ТАРИХҚА ТАҒЗЫМ

Тарихқа көз жүгіртсек, қайран қазақ басынан қуаныштан гөрі қайғы-қасіретке толы, азапты өмір кешкен арда азаматтар тағдырына көп кезігеміз. Қазақ ұлт болып қалыптасқаннан берi елдiктi ту етiп, келер ұрпақтың қор болмауын көксеп, Отан үшiн сан мәрте отқа түстi. Сонау жаугершілік заманнан бері, 1920-1950 жылдардағы саяси қуғын-сүргiннiң адам айтып жеткiзе алмас қасiретi санамызға өшпестей жара салды. Халықтың тең жартысына жуығын еріксіз жалмаған осынау нәубет жөнінде талай сұмдықтың сыры ашылып, шындықтың айтылғаны да рас. Бүгінгі ұрпақтың борышы – жазықсыз құрбан болған азаматтардың есімін ұмытпау һәм оларды мәңгі есте сақтау. Бұл – қыспаққа ұшырап, қылмыстарда айыпталған, бостандығы мен өмірінен айырылған мыңдаған отандасымыздың рухына тыныштық тілеп, құрмет тұтатын уақыт. 1920 жылдары сол кездегі кеңестік биліктің солақай саясатынан бастау алып, кейіннен қолдан ұйымдастырылған ашаршылыққа ұласқан күрделі кезеңнің зардабын өзіміздің қандастарымыз, қаракөз қазақ та тартты. Деректерге назар салсақ, қазақ халқы әр жылдағы аштықтан 3 млн 200 мың адамнан айырылған. Ашаршылық азабымен қоса, кеңестік саясаттың ашықтан ашық құрбанына айналғандары қаншама. «Халық жауларын» анықтауға құрылған қатаң қағидалар салдарынан қуғын-сүргінге ұшырағандардың өздері ғана емес, жақындары да зардап шекті. Алаштың небір алпауыт арыстары мен олардың отбасы сүргінге айдалды. Атамекенімізде 125 мыңнан астам адам қуғынға ұшырап, олардың 25 мыңға жуығы ату жазасына кесіліпті. Қисапсыз қылмыстық істер мен сансыз себептер. Ең сорақысы, саяси сүрең жылдары тұтқындарды қамау үшін 53 лагерь құрылса, түрмелердің саны 30 мыңнан асып жығылған. Бұл – қазақтың басына үйірілген нағыз қара бұлт еді. Бүгінде үлкен соққыға төтеп берген ақтаңдақтардың, тәуелсіздік жолында құрбан болған тұлғалардың көздеген мақсаты орындалды. Қаһарман қазақ қайғыға кеудесін тосып, қасіретті қыран қанатты қос иығымен көтеріп жеңді. Еліміз қазіргі таңда әр жыл сайын мамырдың соңғы күнінде саяси қуғынсүргін һәм аштық құрбандарын құрметпен еске алады.
ӨТКЕНГЕ ТАҒЗЫМ, ҰРПАҚҚА ҮЛГІ
Халқымыз үшін тағылымы мол тарихи күнге орай Мұстафа Шоқай атындағы орталық алаңда арнайы митинг өтті. Шиеліліктер туған жердің топырағын жастану бұйырмаған саяси қуғын-сүргін құрбандарын үнсіздікпен еске алды. Шараға аудан әкімінің орынбасары Алмат Алдабергенов, зиялы қауым өкілдері, ардагерлер мен аудан тұрғындары қатысып, зұлмат жылдарда жазықсыз жапа шеккен аруақтардың рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды. Иә, осындай жүрегі елім, жерім, халқым деп соққан, бүкіл саналы ғұмырын ұлтының бас бостандығы мен дербестігіне арнаған асыл азаматтарымыздың ұлтжанды, жанкешті еңбектері жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ұлт бостандығы үшін құрбан болған ұлт зиялыларының есімдері ұрпақ жадында мәңгі сақталады. Ел үшін жазықсыз құрбан болған азаматтардың рухына мың тағзым!
М.ИБРАГИМ