САРҒАЙҒАН СУРЕТТІҢ СЫРЫ

Кеңес сол кездегі астанамыз – Алматы (ол кезде Алма-Ата деп аталған) қаласында өткен. Суретті облыс орталығының тұрғыны Манат Рахменованың отбасылық альбомынан алдық, авторы белгісіз, ал түсірілген күні – 1966 жылдың 5 қаңтары. Суреттің артқы жағында «Қазақстан» қонақ үйі көрінеді, шамасы, қызылордалық делегация сол жерде орналасқан болуы керек. Жоғарғы қатарда оң жақта – Шиелі ауданының «Сырдария» совхозында бас агроном болып жұмыс істеген Сағынбай Рахменов бейнеленген. КСРО-да Хрущёв билік еткен жылдары ол ауданда жүгері егу саясатына («кукурузизацияға») ашық түрде қарсы шыққан. Ол аудан басшылығына жоғарыдан келген жоспарды орындау үшін жүгері алқаптарын ұлғайту қате әрі қаражат пен күшті босқа ысырап ету деп түсіндірген. Өйткені бұл кезде жердің агротехникасы мен климаттық ерекшеліктері мүлде ескерілмеген еді. Табанды жас агрономның ісі аудандық партия комитетінің бюросында қаралып, нәтижесінде ол партия қатарынан шығарылып, жұмыстан да босатылды. Өйткені ол партия шешіміне қарсы шыққан еді. Бұл іске сол кездегі Қызылорда облыстық атқару комитетінің төрағасы Шаймерден Бәкіров араласып, үш айдан кейін іс қайта қаралып, агрономның тұжырымы, дұрыс екені дәлелденді. Жоспарды орындау үшін партия нұсқауымен тоңы кетпеген топыраққа дән сепкендердің өнімі сирек шығып, тіптен жойылып кеткен. Ал Рахменов егістіктері өсімдік өсіру кезеңін ескере отырып жүргізгендіктен, мол өнім берген, алқап көлемі аз болғанымен, өнімділік еселенген. Кейін Сағынбай Рахменов табысты еңбек жолын жалғастырып, Қазақ ауыл шаруашылығы институтында және Қызылорда совхоз техникумында агрономия мен топырақтану пәндерінен сабақ берді, «Главриссовхозстрой» өндірістік бірлестігінде және облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында жауапты қызметтер атқарды. Бұл суреттегі екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, дала академигі – Ыбырай Жақаев туралы бәрі біледі, ол кісі арнайы таныстыруды қажет етпейді. Мен кезінде соғыс және еңбек ардагері Нұрмахан Қасымовпен жақсы араластым. Ол – Ыбырай атамыздың сол жағында тұр. Оның бойындағы адалдық пен принципшілдігі ерекше еді. Ол кісі Қармақшы, Тереңөзек, Жалағаш және Шиелі ауданында колхоздар мен МТС төрағасы болып еңбек етті. Жоғарғы қатарда сол жақтан үшінші – Социалистік Еңбек Ері Орынбасар Бәйімбетов. Шиелі аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып ұзақ жыл қызмет еткен азамат. Оның ұлы Ғабитпен біз бала кезде дос болып, Шиелі ауданының футбол құрамасында бірге ойнадық. Облыстық жарыстарда және «Былғары доп» атты бүкілодақтық турнирлерде бірге өнер көрсеттік. Еңбек ардагері Әмірхан Қасымов бұл суреттен Ізбасқан Құлтаевты таныды. Ізбасқан аға алдыңғы қатарда сол жақ шетте отыр. Ол – «Коммунизм» колхозында звено жетекшісі болып қызмет еткен еңбек озаты. Бұл фотосуретті кезінде «Фейсбук» парақшама жариялаған едім. Содан маған осы тарихи рәсім бойынша екі адам хабарласты. Олар – Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінің оқытушысы Жанар Жетесова және Қызылордадағы шағын мұнай өңдеу зауытының басшысы, облыстық мәслихат депутаты Жанкелді Ысқақ. Ж.Жетесова ханым суреттен өзінің атасы Жақсылық Жетесовті таныса, Ысқақ мырза әкесі Ойшы Ысқақовты таныды. Жақсылық Жетесов алпыс жыл бұрынғы суретте оң жақтан екінші болып тұр. Ол кезде жасы 36-да еді және ол Арал ауданының «Құланды» жылқы зауытының жұмысын басқарған. Еңбек жолын қарапайым ветеринар-дәрігер болып бастаған. Өз мамандығы бойынша аудандық ауыл шаруашылығы басқармасында, шалғайдағы ауылда «Приаральский» кеңшарында еңбек етіп, шаруашылықты көптеген көрсеткіш бойынша алдыңғы қатарға шығарды. 1964 жылдан 1991 жылға дейін «Құланды» жылқы зауытының директоры қызметін атқарды. КСРО Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесінде (ВДНХ) өндірістік жетістіктері үшін зауыт екі алтын және бір қола медальмен марапатталды. Жақсылық аға екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталған. Ол 2000 жылы 73 жасында өмірден өтті. О.Ысқақов суретте алдыңғы қатарда сол жақтан екінші болып отыр. Сол кезде Жалағаш аудандық «Қазсельхозтехника» бірлестігінің директоры болып жұмыс істеген. Еңбек жолын Қазақ ауыл шаруашылығы институтын бітірген соң, Қармақшы ауданының Ақжар машинатрактор станциясында инженер-механик болып бастап, кейін Қармақшыдағы МТСке бас инженер болып ауысты. Еңбексүйгіш әрі кәсіби маман ретінде көп ұзамай Жалағаш аудандық «Қазсельхозтехника» бірлестігінің басшысы болып тағайындалды. Одан кейін Жалағаш аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары және аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы қызметтерін бірдей атқарған. Зейнетке шыққанға дейін «Агропромтранс» кәсіпорнының №2 автобазасын басқарды. Ерен еңбегі үшін екі мәрте «Еңбек Қызыл Ту» орденімен және «Құрмет белгісі» орденімен марапатталған. Қызылорда қаласының, Жалағаш және Жаңақорған аудандарының құрметті азаматы. Ол кісі осыдан бірер жыл бұрын 90 жастан асқан шағында дүниеден озды. Көзі тірі кезінде үйінде болып, сұхбат алу бақыты бұйырған еді. Сол кезде Ойшы аға суреттен тағы бірнеше адамды танып, олардың атыжөнін айтуға көмектесті. Өкінішке қарай, жасының ұлғайғаны мен денсаулығына байланысты кейбір адамдарды есіне түсіре алмады. Д е г ен м ен су р е т т ен со л к е з д е г і Қызылорда қалалық атқару комитетінің төрағасы Берденовті, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қозтай Әбуовті, Жалағаш ауданының «Абай» колхозының төрағасы Шамахан Күндізбаевты, Сырдария аудандық ауыл шаруашылығы басқармасының төрағасы Сейілхановты таныды. Ол кісі Жақсылық Жетесовті жақсы білген, оны іскер, жан дүниесі кең адам ретінде сипаттады. Әлбетте, бұл адамдардың барлығы біздің өңірдің дамуына елеулі үлес қосқан тұлғалар. Әрқайсысы ерекше құрметке лайық, оларды жас ұрпақ білуі керек. Жастар тәрбиесінің басты негіздерінің бірі — ұрпақтар сабақтастығы мен ел, туған жер тарихын білу және құрметтеу. Иә, өкінішке қарай, бұл суреттегі кейбір азаматтар арамызда жоқ. Егер осы рәсімнен әкеңізді, атаңызды, ағаңызды немесе ұстазыңызды танысаңыз, редакциямызға хабарласуыңызды немесе мақала авторына қоңырау шалуыңызды сұраймыз.
Айдар БАҚЫТЖАНҰЛЫ,
Сурет Манат Рахменованың отбасылық альбомынан алынды