«АЛАТАУ» ТЕАТРЫ ШИЕЛІДЕ

Дәстүрлі өнер кешіне аудан әкімі Айтбай Жандарбеков, «Алатау» дәутүрлі өнер театрының директоры Мақсат Нұралиев, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, әнші, тележүргізуші «Алатау» дәстүрлі өнер театрының даму мәселесі жөніндегі орынбасары Қаракөз Сүлейменова және мәдениет саласының өкілдері мен аудан тұрғындары қатысты. «Алатау» Орталық Азиядағы жалғыз дәстүрлі өнер театры ретінде қазақ классиктерінің шығармаларын сахналап, саф өнерді жоғары белеске көтеріп келеді. Қазақ жерінде қалыптасқан әншілік, күйшілік, жыршылық мектептерді әрі қарай дамытып, насихаттаумен де жүйелі түрде айналысады. Театр ұжымы ауқымды шараларымен, жаңа премьераларымен халықаралық шараларға қатысып, еліміздегі және халықаралық мәдени байланыстарға, ұлттық өнер саласына елеулі үлес қосып келеді. «Әгугәй мен Игигәй» музыкалық ертегісін тамашалаған шиелілік балдырғандар ерекше әсерге бөленді. Түрлі рөлдерді сомдаған ертегі кейіпкерлері балалардың жүрегінен жол тауып, соңында естелік суреттерге түсіп тарқасты. «Алтыбақан» кеші – қазақтың дәстүрлі ән мен күйін, биі мен жырын, ұлттық ойындарын бір арнаға тоғыстырған, ұлтымыздың рухани байлығын дәріптейтін маңызды шара. Ұлттық өнеріміздің жауһарларын жаңғыртқан бұл кеш аудан жұртшылығына ерекше әсер беріп, көрермендер театр ұжымының өнеріне қошемет көрсетті. Айта кетейік, өнер сапарында 80-нен астам артист бар. Театр құрамында Сыр елінің тумасы, Шиелінің мақтанышы Лаура Құдайбергенқызы бар. Оның сахнадағы шеберлігі мен өнерге деген адалдығы туған жерінің абыройын асқақтатып келеді. Кеш соңында аудан әкімі Айтбай Насриддинұлы «Алатау» дәстүрлі өнер театрының ұжымына алғыс білдіріп, ұлттық өнерді насихаттаудағы еңбектері үшін арнайы марапат табыстады.
«Өскен өңір» ақпарат