БОЗКІЛЕМДЕ – РУХ, ЖҮРЕКТЕ – ТАҒЗЫМ

Төл спортымыз қазақ күресі бойынша 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған облыстық ашық турнир елдік пен бірліктің, рух пен тәрбиенің алаңына айналды. Жарысқа Қызылорда облысының барлық ауданынан, тіпті көршілес өңірлерден де жас палуандар келіп қатысты. Салтанатты ашылу рәсімінде аудан әкімі Айтбай Жандарбеков пен ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп сөз алып, турнирдің мән-маңызын ерекше атап өтті. Олар Ыдырыс Байтілесұлының еңбек жолын үлгі ете отырып, жастарды елге, жерге, еңбекке адал болуға үндеді. Бұл – құр сөз емес, нақты әрекетпен жүзеге асып жатқан ұрпақ сабақтастығының көрінісі болды. Турнирде 10 салмақ дәрежесі бойынша белдесулер өтті. Әр белдесу – тек физикалық күш емес, рух пен намыстың, шыдам мен шеберліктің сайысы. Жас палуандар бабалардан мирас болған күрес өнерін лайықты деңгейде көрсетті. Белдесу барысында көзге түскен талай жас жеткіншектің болашағы жарқын екені аңғарылды. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы медальдар мен дипломдар табысталды. Бұл – олардың тынымсыз еңбегінің, тәртіп пен табандылықтың әділ бағасы еді. Сонымен қатар бұл жеңістер жас спортшылардың келешек жолына үлкен мотивация болары анық. Ең маңыздысы – бұл турнир арқылы қазақ күресі дәріптеліп қана қоймай, салауатты өмір салты, тәртіп, ұлттық рух, отансүйгіштік секілді асыл қасиеттер де қатар насихатталды. Жарыс жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушылардың белсенділігі мен көрермендердің қызығушылығы оны шын мәнінде сәтті шараға айналдырды. Жүсіп Ыдырыс Байтілесұлы – бір ғана әулеттің емес, тұтас бір өңірдің мақтанышы. Оның еңбек жолын дәріптеу – жастарға бағыт, ұрпаққа өнеге. Бұл турнир сол асыл мұраттардың тоғысқан тұсы болды.
С.БАХТИЯРҚЫЗЫ