аясында «Қазалы-Жомарт» қоғамдық бірлестігі, «Қоғамдық келісім» Шиелі ауданы бойынша этносаралық қатынастар сарапшысының ұйымдастыруымен өтті.
Аз-кем уақыттан соң Қызылорда қаласына келіп, бірінші бағыт «Анаға тағзым» орталығына бардық. Орталық – аймақ басшысының ерекше жобасы. Сыр елінің арулары мен барша ақжаулықты аналары бас қосатын құтты мекен. Мақсаты – ұлттық құндылықтарды ұрпаққа мирас етіп қалдыру, дәстүрлі мәдениетті жаңғырту. Орталыққа алғаш рет келген этнос өкілдері танданысын жасыра алмады. Қызметкерлерге жылы лебізін білдіріп, естелікке суретке түсті. Орталық жұмысы Ұлы Даланың Ұлы аналарының киелі жолын дәріптей отырып, жас ұрпаққа рухани-адамгершілік тәрбие беруге, отбасылық құндылықтарды нығайтуға, бүгінгі қазақ әйелінің рухани келбетін қалыптастыруға және креативті индустрияны дамытуға бағытталады. Сонымен қатар мұнда 50 орындық конференция залы және 100 адамға лайықталған мәдени-концерттік зал коворкинг орталығы бар.
Әрмен қарай саяхатшылар «Теннис орталығына» қарай бет бұрды. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер қарастырылған. Тазалық пен тәртіптің ұйытқысы болған орын өзге ұлт өкілдеріне ерекше шабыт сыйлады. Сондай-ақ олар теннис ойынының қызықты қырларын үйреніп, белсенді өмір сүрудің пайдасын сезінді.
Осындай тамаша көңіл-күймен олар Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейіне бағыт алды. Расында, ел тарихын, мәдениет білу – әрбір азаматтың міндеті. Ал өткенді білмей болашаққа көз жүгірту мүмкін емес. Музей – өткеннің ізін жаңғыртып, тарихтан сыр шертетін негізгі құрал. Ел егемендігі жолындағы аға-әпкелердің ерлігі мәңгі жадымызда жаңғырып тұруы қажет. Міне, осындай тарихи оқиғаларды санамызға сіңіруде мұражайлардың орны ерекше. Осыларды ескере келе, этнос өкілдері тарихи орынға саяхат жасауды жөн көрді.
– Музейдегі тарихтан сыр шертетін тамыры терең түрлі құнды заттар мен өткенді айна қатесіз бейнеленген көріністерден көп ой түйдік. Ішкі жан дүниеміз бен руханиятымыздың дамуына үлкен септігін тигізді. Бабалардың батырлығына, елді қорғаудағы ерліктеріне тәнті болдық, – дейді шешен ұлтының өкілі Хамзат Чолондуров.
Музейдегі қазақ халқының зергерлік, этнографиялық бұйымдарын, екінші дүниежүзілік соғыста қолданылған қару-жарақ түрлері мен Қазақстанның тәуелсіздік жылдарына арналған жәдігерлерін көру арқылы олар рухани дамып, таным-түсініктері молайып шыққаны анық. Іші кең, жарық. Тіпті, залдардың тақырыптық құрылымы, жабдықтары мен безендірілуі де жасанды интеллект элементтерін қолдана отырып, 3D модельде жасалған. Келушілерге қызықты тақырыптар бойынша өз бетінше ақпаратты таңдауға және зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті сенсорлық панельдер, тарихи тұлғалардың өмірбаяндары, археологиялық олжалар, этнографиялық мәліметтер, тарихи карталар мен диаграммалар қойылған. Архивтік кадрларды, бейнежазбаларды, анимацияларды және деректі фильмдерді көрсету үшін үлкен залдар мен күндізгі жарықта да қолайлы жарық диодты дисплейлер қолданылады. Келушілерге қызықты тақырыптар бойынша өз бетінше ақпаратты таңдауға және зерттеуге мүмкіндік беретін интерактивті сенсорлық панельдер, тарихи тұлғалардың өмірбаяндары, археологиялық олжалар, этнографиялық мәліметтер қойылған.
Музейдің тағы бір таңғаларлық ерекшелігі – тарихи тұлғалардың, қолөнершілердің, көпестер мен дәстүрлі өмір өкілдерінің бейнелерінің гиперреалистік балауыз бейнелерде болуы. Әсіресе, бұл нысандар көрмені жандандырып қана қоймайды, сонымен қатар дәуірге толықтай ену әсерін тудырады. Бұған дейін облыстық музей ғимараты кезінде қонақ үй ретінде 1953 жылы салынған ғимаратта орналасқан. Айта кетейік, музей қорында 70 мыңға жуық экспонат сақтаулы. Бұл жақ тек құндылықтар сақтайтын көрме ғана емес, ол ұлттық ғылыми-зерттеу мекемесі. Иә, біз журналист ретінде өнегеге толы бекзат болмысы мен пайым парасатын терең ұғындық. Этнос өкілдеріне де барынша ұғындырып, таныстырдық. «Бүгінгі күн – ертеңгі тарих» дегендей, біз де сырға толы музейдің тарихына үңіліп, өзіміздің қолтаңбамызды қалдырып кеттік.
Жалпы облыс орталығындағы «Руханият», «Анаға тағзым» нысандарының кішірейтілген нұсқасы Шиеліде де көрініс тапқаны қуантады.
Көрікті жерлердегі саяхатымыз жүрегімізді шексіз мейірімділікке толтырғандай әсер етті. Жалпы Шиелі ауданында орыс, кәріс, неміс, татар, өзбек, украин, қырғыз, шешен, ұйғыр, беларусь сынды 13 түрлі ұлттан барлығы 3098 адам тату-тәтті өмір сүруде. Этнос өкілдері аудан экономикасының өркендеуі мен әлеуметтік ахуалының жақсаруына атсалысып келеді.
Айнұр МАХСҰТҚЫЗЫ,
сурет автордікі
сурет автордікі